Бапкерлер қалада балаларға арналған футбол алаңдарының саны аз деп отыр. Ал қалалық әкімдік мамандары алдағы уақытта балаларға стадиондар саламыз дейді.
Жаттықтырушы Сәрсенбек Оқасовтың балаларды футболға баулып жүргеніне 20 жылдан асыпты. Бапкер Алматыдағы футболдың халы мүшкіл дейді.
- Қалада футбол алаңдары мүлде жоқ десе болады. Барлық стадиондар жекеменшікке өтіп кеткен. Ал футбол алаңдарының жаңа қожайындары балаларды тегін кіргізбейді. Сағатына 30 мың теңге төлеу керек. Жалпы, біздегі стадиондар мен футбол алаңдарының мұражайдан еш артықшылығы жоқ (дұрыс пайдаланылмайды деген сөзі - ред.), - дейді жаттықтырушы.
ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫ - САҒАТЫНА 50 МЫҢ ТЕҢГЕ
Сәрсенбек Оқасов «қаладағы спорт мектептерінде де стандарттарға сай алаң жоқ» дейді.
- Алматы қаласындағы Тастақ ықшам ауданында №2 балалар спорт мектебі бар. Біраз жыл бұрын осы жерде үлкен футбол сыныбы ашылған. Бірақ балаларға арналған алаң жоқ. Жас футболшылар кеңестік заманнан қалған шағын алаңда жаттығады. Оның өзі 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Басқа спорт мектептерінің барлығы да бүгінде футбол алаңынсыз отыр, - дейді жаттықтырушы.
Қалалық әкімдіктің есебі бойынша, Алматыда 6 стадион тіркеуде тұр. Ең ірісі – Орталық стадион мен «Динамо». Ірілі-ұсақты «Локомотив», «ЦСКА», «Спутник» және Рысқұлов университетінің футбол алаңдары бар. Алайда бұл стадиондарды жалға алу қымбат.
Мария есімді «Динамоның» жалға беру бөліміне жауапты қызметкері «Үлкен алаңды 1 сағатқа жалға алу құны - 50 мың теңге, ал балалар алаңы 30 мың теңге тұрады» дейді.
- Бізде балаларға да, ересектерге де ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Жаз уақытында баға қымбаттайды. Ал жалпы, біздегі баға қымбат емес деп ойлаймын, - дейді стадион қызметкері.
«САПАСЫЗ АЛАҢДАРДА ЖАРАҚАТ КӨП»
Балалар бапкері Бауыржан Сәрсекенов, бүгінгі футбол алаңдары бизнес көзіне айналған деп отыр.
- Алматыда футболға қызығатын балалар көп. Бірақ доп тебетін алаң жоқ. «Локомотив», «Спутник» сынды шағын стадиондар халықаралық стандарттарға сай емес. Көгалы сапасыз. Бала денсаулығыны зиян. Осыған қарамастан жоқтан бар жасап, доп теуіп жүр. Тіпті жаттығудан соң жуынатын арнайы бөлмеде ыстық су жоқ. Медициналық орталықты да таппайсыз. Ал Қазақстан футбол федерациясы бапкерлерден, футболшы балалардан жақсы нәтиже күтеді, - дейді балалар жаттықтырушысы.
Бұған қоса, Бауыржан Сәрсекенов «Орталық стадион», «Динамо» сынды футбол алаңдарына «жолай алмаймыз» дейді.
- Бұл стадиондардың алаңын бір күнге жалға алу құны менің бір айлық еңбекақымнан көп. Бір күн жаттығу өткізу үшін 100 мың теңге төлеу керек. Жалпы, қазір футбол алаңдарының директорлары стадиондарды бизнеске айналдырып алған. Қазір стадиондарда балалар емес, қалталылар, банк қызметкерлері мен әкімдіктегі мемлекеттік қызметкерлер доп тебеді, - дейді ол.
«СТАДИОНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫНА АРАЛАСПАЙМЫЗ»
Алматы қаласы спорт және дене шынықтыру басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Досқараев «футбол стадиондары мен алаңдардың шаруасына араласпайтындарын» айтты.
- Біздегі стадиондар өз шығындарын өздеріп жауып, суға, электр қуатына ақшаны өздері төлейді. Қызметкерлеріне де еңбекақыны жеке қазыналарынан береді. Сондықтан жалға алу бағасы қымбат. Біз оларға жалға алу құнын төмендетіңдер немесе балаларды тегін ойнатыңдар деп айта алмаймыз, - дейді ол.
Басқарма маманы алдағы уақытта Алматыда футбол алаңдары көбейеді деп отыр. Бауыржан Досқараев:
- Қалалық әкімдік спортқа, соның ішінде футболға көп көңіл бөліп отыр. Жақында Алматыда «Қайрат» футбол академиясы ашылды. Қазір бұл жерде жас футболшылар жаттығып жүр. Бірақ академияда орын шектеулі. Барлық балаларды қабылдай алмайды. Алдағы уақытта қаламызда футбол академиялары мен алаңдар көбейіп қалар, - дейді.
Ал балалар бапкері Бауыржан Сәрсекенов «Жағдай жасалмаған жерде нәтиже қайдан болсын» деп қынжылады.
Қазір Алматыда екі футбол командасы бар. «Қайрат» клубы ел чемпионатының премьер-лигасында ойнайды, «Қайрат-Академия» командасы бірінші лигаға қатысады. Екі команданың да қазір жарыстағы жағдайлары мәз емес. «Қайрат» қазір 10-орында келе жатыр. Ал «Қайрат-Академия» 16 команданың ішінде 13-сатыда тұр.