Интернетке қатысты заң жобасына жұмыс тобы өзгерту енгізген күні шынжырланған клавиатура да Астанаға жетті

"Еркін интернет үшін" қозғалысының депутаттарға жолдаған сәлемдемесі.

Интернет желісін реттеуге қатысты заң жобаcын екінші оқылымға шығарар алдында, мәжілістің жұмыс тобы прокуратураның құзыретін күшейтетін бапты алып тастады. Бірақ нақты шешім мәжілістің жалпы отырысында белгілі болады. Алайда сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар заң жобасының қабылдануына қарсы.

Сәуір айының аяғында интернетті реттеуге қатысты заң жобасының бірінші оқылымын мәжіліс депутаттары сөзге келмей бір ауыздан мақұлдаған еді. Енді жұмыс тобы екінші оқылымға шығарар алдында өздері дауыс берген бапқа өздері қарсы шықты.

Атап айтқанда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 13-бабы, 1-тармағына енгізілмек өзгерістерді алып тастап, «Бұқаралық ақпарат құралдары немесе өзгенің хабарын таратқан ақпарат құралдары қожайынының не соттың шешімімен ғана тоқтатылады» деген түзетулер енгізді.

Ақпараттық және байланыс агенттігі әзірлеген, мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасына сәйкес, аталған бап «Заңға қайшы келген немесе қоғамға қауіп туғызатын хабар таратқан бұқаралық ақпарат құралдарын сот шешімінсіз, бас прокуратура үш күн ішінде тоқтата алады» деген мазмұнда жазылған болатын. Енді мұны алып тастауларын жұмыс тобындағы депутаттар қоғамдық пікірді есепке алғандарымен түсіндіреді.

Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов сөз болып отырған заң жобасы аясында өткен дөңгелек үстелдерде жайсыз тиетін сұрақтардың көп болғанын айтады.


- Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бізге өте көп мәселе қойды. Осыған қатысты заңдардың бәрін көтердік. Соңында Конституцияға тоқталдық. Сөйтіп, БАҚ-тың жұмысын тоқтату тек соттың шешімімен ғана жүзеге асу керек деген тоқтамға келдік, -дейді депутат Жақыпов.

Алайда, интернетті реттеуге қатысты заң жобасындағы форум, жеке блог, чаттар да бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріледі деген түзетулер сол күйінде қалып отыр. Мұның себебін мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов былайша түсіндіреді:


- Өйткені, интернет ресурстарының көп көлемді түрі, формалары бар. Чат болсын, форум болсын әрқайсысының ақпарат таратуға мүмкіндігі болғандықтан барлығын БАҚ түріне жатқыздық, - дейді депутат.

Заң жобасын әзірлеуші Ақпараттық және байланыс агенттігінің төрағасы Қуаныш Есекеев болса, жұмыс тобының аяқ астынан мұндай түзетулер жасағанына қарсы.


- Біз өз ұстанымымызда қаламыз. Мәжілістің жалпы отырысында да өз позициямыды қорғауға тырысамыз. Бірақ бұл бап өзгерген жағдайда да, заң жобаның концепциясы өзгермейтін болады, - дейді Қуаныш Есекеев.


Енді аталған заң жобасы алдағы сәрсенбіде мәжілістің жалпы отырысына екінші оқылымға шығатын болады.


Дегенмен сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар заң жобасына енгізілген түзетулер сөз бостандығының кепілі бола алмайды деп отыр. Мәселен, Азаттық радиосына сұхбат берген «Әділ сөз» қоғамдық қорының төрайымы Тамара Калеева өздерінің наразылық акцияларын тоқтатпайтындығын айтты.


- Жұмыс тобы БАҚ-ты тоқтатуды сот шешіміне қалдырғаны дұрыс. Бірақ бұл көп нәрсені өзгерте алмайды. Заң жобасында Конституцияға қайшы келетін өте көп нормалар бар. Атап айтқанда, интернеттегі барлық құрылымдарды БАҚ-қа теңестіру жөнінде. Біз мемлекеттің шетелдік веб-сайттарды да сүзгіден өткізетініне қарсымыз. Бұл қазақстандықтардың құқығын шектейді. Біз интернетті реттейміз деген сылтаумен, өздеріне тиімсіз ақпарат құралдарын жауып, тұсаулауға жол ашатын заң жобасына қарсымыз, - дейді Тамара Калеева.

Тамара Калееваның сөзінше, қазір интернетті пайдаланушылар арасында наразылық акциясына дайындық жүріп жатыр. Дәлірек айтқанда 13-мамыр күні сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін заң жобасына қарсылық ретінде Қазақстанда тіркелген веб-сайттың иелері интернет парақшаларын өшіреді екен. Олар бұл акцияға ынтымақтастық ретінде шетелдік веб-сайттарды да шақырып отыр.

Айта кету керек, «Әділ сөз» қоғамдық қорының кеңсесіне "Бүгін Астанаға, парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджановқа жіберілген сәлемдеме жеткізілді" деген ескертпе хат келіпті.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған күні Алматыдағы сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар парламентке ішіне шынжырлы клавиатура салынған сәлемдеме жіберген болатын. Бірақ бұл сәлемдемені әлі не мәжіліс депутаттары, не мәжілістің баспасөз қызметі көрмепті. Мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов сәлемдемені тек газеттен суретін көрдім, бірақ көзбе-көз әлі көрмедім дейді. Дәл осылай деп мәжілістің баспасөз қызметі де жауап берді.