Ата-аналары орамалды оқушыларды Ресейде оқытпақ

Оқушы қыздарын ата-аналары сабаққа апара жатыр. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2 мектептегі орамал тартқан қыз балалар екі айдан бері сабаққа кіре алмай отыр. Балаларын Ресейден оқытуға бекінген ата-аналар мектеп басшылығының құжаттарын бермей отырғанын айтады. Аудандық оқу бөлімі «бұл мәселені шешеміз» десе, мектеп директоры білім министрлігіне сілтейді.

Қазақстандағы «орамал дауы» кезінде Ресей мектептері жаңа оқушылармен толыққалы жатыр. Ақтөбе облысының ата-аналары ұзаққа созылған теке-тірестен шаршап, екі айдан бері діни себеппен орамал таққаны үшін мектепке кіре алмай жүрген балаларын Мәскеудегі ақылы қашықтан оқытатын мектептерге бермекші. Мұндай оқудың бір жылдық бағасы – 200 мың теңге (620 АҚШ доллары).

«НЕ МЕКТЕПКЕ КІРГІЗБЕЙДІ, НЕ ҚҰЖАТЫМЫЗДЫ БЕРМЕЙДІ»

Ақтөбе облысындағы Шұбарқұдық кентінің тумасы Қасым Жаңбыршин бірнеше жылдан бері Қандыағашта тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ жігіт отбасын такси айдап асырап жүргенін айтады. Қасым Жаңбыршин Қандыағаштағы №2 орта мектептің 4- және 1-сыныбында оқитын екі қызының 9 қаңтардан бері сабақ оқымай отырғанына қапалы.

- Қыздарым 8 қаңтар күні сабаққа барды. Ал 9 қаңтардан бастап мектеп директоры «орамалмен кіргізбеу туралы бұйрық» түскенін айтып мектепке кіргізбеді. Содан бері бір апта бойы апардым, ақыры кіргізбеген соң қыздарымды Ресейден оқытуды ұйғардым, - дейді ол Азаттыққа.

Оның сөзінше, балаларын Ресейдегі қашықтан дәріс беретін орта мектепте оқытып жатқан ата-аналар аз емес. Жаңбыршиннің сөзінше, ол Мәскеудегі «Первая школа» мектебі туралы естіп, өзі де хабарласқан, бүкіл құжатын тапсырған жағдайда қыздарының қабылданатыны туралы анықтама да алған. Ол бұл мектепте оқудың ақылы – бір айға 3 800 рубль немесе 21 800 теңге екенін, бірақ өзінің осыған шараcыздықтан көніп отырғанын айтты.

- Мен Мәскеу мектебінен анықтама алып келдім. Бірақ қыздарымның құжаттарын [Қандыағаштағы] мектеп директоры бермей отыр. Ол аудандық оқу бөлімінен сұра десе, ондағылар нотариусқа барып қолхат әкел дейді. Ал нотариус өз баламның құжатын алу үшін ешқандай қолхаттың қажет еместігін айтты, - дейді ол.

Видео: Орамал дауын әкім "үш айда шешпек" (2 ақпан 2018 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Орамал дауын әкім "үш айда шешпек"

Діни себеппен қыздарына орамал таққызған кейбір қандыағаштық ата-ана қашықтан оқыту бағдарламасына қызығып жатқан және бір мекеме – «Домашняя школа» мектебі қашықтан оқып жатқан қазақстандықтардың барлығын растады. Менеджер Яна Исамурадованың айтуынша, мәскеулік мектеп үшін «оқушының ұлты, діні, киімі маңызды емес».

- Біз оқуға ниет білдіргендердің бәрін қабылдаймыз. Мектеп аккредитациядан өткен. Олар Ресей федерациясы аттестатын алады және сол бойынша ары қарай ЕГЭ сынағын тапсыра алады, - деп түсіндірді Яна Исамурадова Азаттыққа.

- Біз оқуға ниет білдіргендердің бәрін қабылдаймыз. Мектеп аккредитациядан өткен. Олар Ресей федерациясы аттестатын алады және сол бойынша ары қарай ЕГЭ сынағын тапсыра алады

Ал «Первая школа» мектебі директорының хатшысы Марина Лопатина оқып жатқан қазақстандық балалар туралы нақты мәліметті жазбаша жолдау негізінде ғана бере алатынын айтты.

