Бұғатталған сайттар бір айдан бері ашылмай тұр

Алматыдағы интернет-клубтардың бірінде Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Ratel.kz пен Zonakz.net сайттарының иелері кімнің не үшін бұғаттағанын әлі білмейтіндерін айтады. Инвестициялар және даму министрлігі өкілі «желідегі ақаулар тексеріліп жатқанын» хабарлады.

Қазақстандық Ratel.kz және Zonakz.net интернет-ресурстарының ашылмай тұрғанына қазанның 9-ында бір ай толды.

Zonakz.net сайтының бас редакторы Юрий Мизинов бұл оқиғаға байланысты адвокаттары бас прокуратураға сұрау салғанын, бас прокуратура оны инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне жолдағанын айтады.

– Сайт үш түрлі себеппен – не бас прокуратураның пәрменімен, не сот шешімімен, не меншік иесінің шешімімен жабылады. Бірақ сайт иесінің ондай шешімі жоқ. Тексеріп едік, сот шешімі де жоқ. Бас прокуратура комитетке сұрау салған екен, онда бас прокуратура да пәрмен бермеген. Яғни сайттың бұғатталуы – заңсыз, - дейді Юрий Мизинов.

Zonakz.net сайтының бас редакторы Юрий Мизинов.

Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов те «материалдарының бәрі өткір тақырыпты қозғайтынын» айтып, сайтының не себепті бұғатталуы мүмкін екенін білмеді.

– Сайт 9-қыркүйек күні ешқандай ескертусіз ашылмай қалды. Істемегеніміз жоқ: интернет-протоколын ауыстырсақ та, сайттың атын өзгертсек те, екі-үш сағаттан соң ашылмай қалады. – дейді сол оқиғадан бері ұлттық қауіпсіздік комитетінен де, бас прокуратурадан да, «Қазақтелеком» компаниясынан да жауап ала алмай отырғанын айтқан Марат Әсіпов.

Ratel.kz және Zonakz.net интернет басылымдары бір айдан бері материалдарын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында жариялап келеді.

«БІЗДІҢ ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі бұл сайттардың ашылмау себебін білу үшін домендік атау берген PS.kz хостинг компаниясына хабарласты. Бірақ ол мекеме сайттың ашылмауына еш қатысы жоғын айтады.

– Хостинг беруші ретінде біздің тарапымыздан бәрі қалыпты жағдайда істеп тұр. Провайдерлердің қамтамасыз ететін жүйелер байланысына біз жауап бермейміз. Біздің жүйеміздің трафигі қалыпты жағдайда жүріп жатыр, - дейді хостинг компаниясының бас директоры Никита Красаулин.

Көрнекі сурет.

Қазақстандық интернет кеңістіктегі .kz домендік атауын реттейтін Қазақ торап ақпарат орталығы» мекемесі (KazNIC) де Ratel.kz пен Zonakz.net сайттарын «бұғаттауға қатысы жоқ» екенін айтады.

– Сайттардың неге ашылмай тұрғаны туралы болжамдарым бар. Бірақ оларды ақпарат құралдары арқылы жариялағым келмейді, – дейді KazNIC директоры Павел Гусев.

Инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті аталмыш сайттардың ашылмай қалуына байланысты тексеру жүріп жатқанын айтты.

– Мүмкін, Ratel.kz пен Zonakz.net орналасқан желіде кедергілер бар шығар. Оны қазір айта алмаймыз. Желілерде болатын ақауларды тексеретін мекемеміз жұмыс істеп жатыр. Сосын қорытындылары шыққанда жауап береміз, - деді комитеттің баспасөз хатшысы Сәуле Мукашева Азаттыққа.

Азаттық байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінен «Сайттар мен веб-парақшалар қандай жағдайларда кімнің шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін?» деп сұраған еді.

Freedom House ұйымының әлемдегі 2014 жылғы интернет еркіндігін карта арқылы сипаттауы. Көк - интернеті еркін, сары - жартылай еркін, қызыл - еркін емес елдер.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 1-бабының 4 және 5-тармақшаларына сәйкес интернет-ресурс БАҚ қатарына жататынын» айтқан комитеттің дерегінше, «БАҚ-ты шығару не өнімін тарату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін».

Комитет БАҚ-тың шығарылуын не өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болатын себептер осы заңның 13-бабының 3-тармағының айтылғанын ескертеді. Ол тармақта «мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуден» бастап «әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық басымдықты насихаттау немесе үгiттеуге» дейінгі ондаған себеп айтылған.

Ratel.kz және Zonakz.net сайттарының бұғатталуы халықаралық ұйымдарды да алаңдатады. Қыркүйектің соңында ЕҚЫҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа хат жазып, Қазақстан билігін соңғы жайттарға қатысты тексеру жүргізіп, бұл сайттарға салынған тосқауылды алып тастауға көмектесуге шақырған. ЕҚЫҰ өкілі «сайттарды бұғаттау – тым шектен шыққан шара, бұл еркін ақпарат ағынына тосқауыл қойып, баспасөз еркіндігін асыра шектеуге ұласуы мүмкін» деп мәлімдеген.