Адам құқығы бойынша іс-қимыл жоспары сыналды

Рамазан Есергепов, оппозицияшыл қоғамдық белсенді.

Құқық қорғаушылар Қазақстандағы азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтарды қорғау ісінің көңіл көншітпейтінін айтады.
Наурыздың 13-і күні бірнеше құқық қорғау ұйымы Қазақстанның адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимылдар жоспарын бақылау нәтижелерін жариялады.

Сарапшылар жоспарға енген ұсыныстардың тек 23 пайызға жуығы ғана жүзеге асқан дейді. Жоспардағы ұсыныстардың орындалуын тексерген мониторинг Қазақстанда «жиналу еркіндігі», «ар-ұждан және сенім бостандығы», «бейбіт жиналыстар мен митингілер өткізу хақы», «сөз бостандығы» мен «мемлекет ісін басқаруға қатысу» құқықтарының еленбейтінін көрсеткен.

«ҚАТЕЛЕСКЕН, БІРАҚ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАЙДЫ»

Кезінде тәуелсіз «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы болып, «мемлекеттік құпиясы бар мәліметтерді заңсыз сақтап, таратты» деген айыппен үш жылға сотталған Рамазан Есіргепов өзіне қатысты істің «қолдан жасалғанын» айтады.

- Маған қатысты қылмыстық істің «жалған» екендігін айтып, 2010 жылы БҰҰ-ның адам құқығы жайлы комитетіне арыз жолдадым. Биыл қаралып бітуі тиіс. Бұдан бөлек, жоғарғы сотта өзімнің түрмеде бір тәулік заңсыз артық отырғанымды дәлелдеп шықтым. Дегенмен құқыққорғау қызметкерлерінің осы мәселеде «қателескенін» мойындаған жоғарғы инстанция, оларды жауапқа тартудың негізі жоқ деп отыр, - деді наурыздың 13-і күні Азаттыққа пікір білдірген Есіргепов.
Оның сөзінше, өзіне қатысты құқыққорғау органдарының «заңсыз әрекеті отбасын қатты күйзелткен».

- Мен қазір Семейден Алматыға келе жатырмын, жолдамын. 83 жастағы анамды соңғы сапарға аттандырып қайтып келемін. Түрмеде отырғаным анама қатты әсер етіп, 2011 жылы инсульт алған. Өткен жылы босап шыққан соң Алматыда қолымда болатын. Инсульттан кейін айыға алмай, ақыры наурыздың 10-ы күні жүрегі тоқтап қалды, - деді журналист.

«КІШІГІРІМ» ҚЫЛМЫСТАР

Мамандар көптеген заңбұзушылық – азаматты ұстау, қамау және оған айып тағу процестерінде кездеседі дейді. Заңгер Виктория Тюленева, түрмеде бір күн артық отыруды «кішігірім қылмыспен» теңейді, және ондай фактілер аз емес дейді.

Татьяна Зинович, жиынға қатысқан Құқықтық саясатты зерттеу орталығының өкілі. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл


- Бостандықта жүрген адам үшін бір тәулік «ұсақ-түйек» болып көрінуі мүмкін, ал темір тордың артында олай емес. Бұл билік тарапынан болып жатқан «кішігірім қылмыс». Бұдан бөлек, тәжірибеде жиі кездесетін заңбұзушылық – қамалғандардың жағдайы, оларға деген мекеме қызметкерлерінің адамшылыққа жатпайтын қарым-қатынасын айтуға болады. Заңда бұл жайт нашар көрсетілген. Ол жерде логика мүлдем жоқ. Сталиннің кезіндегі лагерьлерде болған жүйе біздің қазіргі заңнамамызға көшкен. Камерада негізсіз түн ортасында тінту жүргізу, сотталған азаматты адам құрлы көрмеу сынды жайттар адамның өміріне балта шабатын «ұсақ-түйектер». Олар өте көп кездеседі, - дейді заңгер.

Бірқатар даулы істерде қорғаушы болған адвокат Абзал Құспанов, заң және құқық қорғау органдарының бір-бірін қорғап, заңсыздықтарға көз жұмуы бірталай заң бұзушылықтар тудырады деп санайды. Оның сөзінше, тергеу амалдарын заңсыз соза беру, тергеу кезінде өткен күндерді дұрыс санамау сынды жайттар баршылық.

Абзал Құспанов, адвокат


- Заң бойынша тергеу органдары адамды қамауға алу туралы алдымен прокурорға кейін, сотқа қайырылады. Олар өздері азаматты үш тәулікке дейін ұстай алады. Бірақ бір тәулік бұрын іс-материалдары сотқа түсуі керек. Яғни, бүгін ұстап, айып тақты ма, екі күнен кейін ол материал сотта жату керек. Көп жағдайда сол сотқа кешігіп жетіп жатады. Бірақ сонда да изолятордан азаматты шығармай отырады. Біз әрқашан сотқа осы мәселені жазамыз, көрсетеміз, бірақ сот бұған ешқашан назар аударған емес, - деген еді Азаттық тілшісіне қаңтардың 29-ы күні пікір білдірген Абзал Құспанов.