Қасым Жаңбыршин Қандыағаштағы мектеп директоры «бірыңғай форма» туралы айтқанымен ол талаптың мүлде сақталмайтынын айтып, сынады.

- Форманы сақтап жатқан ешкім жоқ. Балалар ала құла киініп барып жүр. Ал менің қыздарым мектеп талап еткен форманы киіп отыр. Тек бастарында кимешек бар, сол үшін кіргізбейді, күнде барамыз, - дейді ол.

Қасым Жаңбыршин сияқты қыздарын діни көзқарастарына сәйкес киіндіретін ата-аналар «кимешек» деп мұсылман әлемінде «хиджаб», қазақша «орамал» деп аталатын бас киімді меңзейді. Кимешекті дәстүрлі қазақ қоғамында ересек әйелдер киген. Тек бас киімі өзгеше болғаны үшін оқушылардың мектепке кіргізілмеуін «әділетсіздік» деп білетінін айтқан Қасым Жаңбыршин қыздарының орысша білмейтініне де алаңдайды.

- Мен енді қыздарымды орысша үйретуге тырысып жатырмын. Бұл туралы Мәскеудегі «Первая школа» басшылығымен ашық сөйлестім. Олар уайымдамауымды, олардың тез үйреніп кететін айтып жұбатты, - деді ол.

Оның сөзінше, бұл мектепте қазір «Ембі қаласынан 12 бала, Оралдан 30 бала білім алып жатыр». Қасым Жаңбыршин қыздарын не мектепке кіргізбей, не құжатын бермей отырған мектеп директорының әрекетін өзінің «конституциялық құқығына қол сұғу» деп бағалайтынын да ескертті. Оның сөзін «үш қызын басындағы орамалы үшін мектепке кіргізе алмай отырғанын» айтқан Мерғали Тілепин де қолдайды. Оның қыздары Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің 5-, 3- және дайындық сыныптарында оқиды. Ол мектеп директорының үстінен балаларды мектепке кіргізуден бас тартқаны үшін сотқа берген арызының ақпанның 2-сінде қанағаттандырусыз қалдырылғанын айтты.

- Мен Қазақстан азаматы ретінде құқығымды қорғау үшін Жоғары сотқа дейін арызданамын. Біз де Ресейден оқытқымыз келеді, бірақ құжатымызды бермей отыр, - деді ол.

«ОРАМАЛДЫ СЫРТТА ТАҚСЫН»

Азаттық тілшісі Мұғалжар аудандық білім бөліміне қоңырау шалған еді. Өзін «Бақтығали» деп таныстырған бөлім қызметкері ата-анасы оқушыны басқа мектептің қабылдап алатыны туралы анықтама әкелсе, құжаттарын беретінін мәлімдеді.

Ал ата-аналар ондай анықтаманы қаңтардың 18-інен бері ұсынып келе жатқандарын айтады. Қандыағаш №2 орта мектебінің директоры Жазира Әбенова білім министрлігінен хат күтіп отырғанын айтты.

- Мен білім және ғылым министрлігінен хат күтіп отырмын. Олар айтуы керек «беріледі» не «берілмейді» деп. Біздің мектептен тек бір ата-ана сұрап отыр. Басқа ата-аналар туралы айтпаймын және басқа сауалдарыңызға жауап бермеймін, - деді ол телефон арқылы.

​Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары А.Маусымбаева ақпанның 1-і күнгі Ақтөбе облыстық білім басқармасына жолдаған жауабында дистанциондық оқытудың тек шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесе қолданылатынын хабарлаған. Ол «Ресейде дистанционды оқыту қолданыстағы заңнаманы бұзу болып табылады» деп түсіндірген.

Оқи отырыңыз: Хиджабқа тыйым: кемсіту ме, әлде мәжбүрлі шара ма?

Азаттық тілшісі мектепке дейінгі және орта білім департаменті қызметкері К.Жаухинмен телефон арқылы сөйлескен болатын. Оның сөзінше, Мәскеу мектебінің қазақстандық оқушыларға қашықтан білім беріп отырғаны заңсыз.

- Біз ол балалардың құжаттарын бермейміз. Дистанционды түрде тек шетелде тұратын адамдардың балалары және ауру балалар ғана оқи алады. Ресеймен білім саласындағы келісімге сәйкес олар тек ынтымақтастық көмек көрсете алады, - дейді К.Жаухин.

