"Батыстың экономикалық мүддесі Қазақстанды сыннан құтқарып тұр"

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тыңдап тұр. Астана, 1 шілде 2013 жыл.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы 2013 жылы Қазақстанда адам құқықтары бойынша ахуалдың нашарлай түскенін жазады.
Қаңтардың 21-і күні жарық көрген баяндамасында Human Rights Watch әлемдегі 90-нан астам елдегі адам құқығының жағдайын саралап көрсеткен. Қазақстандағы ахуалды сипаттай келе HRW азаптау мен жиын өткізу құқығын шектеуге баса назар аудартқан.

Жалпы алғанда, ұйым, әсіресе, Сириядағы азаматтық соғыс пен оның зардабын ерекше мән бере сипаттаған.

Құжатта: "Бейбіт тұрғындардың өліміне соқтырған Сирия үкіметінің азаматтық соғыс жүргізу саясаты және көтерілісшілердің оны пайдаланып қалуға деген талпынысы 2013 жылы әлем жұртшылығын шошындырғанмен әлем жетекшілері айуандықты тоқтату мен кінәлілерді жазалауға жеткілікті дәрежеде қысым жасай алмады" деп жазылған.

Ұйым әлем үкіметтерінің терроризммен күресті күшейтуінің салдары адам құқығы жағдайына көлеңкесін түсіріп, азаматтардың өміріне қауіп төндіргеніне назар аударады.

Алеппо тұрғыны жаралы баланы көтеріп қашып келеді. 21 қаңтар 2014 жыл


HRW-дің жазуынша, Орталық Азиядағы адам құқықтарының өрескел бұзылуына Батыс елдері алаңдайтындарын білдіріп, аймақ елдерінің үкіметтерін жағдайды жақсартуға шақыруы тиіс.

Ұйым 2013 жылы Түркіменстан мен Өзбекстан "әлемдегі адам құқықтарын ең өрескел бұзатын елдер қатарында қалды" деген баға берген. Ұйым өкілі Хью Уильямсонның айтуынша, өткен жылы халықаралық "Қызыл крест" ұйымы Өзбекстаннан кетіп қалған. Оған халықаралық ұйымның Өзбекстандағы түрмелерге кіруге рұқсат ала алмай, өз қызметін атқара алмауы себеп болған.

Есепте Қырғызстан үкіметінің "адам құқықтарына қатысты бірқатар салаларда жағдайды жақсартуға тырысып жатқаны" айтылады.

HRW Тәжікстанда өткен сайлаулар "еркін және әділ болмады" деп сынап, билікті "діни топтарды үкімет енгізген қатаң ережелер бойынша қызмет етпеді деп қудалады" деп айыптады.

ҚАЗАҚСТАН

Human Rights Watch ұйымының жылдық есебінде жазуынша, 2013 жылы Қазақстанда саяси, діни себептермен қудалау әрекеттері тоқтамай, ақпарат алаңын билікке қолайсыз БАҚ-тардан тазарту үрдісі жалғасқан.

Баяндамада жазалау мекемелеріндегі азаптау күнделікті құбылысқа айналып, қорқынышты құбылысқа айналғаны баяндалады. Ұйым жиын өткізу мен ар-ұждан еркіндігі әлі мемлекет уысында деп көрсетеді.

Жаңаөзен

Ең әуелі саяси тұтқындардың жағдайына тоқталған ұйым сотта көптеген заңбұзушылықтар кеткеніне қарамастан Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған азаматтардың үкімі өзгеріссіз қалғанын атап өтеді.

Мысалы, тағылған айыптың бұлыңғыр екеніне қарамастан жоғары соттың Владимир Козловтың үкімін қараудан бас тартуы, Роза Төлетаеваның азаптау жайлы арызының сол күйінше тексерілмеуі аталып көрсетіледі.

Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер сот залында.


Құқық қорғау ұйымы елден кетіп қалған адвокат Зинаида Мухортованың да күштеп емдеуді бастан кешіргенін, еркінен тыс қамалғанын сынайды.

Ұйым жазда ұсталған оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты қауіпті бола тұра Ресей немесе Украинаға экстрадициялау туралы сот шешімін БҰҰ сарапшыларының «ерекше экстрадиция (выдача)» ретінде бағалағанын жазады.

