Freedom House ұйымының баспасөз еркіндігі туралы есебінде Қазақстан 168-ші орынды еншіледі

3 мамыр - Әлемдік баспасөз бостандығы күні

Ғаламдық қаржы дағдарысы баспасөз еркіндігіне де кері әсер еткен. Бұл туралы Freedom House ұйымының жаңадан жарық көрген баяндамасында айтылып отыр. “Баспасөз еркіндігінің көрсеткіші - 2009” деп аталған зерттеуде әлемнің 195 еліндегі еркін ақпарат алу деңгейі сөз болады.

"ФРИДОМ ХАУЗДЫҢ" БАҒАЛАУЫНША ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНДЕ "ЕРКІНДІК ЖОҚ"


Freedom House-дың есебінде Орталық және Шығыс Еуропа елдері мен бұрынғы Советтік респбуликаларда баспасөз еркіндігі тарылып кеткендігі айтылады.

Баспасөз еркіндігін бақылап, ақпараттың таралу деңгейін бағалап отыратын Freedom House ұйымының жылына бір рет жариялайтын баяндамасында әлем елдеріндегі баспасөз бостандығы үш топқа бөлінеді.

Зерттеулер қортындысында баспасөзі – “еркін”, “жартылай еркін” және “еркін емес” деген бағалаулар бойынша әрбір елдегі ақпаратты тарату, интернет еркіндігіне қатысты қалыптасқан жағдай баяндалады.

Баяндамада Қазақстан баспасөзіне “еркін емес” деген баға беріліп, 168-ші орынға қойылған.

Freedom House ұйымының зерттеулер директоры, осы есептің ауторларының бірі Кристофер Уокер Азаттық радиосы қазақ редакциясының сұрақтарына жауап бере келе:

“Freedom House құқықтық, саяси және экономикалық саладағы баспасөз еркіндігін бағалайды. Қазақстан баспасөз еркіндігі бойынша көрсеткіште төменгі деңгейде тұр. Қазақстан прлюрализмнің шектелуі салдарынан “еркін емес” ел ретінде бағаланды. Әсіресе, халықаралық хабар таратуда. Сондықтан біз Қазақстанның ақпарат саласының дамуы нашар деп таптық”- деді.

Қазақстандағы баспасөз бостандығының соңғы жылдары тым шектеліп кеткені алаңдаушылық тудырады деген Уокер мұның өзі елдің ЕҚЫҰ-на төрағалық тізгінін алатын қарсаңда орын алып отырғанына баса назар аударады:

“Негізінде біз соңғы бірқатар жылдарда елдегі баспасөз жағдайының төмендеп кеткенін, нашарлаған бағытын байқадық. Бұл алаңдатарлық жағдай. Әсіресе, Қазақстан ЕҚЫҰ-ны төрағалықты алайын деп отырғанда. Біз бұл тұста көбірек дамуларды көреміз деп ойлаған едік. Бірақ соңғы жылдарда біз оны байқай алмадық”.


"ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕ ТӘУЕЛСІЗ БАСЫЛЫМДАР ЖАҒДАЙЫ НАШАРЛАЙ ТҮСКЕН"


Freedom House - дың бұл баяндамасында Қазақстанның ең жақын көршісі- Қырғызстан көшілгері -158-ші орында тұр.

Ал Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және Қытай сияқты елдердегі баспасөз еркіндігі Қазақстаннан да нашар болып шықты.

Freedom House ұйымының есебінде бұрынғы постсоветтік 10 мемлекеттің баспасөзі “еркін емес” елдер қатарына жатқызылған. Оның ішінде ең төменгі деңгейде деп бағаланған Беларусь, Өзбекстан және Түркменстан елдері тұр.

Freedom House - дың есебінде сондай-ақ ақпарат құралдарының еркін хабар таратуына саяси қысым мен экономикалық себептер де әсер еткендігі айтылған.

Бұл зерттеулерде 2008 жылдың барысында әлемнің басым бөлігінде, нақты айтқанда 56 процент болатын жартысынан көп аймағында, сөз бостандығы шектеліп отырғаны жазылған. Оған Орталық және Шығыс Еуропа аймағының, Балтық елдерінен басқа, мемлекеттері мен бұрынғы Совет елдері енгізіліп, олардың бәріне баспасөзі “еркін емес” деген баға берілген.

