Қарағандыда ескі перзентхана жаңартылып, қала тұрғындарына қайта қызмет ете бастады

Қарағандыдағы жаңа перзентхана үйі. Наурыз, 2009 жыл.

Сәттар Ерубаев көшесіндегі бұрынғы перзентхана күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи медициналық құрал- жабдықтармен жабдықталып жарық дүниеге келетін сәбилерді қарсы алып жатыр. Екі-үш күннің ішінде мұнда 10 бүлдіршін өмірге келіп үлгерді.
Дәл орталықтағы Ерубаев көшесінде тұрған бұл перзентхананың тарихы әріден, 1934 жылдан басталатын. Бірақ осы бір еңселі ғимарат бір ғасырға жуық қызмет еткеннен кейін, қайта құру деп жүрген 1996-шы жылдары жабылып қалған еді.

Перзентхана араға 12 жыл салып қайта ашылды. Қала басшылары мен маман –дәрігерлер тағы бір перзетнхананың қажеттілігі бұрнағы жылдардан -ақ байқалғанын айтады.

Өйткені кей кездерде Майқұдық пен Пришахтинскдегі және облыстық перзентханаларда босанатын әйелдерді қабылдау үшін орын болмай қалатын көрінеді.

-Осы себептен Қарағанды қаласындағы Жаңа қала және Оңтүстік шығыс ауданының тұрғындарына қызмет көрсету үшін серіктес қалалардың перзентханаларының көмегіне жүгініп келгенбіз,- дейді облыстық көпсалалы клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Абеуов

Облыстық көпсалалы клиникалық аурухана құрамына кіретін перзентхананың басқалардан артықшылығы - мұнда аяғы ауыр әйелдердің туар алдындағы және туғаннан кейінгі патологиялық түрлі аурулары болса, оны емдеуге осы мекемедегі білікті мамандар жұмылдырылады екен.

-Бұған дейін облыс көлеміндегі перзентханаларда патологиялық аурулары байқалған әйелдерге көмектесу үшін бір топ дәрігерлерді жинап алып, автобуспен аралаған күндеріміз болған. Қазір бұл проблема шешілді десек болады, себебі енді облыс көлеміндегі осындай аурулары бар әйелдерді арнайы осы перзентханаға алдырамыз,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәжит Шайдаров.

Ескі ғимараттың жөндеу жұмыстарына 161 миллион, ал керекті құрал жабдықтарға 83 миллион теңге бөлінді. Мұнда 60 орындық бала туу және 30 орындық патологиялық ауруларды емдейдін бөлімдер жұмыс істейді.
Жаңа перзентханада бірінші босанған ананы аудан әкімі Сергей Касимов құттықтады. Наурыз, 2009 жыл.


Перзентханада жылына 1500-ге жуық әйел-анаға қызмет көрсету жоспарланған. Облыс әкімі Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ана мен баланы қорғауға бағытталған басым бағыттардың жүзеге асырылуы, ал жаңа перзентхана наурызға орайластырылған сыйлық болғаны қуантарлық жайт.

Пайдалануға берілгеніне бірнеше күн ғана болған перзентханада бүгінгі күнге дейін 10 сәби дүниеге аман-есен келді. Сонымен қатар облыс басшылығының бастамасымен 8 наурыз күні босанған әйелдерге 25 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Осы күні Қарағанды облысы бойынша 64 сәби дүниеге келді. Оның 35-і ұл, 29-зы қыз болған.