Сөз бостандығы

Ұйымның жазуынша, 2012 жылдың аяғынан бастап елде тәуелсіз және оппозициялық басылымдарды тықсыру үдеген. «Правда Казахстана», «Трибуна» газеттерінің жұмысын сот техникалық себептерге орай уақытша тоқтатса, Жезқазғанда шығатын «Молодежная газета» басылымы мүлдем жабылған.

Бұған қоса, елде "жала жабу" деп сипатталатын әрекеттің әлі қылмыс ретінде жазалануы сөз бостандығын шектейтін фактор ретінде көрсетілген.

Александр Харламов, журналист


Ұйым "Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни алауыздық қоздыру" атты атышулы баптың саяси мақсатта "шектен тыс қолданылуына" қатысты сын естіп жатса да, биліктің осы бап бойынша жаңа істер қозғауды тоқтатпағанын сынайды. Бұған қатысты риддерлік журналист Александр Харламовтың жағдайына да тоқтала кетеді.

Ұйым елдегі жаңа қылмыстық кодекс жобасы адамның негізгі құқықтарын шектейтінін, ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы бойынша өкілі Дуния Миятовичтің сөзіне сілтеме жасап, оның сөз бостандығына да кері ықпалы болуы мүмкін екенін баяндаған. Мысалы, жаңа жоба бойынша, газет сәл әкімшілік заңды бұзса да, оның жұмысын тоқтату көзделген.

Азаптау

HRW 2013 жылы сотталушыларды азаптағаны үшін бірнеше полиция жазаға тартылса да, қысым азаймағанын жазады. Қазақстандағы азаптауға қарсы азаматтық коалицияның есебіне жүгінген ұйым 2013 жылдың алғашқы жартысында 201 азаптау туралы арыз түскенін теріс құбылыс ретінде көрсеткен. Бұған қоса, азаптау жағдайларының тексерусіз қалатынын да атап өткен.

Діни сенім еркіндігі

Ұйым 2011 жылғы қабылданған дін туралы жаңа заң елдегі діни топтардың әрекеттерін одан әрі шектегенін, соның кесірінен өткен жылы елдегі діни бірлестік өкілдері айыппұл, тексерістер мен діни әдебиеттерді тәркілеу амалдарынан көз ашпағанын жазады.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев қайта қамаларының алдында әйелімен қауышып тұр.


Ар-ұждан еркіндігін қорғайтын "Форум 18" ұйымына сілтеме жасаған HRW 2013 жылдың қаңтар мен қараша айлары арасында Қазақстанда 119 адамның дін туралы заңды бұзғаны үшін айыппұл төлегенін, екеуінің қысқа мерзімде қамауға отырып шыққанын жазады.

Ұйым ақпан айында Қазақстанның «Таблиғи жамаат» ұйымын экстремистік деп танып, тыйым салғанын, экстремизм бойынша айыпталған пастор Бақытжан Қашқымбаевты қудалау әлі жалғасып жатқанын мысал етеді.

Жиын өткізу құқығы

Құқық қорғау ұйымының пікірінше, Қазақстан билігі қарапайым азаматтарға әлі күнге дейін рұқсатсыз жиын өткізу құқығын бермей отыр. Соның кесірінен өткен жылы көптеген азамат айыппұл төлеумен болған.

Ұйым кәсіподаққа қатысты заңнаманың кәсіподақтардың тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, шектейтінін, халықаралық құқық міндеттеріне қайшы келетінін де атап өтеді.

Алматы әкімдігіне барған зейнеткер Райхан Әмірбекованы полиция ұстап алып кетіп жатыр. Алматы, 4 қазан 2013 жыл.


HRW Астана халықаралық ұйымдар тарапынан қанша сынға ұшыраса да, Батыс экономикалық ынтымақтастыққа көбірек мән беріп, Қазақстандағы адам құқықтары мәселесін қозғамауға тырысатынын жазады.

Ұйым Қазақстан басшылығымен кездесіп тұрып адам құқықтары туралы сөз қозғаудан қашу мысалдары ретінде ЕО басшыларының, АҚШ үкіметінің және Ұлыбритания премьер-министрінің әрекетін келтіреді.

Былтыр Қазақстанда өткен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесу үстінде журналистердің адам құқықтарына қатысты сұрақтарына жауап берген президент Нұрсұлтан Назарбаев: "Бізге қалай өмір сүру керектігін, қалай ел құруды сырттан ешкім де нұсқай алмайды" деген болатын. HRW Назарбаевтың бұл сөзін де толық келтіреді.