Қазақстандағы билік өкілдері елдегі адам құқығының жағдайын жақсартып көрсетуге тырысады. Ал құқық қорғаушылар адам құқығы саласында елде практика мен теорияның қабыспайтындығын айтып отыр.
Жұма күні БҰҰ-ның Алматыдағы өкілдігінде билік, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдерінен жиналған топ Қазақстандағы адам құқығының жағдайын талқылап, алдағы жоспар жайлы пікірлерін ортаға салды.
Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның арнайы кеңесінде тұңғыш рет елдегі адам құқығының жағдайы туралы баяндама жасап, әлем мамандарының соған қатысты сын-ескертпелерін тыңдаған болатын.
ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ
Әділет министрлігінің сараптама және құқықтық насихат департаменті директорының орынбасары Ерболат Ерімбеттің айтуынша, Қазақстан әлемдік құқық қорғаушылардан 128 пункт бойынша сын-ескертпе (ақпарат, ғаламтор еркіндігі, қысым, азаптау т.б) алған. Ол содан бері Қазақстан кейбір салалар бойынша нақты қадамдар жасап үлгерді деп есептейді.
- Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия халықаралық міндеттерді орындау мақсатында пікір айту мен БАҚ еркіндігіне қатысты заңды өзгерту туралы ұсыныс айтқан еді. Қазіргі таңда Қазақстанның конституциясы сөз бостандығы мен шығармашылыққа кепілдік береді. Елде цензураға тыйым салынған. Әрбір адамның заңмен тыйым салынбаған ақпаратты алып, таратуына құқығы бар. Сонымен қатар Қазақстан заңында журналистерді жала жапқаны үшін қылмыстық жазаға тарту қарастырылмаған, - деді Ерболат Ерімбет.
Қазақстанда бірнеше жылдан бері баспасөз қорғау ұйымдары «жала жабу» бабы бойынша журналистерді қылмыстық жауапкершілікке тартпау мәселесін көтеріп келеді. Сондықтан министрлік өкілінің соңғы сөйлемі БАҚ өкілдеріне қызық көрінсе керек. Онымен жеке сұхбатта осыған қатысты сұрақтар қарша борады. Ал құқық қорғаушы Нинель Фокина болса, министрлік өкілінің сөзін жоққа шығарды.
- Ескі әкімшілік кодексте ондай бап жоқ. Ал жаңа түзетулер әлі қабылданған жоқ. Әзірге, жала жабу бабы бойынша әкімшілік преюдиция жүзеге аспай, ол күшіне енді деп те айта алмаймыз. Бұл журналистерге де қатысты, - деді Нинель Фокина наурыздың 4-і күні Азаттық тілшісіне.
Әділет министрлігінің өкілі жиын барысында көпшілікті 2011-2014 жылдарға арналған үкіметтің жоспарымен де таныстыра кетті. Әлі толық өңделмеген жоспарға қатысты сын да аз болмады.
Роза Ақылбекова, қазақстандық адамдар құқығы жөніндегі бюро басшысының міндетін атқарушы. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл
Жоспардың әрбір бөліміне тоқталған Адам құқығын бюросына уақытша жетекшілік етіп жүрген Роза Ақылбекова Қазақстанның адам құқығын қорғау бағытында кемшіліктер көп екенін ескертті.
- Мәселен, үшінші елге қайтару туралы. Бізде бұған өзгеріс те еніп үлгерді. Оны жүзеге асыру механизмінің қалыптаспауы бөлек әңгіме. Біз қайтармаймыз деп отырмыз, ал бізде 30 өзбек бар. Оларға қандай статус бермекпіз? Онымен кім айналыспақ? Иә, біз олар террористік әрекет жасай ма деп қорқамыз. Бірақ Қазақстан кезінде оларды үшінші елге қайтарсын деп БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасына тапсыруына болатын еді, - деді Роза Ақылбекова.
Ол сонымен қатар сөз бостандығы, пікір айту еркіндігі, өлім жазасына тыйым салу, балалар құқығы сияқты салаларда Қазақстанның артта қалып бара жатқанын айрықша атап өтті.
«МӘСЕЛЕ – ТЕНДЕНЦИЯДА»
Алматы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокинаның айтуынша, мәселе құрғақ статистикада немесе рейтингте емес, мәселе тенденцияда дейді.
- Кейбіреулер Өзбекстанда адам құқығының жағдайы өте нашар дейді. Бір елдерді онан да артта қалған деп салыстырады. Мәселе заңбұзушылыұқтардың санында немесе рейтингте емес, мәселе біздің қандай бағытта жылжып бара жатқанымызда. Ал біз барған сайын құлдилап төмендеп барамыз. Қандай да бір сала бойынша ілгері жылжу жоқ. Елде барлық категория бойынша адам құқығының жағдайы нашарлап барады, - деді Нинель Фокина.
Маманның айтуынша, тек 2010 жылдың өзінде Қазақстан діни азшылық топтардың құқығын шектейтін бес заңға түрлі өзгеріс енгізген екен.
Қазақстан наурыз айында 2012-2015 жылдары БҰҰ-ның адам құқығы бойынша кеңесіне мүшелікке өз кандидатурасын ұсынды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұның елдегі жағдайға еш әсері жоқ. «Бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз сияқты дүние» дейді Нинель Фокина.