Демеуші таппаған кей футбол клубы тарап кетті

Қазақстан чемпионатының ойыны. Сурет Қазақстан футбол федерациясының сайтынан алынды.

Қазақстанда бірнеше футбол клубы қаржы тапшылығы кесірінен жабылып қалды. Сарапшылар клубтардың тағдыры әкімдікке тәуелді екенін айтады.

Жас футболшы Алмат осыған дейін Қазақстанның бірінші лигасындағы «Іле Сәулет» клубында ойнап жүрген. Бірақ ол клуб 2013 жылы қаржы таппай банкротқа ұшыраған соң Алмат та футбол ойнауды қойған.

– Мен ойнаған клуб ақша болмай, бірінші лигадан шығып қалды. Команда тарап кетті. Мен басқа командадан орын таба алмадым. Қазір футбол ойнамаймын. Университетте оқып жүрмін, – дейді ол.

«ӘКІМДІК БӨЛГЕН АҚША НӘТИЖЕГЕ ӘСЕР ЕТЕДІ»

Қазақстандағы футбол командаларының тағдыры облыстық әкімдіктерге тәуелді екенін елдегі футбол клубтарының бірінде қызмет ететін, аты-жөнін жасыруды өтінген маман да растады.

– Қазақстандағы барлық командалар бюджеттен, әкімдіктен қаржыландырылады. Демеушілерінің өздері – мемлекеттік компаниялар. Біздің клубтың да акциясы әкімдікке тиесілі. Нәтиже де әкімдік бөлген қаржыға байланысты болады, – дейді ол.

Сұқбаттасымыз әкімдік ақшаны көп бөлген кезде шетелде оқу-жаттығу жиынын жиі өткізіп, мықты ойыншылар сатып алатындарын айтады.

– Қазақстанда «Қайрат», «Ақтөбе», «Шахтер», «Астана» клубтарына жақсы ақша бөлінеді. Олардың нәтижесі де жоғары - Қазақстан чемпионатында топ бастап тұр. «Тараз» бен семейлік «Спартакта» ақша аз – олардың нәтижесі де төмен. Ал Қазақстан футбол федерациясы клубтардың қаржылық шаруасына араласпайды, – дейді футбол клубы маманы.

Гений Төлегенов.

Спорт шолушысы Гений Төлегеновтің айтуынша, «әкімдіктер ел тәуелсіздік алған 23 жылда футбол клубтарына қыруар қаржы жұмсаған».

– Бір команданың өзін ұстап тұру үшін өте көп ақша кетеді. Бірақ 23 жылда Қазақстанда бірде-бір клуб Батыс командалары сияқты тәуелсіз бола алған жоқ, – дейді ол.

Қаржы жоқтықтан Алматы облысы әкімдігіне қарайтын «Іле Сәулет» (Іле ауданы) қана емес «Ақбұлақ» (Талғар ауданы) футбол клубы да жабылып қалған. Ал Қаскелең қаласының «Сұңқар» командасы Талдықорғанның «Жетісу» клубына қосылған. Осылайша үш клубтың тарауынан 200-ге жуық футболшы бос қалған. 2014 жылы Қарағанды облысы Сарань қаласының «Гефест» футбол клубы да қаржы таппай жабылғанын хабарлаған.

Азаттық тілшісі мұның себебін білмек болып, жоғарыда айтылған клубтарға иелік еткен әкімдіктерге хабарласқанымен жауап ала алмады. Тек Талғар аудандық спорт басқармасы өкілдері ғана «Ақбұлақтың» толық жабылғанын және қайта құрылмайтынын мәлім етті, бірақ себебін айтудан бас тартты.

«АЙЫНА 5 МЫҢ ДОЛЛАР ЖАЛАҚЫ»

Спорт журналисі Рауан Оқасов Қазақстандағы футбол клубтарының тағдыры әкімдіктерге тәуелді болғанына алаңдайды. Оның пікірінше, облыстық әкімдіктің меншігі болып есептелетін футбол клубтарында маркетинг пен менеджмент әлсіз.

– Мәселен, испаниялық «Реал Мадрид» футболкаларындағы жарнамадан жыл сайын 148 миллион еуро пайда табады. Ал біздің клубтарда ондай пайда көздері жоқ. Қазақстанда клубтар ойыншылардың футболкаларын, шарфтарын сатып қыруар пайда тауып жатқан жоқ, – дейді ол.

"Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерлері. Ақтөбе, 26 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Спорт журналисінің сөзінше, Қазақстандағы футбол клубтарының ойындарына адам аз келеді, сондықтан тіпті кей клуб көрермен жинау үшін жұртты ойынға тегін кіргізеді.

– Алматының «Қайрат» клубының бір ойынына 19 мың адам жиналды. Одан 20 миллион теңге түскен. Ал «Реал» және «Арсенал» клубтары былтырғы маусымда билеттің өзінен 160 миллион еуро пайда тапқан, – дейді Рауан Оқасов.

2014 жылдың басында семейлік «Спартак» клубын жаттықтырып, кейін команда нәтижесі төмендігінен отставкаға кеткен жаттықтырушы Алмас Құлшынбаев әкімдік арқылы қаржыландырылатын клубтардың жағдайы әртүрлі екенін айтады.

– Семейлік клубта ойнайтын шабуылшы 5 мың доллар айлық алады. Ал әкімдігі мықты демейтін клубтардың шабуылшылары айына одан әлдеқайда көп алады. Осыдан кейін қай команданың чемпион болатынын болжай беріңіз, – дейді Алмас Құлшынбаев.

Көптеген елдерде ірі футбол клубтары мемлекеттік бюджеттен емес, жеке демеушілер арқылы қаржыландырылады. Мамандардың сөзінше. Қазақстандағы жеке сектор қаржыландыратын жалғыз клуб – алматылық «Қайрат».

Сарапшылар 2002 жылы UEFA-ға (Еуропа футбол қауымдастығы одағына) «алдыңғы қатардағы елулікке ілігеміз» деген жоспармен кірген Қазақстанның ол үміті ақталмауын «ел футболы осы уақыт ішінде басты дүниеге – әр тараптан қаржыландыруға ие болмады» деп түсіндіреді.

Инфографика: Қазақстан футбол командаларының бюджеті