Футзалдағы жеңіс

Қазақстан құрамасының капитаны Дінмұхаммед Сүлейменовтің (сары формада) допқа таласып жатқан сәті. Қазақстан Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Босния және Герцеговина командасымен өткен қарымта матчта 4:0 есебімен жеңіске жетті. ​Бір апта бұрын Босния және Герцеговинада болған ойында да Қазақстан 5:0 есебімен жеңген еді. 

Алматыдағы матчтың есебін 4-минутта Қазақстан азаматтығын алған бразилиялық Лео ашты. 

Ойынды тамашалауға шамамен 1 мың 500 көрермен келді. Матчқа арнайы келгендердің қатарында Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов пен Алматы әкімі Бауыржан Байбек болды.

Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатына қатысады. Бұған дейін Қазақстан Азия футбол қауымдастығы құрамында болған. 1999 жылы Азия чемпионатында - қола, 2000 жылы күміс жүлде алған. Ол кезде финалда қазақстандықтар Ираннан 4:1 есебімен ұтылған еді.

Футзалдан Қазақстан 2000 жылы Гватемалада өткен әлем чемпионатына қатысқан. Топта алаң иелерінен, Португалиядан және Бразилиядан жеңіліп, жарысты ерте аяқтаған. Ал 2016 жылғы Еуропа чемпионаты ақпанда басталады. Бұл турнирге Еуропаның үздік 12 командасы қатысады.

Қазақстан құрамасының ойыншысы Шыңғыс Есенамановтың матчтағы төртінші голды салған сәті. Есенаманов ұлттық құрамадағы 29-ойынын өткізіп, 11-голын соқты.

Гол өткізіп алған босниялық қақпашы Бахрудин Омербеговичтің реакциясы. Босния және Герцеговина әзірге Еуропа чемпионатына қатысып көрген жоқ. Бұл жолы да Қазақстаннан жеңіліп, мүмкіндіктерін жоғалтып алды. 

2016 жылы ақпанның 2-сі және 13-і аралығында өтетін Еуропа чемпионатына Сербия, ​Италия, Әзербайжан, Венгрия, Испания, Португалия, Ресей, Словения, Украина, Хорватия, Чехия және Қазақстан қатысады. 

 

Матч біткеннен кейінгі Қазақстан ойыншыларының қуанышы. Қазақстан құрамасында үш бразилиялық легионер ойнайды. Олар былтыр Қазақстан азаматтығын алған. 

Ойыншылар мен команда бапкерінің қуанған сәті. Қазақстан құрамасын бірнеше жылдан бері бразилиялық маман Рикардо Собрал (Какау) жаттықтырып келеді. Ол ұлттық құрамадан бөлек алматылық "Қайрат" футзал командасын да жаттықтырады. "Қайрат" екі рет УЕФА кубогын иеленген.

Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтап тұрған жанкүйерлер. 

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2016 жылы Сербияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алды.