ҚҰҚЫҚТЫ БІЛМЕУ – ҚҰҚЫҚ БҰЗУҒА НЕГІЗ

Ал негізінен қылмыстық істерді жүргізетін адвокат Төлеген Берліқожанов даудың басы – азаматты заңсыз ұстаудан басталады деп санайды.

- Азаматты ұстап, оны бөлімшеге алып кетпес бұрын ол адамға оның не үшін ұсталғанын, қайда бара жатқанын және оны кім ұстап алып бара жатқанын айтып, туыстары немесе адвокатына бір мәрте қоңырау шалуға рұқсат берілуі тиіс. Бұл – ұсталған азаматтың құқығы. Ал бізде негізінен ұсталған адам өзін не үшін ұстағанын, кім және қайда алып кетіп бара жатқанын білмейді. Сөйтіп оны алып барып жауып тастайды. Бұл арада оны туыстары дал болып іздеп жүреді. Ұсталған адамның құқығы басынан бұзылады, соның кесірінен оның өзінің кінәлі емес екенін дәлелдеуі қиындайды. Ұсталған адамның құқықтарын бұзу арқылы тергеу орындары өз позициясын бекітіп, күшейтіп алады, - дейді ақпанның 5-і күні Азаттық тілшісіне адвокат Берліқожанов.

Сергей Дуванов, Қазақстандағы адам құқықтары бюросының ақпараттық орталығының жетекшісі. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл


Адвокаттың айтуынша, ұсталған азамат өзінің тергеушіге келгенде қоңырау шалуына, адвокатсыз жауап бермеуіне құқылы. Үш күннің ішінде ол азаматқа айып тағылып, сот оның қамау мерзімін белгілемейінше ол босатылуы керек.

Кейде «мейрам кезінде немесе судья белгілі бір себептермен келмей қалып», қамаудағы азамат мерзімінен артық отырып қалатын жағдайлар болады екен.

- Көп көздесетін құқық бұзушылықтың бірі тілге қатысты. Тергеушілер қанша қазақ тілін жетік меңгергенімен істі орыс тілінде жүргізуге машықтанып алған. Ал ұсталған адамның орысшасы шорқақтау болса, ол жаз дегенді жазып, қол қой дегенге қол қояды. Аяғында нені мойындап, неге қол қойғанын білмей қалады, - дейді Төлеген Берліқожанов.

«ТЕК БАЛА ҚҰҚЫҒЫ БОЙЫНША ІЛГЕРІЛЕУ БАР»

Наурыздың 13-і күні Алматыда бас қосқан құқық қорғаушылар мен сарапшылар төрт жылға жоспарланған Адам құқығы саласындағы ұлттық іс-қимылдар жоспары тек «формалдық сипатқа ие» екенін айтты.

- Ұлттық жоспардың негізгі 14 бөлімінен тек «бала құқығы» бойынша жағдайдың жақсарғаны байқалады. Алайда азаматтың саяси құқықтары – «бейбіт шеруге шығу», «ұйым құру мен тіркеу», «еркін жүріп-тұру» және «сөз бостандығы» құқықтары саласы соңғы төрт жылда күрт нашарлап кеткен, - деді Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның ақпараттық орталығының жетекшісі Сергей Дуванов.

Әділ Жәлелов, Медиа Альянс төрағасы. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл


Оның сөзінше, «ар-ұят және дін еркіндігіне» қатысты 10 ұсыныстың тек бесеуі ғана жүзеге асырылған, алайда іс жүзінде бұл саладағы жағдай нашарлай түскен. Қазақстан Медиа Альянсының төрағасы Әділ Жәлелов дәл осындай көрсеткіштің сөз бостандығы саласында да байқалатынын айтады.

- Сөз бостандығы саласына қатысты айтылған 6 ұсыныстың бір де бірі ескерілмеген. Керісінше қатаң заңдар қабылданып, жағдай тіптен нашарлады. Жергілікті сарапшылар мен халықаралық қауымдастықтың қарсы пікірлері мен конструктивтік сынына қарамастан, телерадио хабар тарату туралы екіұшты заң қабылданды. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң» әлі қабылданған жоқ, - деді Әділ Жәлелов.

Қазақстанның адам құқығы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық іс-қимылдар жоспары 2009 жылғы қыркүйек айында Астанада таныстырылған еді. Бұл құжат Орталық Азиядағы адам құқықтарын қорғау мен жақсартуға қатысты қабылданған бірінші құжат деп сипатталған болатын.