"Фридом Хауз" баяндамасын дайындағандардың бірі Кристофер Уокердің айтуынша, Орталық Еуропадағы Чехия мен Венгрия, Польша сияқты бұрынғы коммунистік елдер “еркін” деген деңгейге өтсе, Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет елдерінде баспасөз еркіндігі экономикалық дағдарысқа байланысты мүлде шектелген:

“Бұрынғы Советтік аймақтағы қазіргі қалыптасқан бағыт-бағдар ақпарат еркіндігінің жағдайы өте шектеулі екенін көрсетеді. Оның салдары ақпарат құралдарының да ахуалына айтарлықтай әсер етіп отырған ғаламдық экономикалық дағдарыс тұсында тіпті күшейіп кетті. Сол себепті менің пікірімше, бұрынғы Совет елдеріндегі тәуелсіз басылымдардың жағдайы бұрынғыдан бетер нашарлай түскенін айтқан дұрыс.”

Уокердің сөзіне қарағанда, бұл аймақтағы биліктер әрдайым баспасөзді өз ықпалынан шығармай, қысымда ұстауды, айтқанға көнген ақпарат өкілдерін марапаттап, қарсы келгенін жазалап отыруды дәстүрге айналдырды.

"БҰЛ АҚЫЛҒА СИМАЙТЫН, ҚИСЫНСЫЗ АМАЛДЫҢ ТАҒЫ БІРІ"

Осы ретте Азаттық радиосы Кристофер Уокерге жақында Қазақстанда сот шешімімен салынған 200 мың доллар айыппұлды төлей алмай, жұмысын тоқтатқан «Тасжарған» газеті турасында сауал қойған еді. Уокер мұндай мәселенің әдеттегі құбылысқа айналып бара жатқаны жанға батады деді:

“Менің пікірімше, басты мәселе - кедергілер жасау үшін техникалық, құқықтық, саяси және экономикалық шараларды қолдануда болып тұр, оның ішінде сотқа беру әдістері тәуелсіз ақпарат өкілдеріне зиян келтіріп жатыр. Бұндай бағыт-бағдар өте күрделі мәселе”-деген Кристофер Уокер бұл жайттарды алдағы құжаттарында көтеретінін айтты.

Freedom House -дың 2008 жылғы әлемдегі баспасөз еркіндігінің ахуалы туралы баяндамасы жарияланардан екі күн бұрын Қазақстан парламентінің төменгі палатасы -Мәжіліс интернетті БАҚ ретінде танитын заң жобасын бірінші оқылымында мақұлдады. Бұл заңға сәйкес, Қазақстан билігі интернет сайттарында жарияланған ақпараттарды заңға қайшы деп тапса, ол ақпарат тарату көзіне тосқауыл қоя алады.

Заң жобасына наразылықтарын “Еркін интернет үшін” деп аталған қозғалыс белсенділері мәжіліс спикері Орал Мұхамеджановқа компьютердің шынжырланған клавиатурасын жолдау арқылы білдірді.

Ал, “Әділ сөз” қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, егер заң жобасын сенат мақұлдап, президент оған қол қоятын болса, билік елдегі хабар тарататын ақпарат көздерімен қатар шетелдік интернет басылымдарды да сүзгіден өткізіп отыратын болады.

Freedom House ұйымының зерттеулер директоры Кристофер Уокер бұл ретте де алаңдаушылық бар екенін айтты:

“Менің ойымша бұл сөз бостандығы мен Қазақстандағы ақпарат құралдарының еркіндігіне жасалған тағы бір ақылға сыймайтын, қисынсыз жағдай. Соңғы жылдары Қазақстанда вебсайттарға тосқауыл қоюмен қатар әрі осындай заңдардың қабылдануы алаңдаушылық тудыратын мәселе және Freedom House бұл аймақтағы интернет еркіндігіне бағасын беріп келеді. Біздің қазір алаңдап отырғанымыз – жағдай енді ақырындап интернетке қарай ауысты. Бұл да алаңдаушылық тудырып отырған мәселе”.