Кәрім Мәсімов үкіметінің билікте ұзақ отыруының сыры неде?

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылға жуық тарихында үкімет басшысы жеті рет ауысқан болса, қазіргі премьер-министр Кәрім Мәсімов бұл қызметте ең ұзақ отырған адамға айналды. Азаттық радиосы сарапшыларға Мәсімов үкіметінің ұзағырақ жасауының сыры неде деген сауал қойған еді.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің жетінші премьер-министрі Кәрім Мәсімов бұл қызметке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2007 жылы қаңтардың 10-ы күні тағайындалған.

Парламент депутаттарынан оны үкімет басшысы лауазымына бекітуді сұраған президент Назарбаев өз сөзінде Кәрім Мәсімовке «Қазақстанның барлық даму бағыттары бойынша жүзеге асырылатын істердің жоспарын жасаған, айқын түсінігі бар» деген сипаттама берген еді.

Сол кездегі жаңа үкіметтің алдына Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу жөніндегі президенттің тапсырмасын орындау туралы негізгі міндет қойылды.


ДАҒДАРЫС

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев «Мәсімов үкіметінің плюсы –
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
индустриалды-инновациялық бағдарламаның жасалуы, ал оның жүзеге аспай қалуы бұл үкіметтің үлкен минусы» деген баға береді.

Саясаттанушының пікірінше, Мәсімовтің премьер қызметінде айтарлықтай ұзақ отыруының бірден бір себебі – әлемде, оның ішінде Қазақстандағы экономикалық дағдарыс. 2007 жылы бірқатар сарапшылар да Кәрім Мәсімов үкіметін «Дағдарысқа қарсы үкімет» деп атаған еді.

– Қаржы-экономикалық дағдарыс болмаса Кәрім Мәсімов қызметінен ертерек те кетуі мүмкін еді. Дегенмен, бұл дағдарыс кезеңі ел үкіметінен дағдарысқа қарсы бағдарлама жасап, оны жүзеге асыруды талап етті. Бұған қоса, Мәсімов үкіметінің жасап шығарған индустриалды-инновациялық бағдарламасы да жүзеге асырыла бастады. Сондықтан аталған бағдарламалар нәтижесіне жауапты тек Мәсімовтың өзі болмақ. Ал екіншіден, қандай да бір мықты қолдаусыз премьер-министр қызметінде ұзақ отыру мүмкін емес. Бұл жерде Кәрім Мәсімовтің президент қарамағындағы адамдармен белгілі байланысының бар екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл да оның қызметінде ұзақ отыруына әсер етті. Дегенмен, бұл басты себеп емес, өйткені кімнің қай қызметте қанша уақыт отыруын тек президент қана шеше алады, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.


ЕҢ ҰЗАҚ ОТЫРҒАН ПРЕМЬЕР

1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның алғашқы премьер-министрі болып Сергей Терещенко тағайындалды. Үш жылдан кейін бұл қызметке Әкежан Қажегелдин келді. Тағы үш жылдан кейін
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (сол жақта) және Ресей үкіметінің жетекшісі Владимир Путин. Мәскеу, 3 наурыз 2010 жыл.
Нұрлан Балғымбаев, 1999 жылы Қасымжомарт Тоқаев премьер-министр болып тағайындалды.

Ел тарихында ең қысқы мерзім – 2002-2003 жылдар аралығында премьерлік қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарды. Одан кейін бұл қызметте ең ұзақ отырған Даниял Ахметов еді.

Енді міне, Кәрім Мәсімовтің де бұл қызметте отырғанына төрт жыл болды. Биыл жазда 45 жасқа келетін премьер-министр Бейжіндегі тілдер институтын, Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік экономика университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы.

Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген Мәсімов еңбек жолын, 1991 жылы Қазақстан Еңбек министрлігінде бас экономист болып бастаған. Оншақты жыл өтісімен Көлік және коммуникация министрі, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдай премьер-министрдің орынбасары болып істеді.


ҚАЗАҚСТАНДА ПРЕМЬЕР НЕМЕН АЙНАЛЫСПАУЫ ТИІС?

«Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина премьер Мәсімовтың қызметінен алынбауының басты себебін – оның президенттің айтқанын екі етпей орындайтындығымен байланыстырады.

– Кәрім Мәсімов «барып кел, шауып кел» қызметін атқаратын ең ұқыпты, үндемейтін және ең сабырлы премьер ретінде көрінді. Мен ол туралы ауыз толтырып ешнәрсе айта алмаймын. Оның барлық елең еткізер жобалары президент Назарбаевтан бастау алады. Мәсімов маңызды идеялар мен жобаларды жүзеге асыруды президент тапсырмасымен орындап келеді. Осындай жуастығы мен бас изеушілігі оның бұл қызметте ұзақ отыруының
«Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина. Алматы, 11 қаңтар 2010 жыл.
бірден бір себебі. Меніңше бүгінгі билікке дәл осындай премьер-министрлер ыңғайлы. Қазіргі таңда елде өзіндік бет-бейнесі жоқ шенеуніктер ғана қызметінде ұзақ отыра алады, – дейді Розлана Таукина.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстандағы әр премьердің өзіне жүктелген функциясы бар деген ойын айтады. Оның пікірінше, премьер әдетте тек экономикамен ғана айналысады, ал саясатты тек президент қана жасайды. Әзімбай ғали Қазақстанда премьер-министр қызметін сақтап қалғысы келетін адамның саясаттан аулақ болуы керектігіне дәлел ретінде Әкежан Қажегелдиннің қызметін мысалға келтірді,

Сонымен бірге Әзімбай Ғали үкімет жетекшісі қызметінен Мәсімовтың әлі кетпеуіне дағдарыстың аяқталмауы да себеп болды деп санайды.

Ал сасяаттанушы Досым Сәтпаев болса Қазақстан билігінде жүрген кез-келген шенеунік өзінің президенттен бір саты төмен екендігін біліп жүруді меңгергенін айтады.

– Аспанда екі бірдей күннің болуы мүмкін емес. Кезінде Әкежан Қажегелдин жұрт арасында аса танымал еді. Сол себепті де ол отставкаға кеткен болатын. Президент өз жанындағылардың тым белсенді, тым табысты болғанын қаламайды, – дейді Досым Сәтпаев.

Тағы бір атап өттер жайт, Кәрім Мәсімов алғаш рет үкімет отырысын бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізген үкімет басы ретінде есте қалды. 2009 жылы сәуірдің 14-і күні ол кезекті үкімет отырысын қазақ тілінде жүргізіп, алда барлық жиындар мемлекеттік тілде өтетіндігін ескерткен еді. Бірақ іс жүзінде олай болған жоқ.


Кәрім Мәсімов үкіметіне қатысты саясаткерлер пікірін тыңдаңыз: