Шектеу, азаптау және белсенділерді қудалау

Полиция Атырауда сотқа тартылған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау көрсетуге жиналған адамдарды ұстап барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда сөз еркіндігі, бейбіт жиын мен қауымдастық құқықтарына үнемі шектеу қойылады.

Ақпанның 22-сі күні ұйым жариялаған баяндамаға сүйенсек, Астана қылмыстық кодексті азаматтық белсенділердің үнін шығармау үшін пайдаланып отыр.

Amnesty International халықаралық ұйымының 408 беттік баяндамасында әлемнің 159 еліндегі адам құқығы мәселесі сипатталған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШЕКТЕУ

Баяндама авторлары Қазақстандағы адам құқығы мәселесін сипаттай келе сөз еркіндігі, бейбіт жиын өткізу және бас қосу құқығы әлі де шектеліп жатқанын айтады. Олар Астананы «рұқсат етілмеген наразылық шараларына қатысушыларға» кедергі жасау мақсатында және әлеуметтік желі қолданушылары мен тәуелсіз журналистерге қарсы құрал ретінде әкімшілік қамауға алады деп айыптайды.

Атап айтқанда, 2016 жылдың сәуір және мамыр айларында, ауыл шаруашылық жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімді жалға беру туралы жер реформасына қатысты мемлекетте өткен наразылық шерулерін сипаттайды.

Мамырдың 17-20-сы аралығында кем дегенде 34 адам наразылық «ұйымдастырғаны» үшін айыпталып, тұтқынға алынды. «Жер мәселесіне қатысты» жалпы ұлттық наразылық шеруін өткіземіз деп белгіленген 21 мамыр күні (билік оған жол бермеді) оқиғаны баспасөз беттерінде жарияламақ болғаны үшін кем дегенде 48 журналист ұсталды.

Билік әлеуметтік желілердегі белсенділерді тоқтату үшін қылмыстық кодексті қолданады. Баяндамада Ермек Нарымбаев, Серікжан Мәмбеталин, Игорь Сычев, Жанат Есентаев сияқты «әлеуметтік желілерде алауыздық» тудырды деп айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың ісі айтылады.

Amnesty International атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісіне назар аударады. Олар «жер мәселесіне қатысты» жаппай шеруден соң қамалып, бес жылға сотталған еді.

«Боқаев пен Аянның айыпталуына Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде жер кодексіне өзгеріс енгізу туралы үкіметтің ұсынысына қатысты жазған пікірлері ықпал еткен, ақыры наразылыққа ұласқан» дейді баяндама авторлары.

Сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян. Атырау, 28 қараша 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар Nakanune.kz сайтының иесі Гүзел Байдалинованың жеке банк мәлімдемесіне орай қудаланғанын еске салады. Баяндамада қаржы жымқырды деп айыпталып, түрмеге қамалған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы – «ҚазТАГ» агенттігінің басшысы Әсет Матаевтың ісі туралы да айтылған.

Amnesty International есебінде қазақстандық биліктің интернет пайдаланушыларды «ұлттық қауіпсіздік сертификатын» орнатуға мәжбүрлегені, солайша билік HTTPS арнасы арқылы байланыстарды сканерлеп, билік заңсыз деп тапқан сайттарға кіргізбей тастайтыны баяндалады.

2016 жылы заңға енгізілген өзгерістер бойынша үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) жетекшілері құқық қорғаушылардың жеке санатына енді, оларға барынша қатал жазалау қолданылды. Осы бөлімде Макс Боқаев пен Талғат Аянның жағдайы қамтылған. Тіркеуден өтпеген діни бірлестіктерге салынатын шектеулер мен айыппұлдар туралы жеке айтылады.

АЗАПТАУЛАР, МИГРАНТТАР ҚҰҚЫҒЫ МЕН ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

«Қазақстанда азаптау мен басқа да қатыгез қарым-қатынас жасау тоқтамай тұр» делінген баяндамада. «Қазақстан азаптауға қарсы» ҮЕҰ коалициясы 2016 жылдың қаңтарынан қарашасына дейінгі аралықта азаптау мен зорлық-зомбылықтың 163 жаңа оқиғасын тіркеген.

Баяндамада алматылық түрмеге қамалған әйелді азаптап, зорлау дерегі келтіріледі, кейін ол балалы болған. Қыркүйек айында түрменің бұрынғы қызметкерін сараптама нәтижесінде баланың әкесі деп таныды, бірақ әйелдің айтуы бойынша зорлауға қатысқан басқа үш түрме қызметкері дәлел тапшылығы себебінен босатылды.

Биліктің дерегі бойынша, Қазақстанға көрші Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан еңбек мигранттары негізінен заңсыз келеді. 2016 жылдың өзінде мемлекетте 300 мыңнан 1,5 миллионға дейін еңбек мигранты болған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Еңбек шартын жазбаша жасамайтындықтан мигранттар еңбегін асыра пайдалану бар. Жұмыс күні нормаға сай емес, жалақылары төмен және жұмыстары қауіпті.

Баяндама авторлары Қазақстанның терроризм мен әскери қылмысқа қатысты 17 қылмыс бойынша өлім жазасын сақтап қалғанын ескертеді. Шілдеде Алматыда ондаған адамды өлтірген Руслан Күлекбаевты террорлық жасады деп айыптаған соң қарашада өлім жазасына кесті. Ол – 2003 жылы Қазақстан өлім жазасына мораторий енгізгеннен бері бұл айрықша шара қолданып отырған алтыншы адам.

Руслан Күлекбаев үкім шығар күні сот залында отыр. Алматы, 2 қараша 2016 жыл.

АЙЛАЛЫ ӘДІСТЕР

Amnesty International басқаша ойлайтын саяси оппозицияны басып-жаншу Орталық Азия республика елдерінің көбіне тән екенін атап өтеді.

Тәжікстан билігі елде тыйым салынған оппозициялық Тәжікстанның ислам өркендеу партиясына (ТИӨП) қарсы қатаң шара қолданады. Құқық қорғаушылар Өзбекстанға да алаңдайды, «тергеу абақтылары мен түрмелерде азаптау кең жайылған» дейді.

Қырғызстанда «әйелдерге зорлық көрсетіп, оларды азаптаған жандар жазаланған жоқ» дейді Amnesty International. Сондай-ақ 2010 жылы Ош пен Жалалабадта болған маусым оқиғаларын тергеуге Бішкектің әлі ынта білдірмей отырғаны айтылады.

Ғаламдық үрдістерді сипаттай келе құқық қорғаушылар соңғы кездері Еуропа, АҚШ және басқа елдерде пайда болған «біз оларға қарсымыз» деген ұранның дүние жүзіндегі адам құқығына кері әсер тигізетіні, жаппай құқық бұзушылыққа қарсы тұруды әлсірететін ескертеді.

Amnesty International бас хатшысы Салил Шетти баспасөз мәслихатында 2016 жылды «біз оларға қарсымыз» деген айыптау, жеккөрініш пен қорқыныш әлемді 1930 жылдан бері болмаған жексұрын деңгейге көтерген жыл» деп атады.

– Экономика және қауіпсіздік салаларына қатысты туындайтын үрейге көптеген саясаткерлер жауапты. Олар дауыс алу үшін саясаттың улы әрі жікке бөлгіш айласын қолданады. Қазіргі әзәзіл саясат басқалармен салыстырғанда кей жандардың адамгершілігі аз деген ұятсыз идеяны өршітіп, тұтас адамдар тобын ізгіліктен жұрдай етіп көрсетпек. Бұл адам табиғатындағы теріс күштерді еркіндікке шығарады, – дейді Салил Шетти.

Amnesty International осы үрдіске қарсы тұру үшін бәріміз адам құқығын қорғауға жұмылайық деп шақырады. «Адам құқығын қорғауда билікке сүйеніп енжар отыра беруге болмайды. Біз – адамбыз, әрекет етуіміз керек» дейді Салил Шетти.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.