- Біз ол балалардың құжаттарын бермейміз. Дистанционды түрде тек шетелде тұратын адамдардың балалары және ауру балалар ғана оқи алады.

Жаухин министрліктің шара қабылдап жатқанын, мектепке хат жіберетіндерін, Ресейдің білім министрлігіне хабарласатындарын айтты. Оның сөзінше, дистанционды тіпті жоғары білім алу үшін де Қазақстанда ол оқу орнымен келісім шарт болуы тиіс. Бірақ ол Азаттық тілшісінің оқушының білім алуға қатысты конституциялық құқығын сақтау мен Ресей дипломдарының Қазақстанда танымдылығы туралы сауалына нақты жауап бермеді.

Шенеунік орамал таққан қыздарды мектепке кіргізуден бас тартқан директорлар әрекетін де «заңды» деп бағалады.

- Бұл мәселенің бәрін талқылап шештік. Барлық облыстардың әкімдерімен, ата-аналармен әңгіме жүргізілді. Ақтөбеде 10 ата-анаға әкімшілік айыппұл, ал Маңғыстауда бір ата-анаға айыппұл салынды. Орамалды бала сыртта тақсын, - деді Жаухин Азаттыққа.

«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫ БҰЙРЫҚ ШЕКТЕЙ АЛМАЙДЫ»

Орамал таққаны үшін балаларын мектепке кіргізбеген ата-аналардың құқығын қорғап жүрген адвокат Мұрат Такаумовтың Азаттыққа айтуынша, мектеп басшылығы балаларды мектепке кіргізбеу әрі олардың құжаттарын қолдарына бермеу арқылы ата-ананың да, баланың да құқығын бұзып отыр. Адвокат мектеп басшылығы сүйеніп отырған Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы заң емес екеніне нұсқайды. Бұйрықтың Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарының алдында «ешқандай салмағы жоқ» деп санайды. Ол мектеп директорлары сілтеме жасап отырған бұйрықта «мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны, бірақ оған өзгерісті ата-аналардың қоғамдық кеңесімен келісіп енгізуге болатыны» айтылғанын ескертті.

- Осы бұйрыққа сүйеніп, олар мектеп формасын белгіледі, ақ бантик тағу керектігі онда айтылмаса да енгізді. Ендеше баланың ақ орамал байлап келгенінде де тұрған ештеме жоқ. Бұл жерде ата-аналар мектеп талабын орындап отыр. Олардың жалғыз өтініші – өздерінің және балаларының құқықтарын мектеп әкімшілігінің сақтауы ғана, - дейді Мұрат Такаумов.

Қарай отырыңыз: Хиджап дауына қатысты барлық мақалалар

Такаумовтың сөзінше, балалардың конституцияға сәйкес білім алуға, ал ата- аналардың Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге сәйкес құқығы бар.

- Конституциялық құқықты бұйрық шектей алмайды. Бұйрық нормативтік құқықтық акт болғанымен заң емес. Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 18-бабының 4-пунктінде мемлекеттің ата-аналардың өз қалауымен діни тәрбие беру құқығын құрметтеуі тиістігі айтылған. Ата-аналар балаларына оармалды ерегесіп тағып жатқан жоқ. Олар өздерінің құқығын пайдаланып әрекет етіп жатыр. Біз зайырлы мемлекетте тұрып жатырмыз және мемлекет бізге өз дінімізге сенуімізге мүмкіндік береді, - дейді ол.

- Ата-аналар балаларына оармалды ерегесіп тағып жатқан жоқ. Олар өздерінің құқығын пайдаланып әрекет етіп жатыр.

​Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, облыста 180 шақты орамал таққан қыз бала сабаққа қатыса алмай отыр.Марат Такаумов білім беру қызметкерлері енді ата -аналарды Білім туралы заңның 49-бабына сәйкес білім ордасын таңдау мүмкіндігінен айырып отырғанын айтады. Министрліктің қашықтан оқу үшін құжаттарын беру туралы өтініш айтқан ата-аналарға «экстернат туралы жауап бергендері тіпті түсініксіз» дейді ол.

Қазақстанның өзге Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жүздеген ата-ана Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығының 13-тармағын Қазақстан Конституциясына және халықаралық келісім-шарттарға қайшы деп тануды талап етіп, сотқа шағымданып келеді. Әзірге ешқандай арыз қанағаттандырылған жоқ. Бұл бұйрыққа сай мектеп формасының бірыңғай ережесі енгізіліп, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюлері керек.