Батыс басылымы Астана жасаған уран келісімдеріне тәнті

"Қазатомпромға" қарасты "Инкай" уран өндіру зауыты. Оңтүстік Қазақстан облысы, Тайқоңыр ауылы, 5 маусым 2010 жыл

Jamestown жариялаған сараптама бойынша Қазақстан мен Жапонияның арасындағы уран мен сирек металдар саудасына байланысты жасалған келісім-шарттар екі елге экономикалық жағынан да, саяси жағынан да тиімді болмақ.
Ұйымның пайымдауынша, әдетте уран мен сирек кездестін элементтерге байланысты жасасқан келісімдер саяси тұрғыда сондай маңызды саналмайды. Алайда Қазақстан мен Жапония арасындағы келісім Азия аймағында континетаралық саясаттың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Әсіресе, сыртқы сауданы нығайтып, шетелден инвестиция тарту жұмыстары – сауатты саяси стратегияның нышаны ретінде қабылданады.

«УРАНДЫ 40 ПАЙЫЗҒА АРТТЫРМАҚШЫ»

Jamestown («Джеймстаун») ұйымының шілденің 30-ы күнгі сараптамасы Қазақстанның 20 жылдан бері жүргізіп келе жатқан көп векторлы сыртқы саясатын талдап өтеді. Қазақстан сыртқы экономикалық мәселеде Қытай мен Ресейге біржола тәуелді болмас үшін өзге елдермен де жан-жақты саяси байланыста болуды сәтімен іске асырып келеді.

Зерттеу авторы «Қазақстанның табиғи қазба байлықтарға бай болуы мен инвесторларға мұқтаж болуы оның сыртқы саясатта епті болуына ықпал етті» деп есептейді.

Тайқоңырдағы уран өндіру кеніші. 5 маусым 2010 жыл.


Ұйым мамандары биылғы наурыз айында Қазақстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Жапонияның ақпарат құралдарына айтып қалған сөзін де келтірген. Саудабаев шетелдік журналистерге «Қазақстан келешекте Жапонияға сататын уран өнімдерін 3-4 пайыздан 40 пайызға дейін өсіруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта уранның 30 пайызға жуығын өңдеп, дайын күйінде сатпақшымыз» деген.

Сараптама материалда Саудабаевтың сөзіне сүйене отырып, Қазақстан мен Жапонияның ірі атом өнеркәсібі компанияларының тиісті құжаттарға қол қойып, келіскені жайлы да айтылған.

СИРЕК МЕТАЛДАР САУДАСЫ

Jamestown-ның дерегінше Қазақстан 2009 жылдан бері әлем бойынша уранды ең көп өндіретін елдердің қатарында. Астана болашақта уран өніміне сұранысы өсіп бара жатқан Еуропа мен Азия елдеріне негізгі уран сатушыға айналуды көздеп отыр.

2011 жылғы Фукусима апатынан соң ғана уран саудасының сәл бәсеңдегені болмаса, Жапония Қазақстан уранын Ресейдің Қиыр Шығысы арқылы жеткізіп алуды қарастырып жатыр. «Қазатомпром» компаниясы осы салаға салатын қаржысын келесі жылы 220 миллион доллардан 542 миллионға дейін екі есеге арттыруды жоспарлаған.

Сирек метал құймасы. Көрнекі сурет


Jamestown-ның зерттеуінше, Қазақстан Жапонияға уран өнімдерін ғана емес, сонымен қатар молибден, рений мен бериллий сияқты сирек кездесетін металл түрлерін де сатуды жоспарлап отыр. Бұл элементтердің барлығы дерлік негізінен қару-жарақ жасау мен технология саласында пайдаланылады. Келешекте екі ел бірігіп, Солтүстік Қазақстандағы Степногорск қаласының маңынан диспрозий элементін өңдейтін зауыт салмақшы. Жоспар бойынша бұл зауыт Жапонияға жыл сайын әзірге 30 тонна өңделген диспрозий жібереді. Алдағы жылдары бұл тауардың көлемі 50 тоннаға дейін жетуі мүмкін.

Ұйымның мәлімдеуінше, Қазақстан дәл осындай бағытта Германиямен де әріптес болып жатыр. Екі ел таяуда құны 3 миллиард еуро болатын келісім-шартқа қол қойған. Жер астында сирек кездесетін элементтерді бірлесіп игеру жағынан қазір Франция да Қазақстанмен істес болуға ынтық делінген ұйымның баяндамасында.

«ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН СҰРАНЫС ТАУАРЫ»

Зерттеушілер осы фактілердің бәрін сараптай келе бұл келісімдер болашақта екі елге тек экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да өте ұтымды деген тұжырым жасайды. Астана уранға тәуелді шетелдік инвесторларды тепе-тең жағдайда ұстау арқылы халықаралық аренадағы саяси да, экономикалық та ахуалын нығайта алады.

Уранға мұқтаж Еуразия елдеріне қажетті тауарын сату арқылы Қазақстан тіпті Ресеймен де, Қытаймен де бәсекелес бола алады. Мұның арқасында Қазақстанның тәуелсіз жағдайда дамуына мүмкіндік молаяды деп болжайды сарапшылар. Ал Токио болса Қазақстан уранына қол жеткізу арқылы Қытайдың ықпалын әлсіреткісі келеді. Себебі жер асты рудаларына тәуелді Жапонияға Қытай үкіметі 2008 жылдан бері экономикалық ықпалын арттырып келеді.