Алматыда Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысында көпшілікке "Жетім бұрыш" деген атпен белгілі жер бар. Қазір мұнда жаздағыдай емес - пәтер алушы да, делдал да азайған. Бірақ пәтер бағасы арзандамаған.
Алматыдағы Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысындағы Жетім бұрышта пәтер іздеушілердің көбі жаңа жылдық кеш ұйымдастыруға бір күнге жалдайтын баспана іздеп жүр. Қазір Жетім бұрышта пәтер іздеп жүргендердің көбі - ауылдан көшіп келген қазақ отбасылары және студенттер.
Бейресми ақпараттарға қарағанда, Алматыдағы кезбе адамдардың саны он мыңға жеткен. Күн көріс үшін қалаға келіп, иесіз үйді паналаушылар саны да артып келеді. Ал Алматы қаласы, ресми мәліметтер бойынша, жылына шамамен 100 мың адамға толығып отыр.
Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, 2010 жылы пәтер бағасының қымбаттағаны байқалады. 2010 жылдың екінші жарты жылында тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы 1669 АҚШ долларынан 1759 АҚШ долларына дейін өскені байқалады (6,8 пайызға, яғни 108 АҚШ долларына қымбаттады). Ал жер телімдері дағдарысқа дейінгі бағадан 3 есеге арзандаған. Қазіргі кезде ең қымбат жер телімі - Алматы мен Астанада. Орташа алғанда, Алматыда 1 шаршы метр жер телімі - 4800 теңге, ал Астанада - 3400 теңге.
2010 жылы үлескерлер дауы да басылмады. Бір топ үлескер шілденің аптабынан желтоқсанның ызғарына дейін аштық жариялады. Ақыры еш нәтиже шықпаған соң наразылық шарасын тоқтатуға мәжбүр болғандарын баяндап берді «Лайықты баспана үшін» қоғамдық науқанының үйлестірушісі Ардақ Бижігіт.