ICG Орталық Азияны 2013 жылғы қақтығыс аймағы деп болжайды

Тәжікстанның Таулы Бадахшан өлкесінде болған қақтығыс кезінде өлген үкімет әскерлері. Шілде, 2012 жыл

Foreign Policy алдағы жылы дағдарыс пен қақтығыстарға ұрынуы мүмкін деген аймақтарға назар аударды.
Жыл сайын әлемде ескі жанжал жанданып, не болмаса жаңа дау басталып, кейбірінің сәтімен шешіліп жатады. Foreign Policy («Форин Полиси») желтоқсанның 28-і күні 2013 жылы да әлемде бейбіт өмірге қатер туғызатын жаңа қақтығыстар болады деп болжайды. Мақала авторы: «Кейбір жағдайда, мысалы, Орталық Азияда, [қақтығыстың] алдын алудың маңызы зор. Хаос әлі бастала қойған жоқ» деп жазады. Автордың сараптауынша, даудың қашан және ненің себебінен басталатынын тұспалдау әлдеқайда қиын. Ол Сириядағы соғысты мысалға келтіріп: «Соғысқа жол бермеу деген енді ақылға қонымсыз. Ол елдегі дәл қазір болып жатқан қасіреттің алдын алу мүмкін емес» деп санайды.

«ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ТУҒЫЗАТЫН СЕБЕПТЕР»

Foreign Policy болашақта туындауы мүмкін деп таңдап алған он қақтығыс ошағының тізіміне қазіргі болып жатқан теке-тірестер мен жанжалдарды енгізбеген. Автор Мексикадағы есірткі саудасына байланысты қақтығыстар, Шығыс Қытай теңізіндегі асқынып келе жатқан шиеленіс, не болмаса Пхеньян ғарышқа зымыран ұшырған кейінгі Корей түбегінде болуы мүмкін жанжалдарды, Қытай мен Жапония арасындағы теке-тіресті, екі Кореяның арасындағы ежелгі кикілжіңді, Зимбабведе болатын сайлау қарсаңындағы қақтығыс пен Сомалидегі соғыс және Ирандағы ядролық қаруға қатысты туындауы мүмкін шиеленісті де тізімге қоспаған.

Үкіметке қарсы ұрандап тұрған журналистер шеруі. Каир, 17 желтоқсан 2012 жыл


Мақала авторы келешекте дағдарысқа ұрынуы мүмкін елдерді таңдап алудың өзіндік қиындығына тоқталған. Автордың ойынша, сол елдің ішіндегі әртүрлі проблемалар келешекте болатын қақтығысты көлеңкелеп көрсетпей тұрады. Соған орай FP болашақта жанжал ошағына айналуы мүмкін елдерді анықтаудың бірнеше себебіне тоқталған. Саяси ахуалы нашар елдерде сайлау науқаны дұрыс өтпейтін болса, соның кесірінен елде қақтығыс туындауы мүмкін.

Елдегі әділдік принциптерінің сақталмауы, үкіметтің халық алдындағы ашық есеп бермеуі және әділдікті белден басуы қақтығысқа себеп болады. Автор осыған орай қазіргі Иемен, Судан, Сирия, Ливия, Кения және Колумбия елдеріндегі дағдарысты мысалға келтірген.

Автордың пайымдауынша, проблеманы шешу үшін түрлі шектеулер мен санкция салу да пайдасыз. Мұндай тәсіл керісінше дағдарысты күрделендіреді. Автор осы ойына орай Мьянма, Зимбабве және Иран елдерімен арада қалыптасқан шиеленісті мысалға келтірген. Қақтығыстың тууына соңғы себеп – заң нормаларын теріс мақсатта пайдалану. Біз әдетте «барлық мәселе заңмен реттелу керек» дегенді жиі айтамыз. Бірақ автократ президенттер заңдарды адам құқығын қорғауға емес, керісінше оларды қорлауға пайдаланып отыр деп жазады басылым.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ»

Мақала авторы International Crisis Group (ICG) – «Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымы жасаған болашақта жаңа даудың ошағына айналуы мүмкін он аймақтың тізіміне сілтеме жасайды. Болжамға ілінгендер – Кения, Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік Африка, Ливан, Колумбия, Филиппин, Мьянма (Бирма) және Орталық Азия.

ICG Орталық Азия аймағында Тәжікстанның 2012 жылы тұрақтылық сақтау бойынша ешқандай да жетістікке жетпеген күйі 2013 жылға аяқ басқалы тұрғанын жазады. Бұл елдің Өзбекстанмен қарым-қатынасы нашарлап барады. Елдің ішкі ахуалы шиеленісіп, Таулы Бадахшан аймағындағы сепаратистік көңіл-күй күшейіп келеді. Бұл өлке шалғайдағы таулы аймақта орналасқандықтан Душанбедегі ресми үкіметтің де ол жаққа ықпалы әлсіз. Алдыңғы жылдары да үкімет әскері жергілікті қарулы топпен талай рет қақтығысқан. Қарулы топтың көбі – бұрынғы азамат соғысына қатысқандар. Оларды үкімет «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» деп санайды.

Қарабас кентіндегі АК -159/18 колония алдындағы туған-туыстарының наразылық шарасы. Қарағанды облысы, 20 қыркүйек 2012 жыл. Сурет Вадим Курамшиннан алынған.


Болжауда Қырғызстанда да жағдай мәз емес деп жазылған. Үкімет елдің оңтүстік өңірінде асқынып бара жатқан ұлтаралық шиеленіс пен заң нормаларының сақталуына жеткілікті көңіл бөліп отырған жоқ. Президент әкімшілігі әзірше бұл саясатты реттемей отыр. Бішкектің Ош аймағына ықпалы тағы да әлсіреп кетті. Халықаралық қауымдастықтың осыған орай жасаған барлық сын-ескертпелері тағы да ескерусіз қалды.

Зерттеу авторларының жазуынша, Өзбекстанда әлі күнге дейін адам құқықтарын аяққа таптау проблемасы жалғасып жатыр. Одан бөлек Өзбекстанның 74 жастағы президенті Ислам Каримов әлі күнге дейін мұрагерін анықтаған жоқ. Осы фактордың өзі аймақта тұрақсыздық туғызуға жетерлік себеп. Ауғанстаннан ең соңғы әскері мен қару-жарағын әкетіп болғанша Вашингтон бұл мәселеге назар аударар емес.

ICG-тің болжауынша, Қазақстан қазіргі бағытын өзгертпейтін болса, бұл ел қақтығысқа толы тағы бір жылға қадам басады. Қазақстанның батысы мен оңтүстік өңірлерінде 2012 жылы бұрын-соңды белгісіз боп келген «джихадшы» топтар бірнеше террористік шабуыл жасады. Қазақстан үкіметінің өзін Орталық Азия аймағында ең тұрақты ел ретінде әйгілегісі келген әрекеті сәтсіздікке ұшырағандай. Себебі бұл ел демонстранттарды атып өлтіріп, саяси белсенділерді соттап жіберетін әрекетімен танылды. Сараптамада «келешекте де әлеуметтік-экономикалық наразылық Қазақстан мемлекетінің өркендеуіне кедергі келтіреді» деген жолдар бар.