ДАУДЫҢ БАСЫ...
13 тамыз күні Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановты облыс әкіміне жала жапты деген айыппен бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.
Оған негіз болған Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың 15 шілде күні баспасөз -мәслихатын өткізгенде аймақ басшысы Ізмұхабетовты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап айтқан сөздері еді.
Осы баспасөз-мәслихатынан кейін араға апта салып, 22 шілде облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі Амангелді Дәулетжанов Алпамыс Бектұрғановтың аттестациядан өте алмағаны үшін қызметінен босатылғанын мәлім еткен еді.
27 шілде күні Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінің ар-намысына нұқсан келтірді деп, Алпамыс Бектұрғановты сотқа берді. Өз арызында ол жауапкерді «жазықсыз қаралап, өзіне күйе жаққаны үшін» жазасыз қалдырмауын сұраған болатын.
Ақыр соңында облыс әкімінің кеңесшісі бастығын сынаймын деп алдымен жұмыссыз қалды, соңынан түрмеден бір-ақ шықты.
Алматыға Оралдан келген журналистер облыс әкімі кеңесшісінің сол 15 шілдедегі атышулы баспасөз-мәслихатына қатысып, тиісті хабар таратқан түрлі басылымдардың тілшілері еді.
"ТӨРТЕУГЕ ҚАРСЫ БАСТАЛҒАН "СОҒЫС"
Алматыға келген журналистер Батыс Қазақстанда «түсініксіз» жайттар орын алып жатқандығын айтады. Бір анығы мұның бәрі Батыс Қазақстан облысы әкімінің талап-арызы бойынша өткен сот процесінен кейін басталған.
- Сот процесінің кезекті отырысы басталмас бұрын (10 тамыз күні) маған «ТДК-42» телеарнасының Геннадий Пак есімді қызметкері келіп, әкім 4 журналисті «тұзаққа түсіруді» көздеп отырғандығын айтты. Олар – Алла Злобина, Лұқпан Ахмедьяров, мен және Артур Нығметов. Неге біз төртеуміз екендігі жайында әзірге ешқандай болжамдар жоқ. Алайда оның айтқандары бүгінгі таңда орындалып жатқан сыңайлы, – дейді атыраулық «Тұран» газетінің тілшісі Санат Орынәлиев.
Тілшінің айтуынша, Геннадий Пак сот барысында өз айтқандарынан бас тартып, Санат Орынәлиевті
жала жауып отыр деп айыптаған.
- Менің білуімше, қазір Геннадий Пак мені сотқа беруді көздеп отыр, – дейді С.Орынәлиев.
«Төртеудің» бірі – «Республика» басылымының Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Алла Злобинаның пайымдауынша, кәсіби қызметін атқарған журналистерді куәгер ету қысымның бір түрі.
- Екі шенеунік өзара шешу керек. Ал біз үшінші жақпыз, біз болған оқиғаны баяндаймыз. Әкімнің кеңесшісі баспасөз мәслихатын өткізеді деген соң барлығымыз барғанымыз рас. Әрине біз ол жиын туралы жаздық. Нәтижесінде бізді сотқа шақыртып, егер Бектұрғановқа қарсы сөз айтпасаңдар, онда өздерің жауап бересіңдер деген сыңай танытты. Мен мұны журналистерге қысым деп бағалаймын, – дейді Алла Злобина.
АЗАТТЫҚ ТІЛШІСІ СОТ ПРОЦЕСІНЕ ЖІБЕРІЛМЕДІ
Азаттық радиосының Батыс Қазақстандағы меншікті тілшісі Артур Нығметов те әкімнің экс-кеңесшісі өткізген баспасөз мәслихатына қатысқан болатын. Ал сот процесі басталған кезде түсініксіз себептермен тілші сот процесіне жіберлмеген.
- Алдымен Төлеев мырза сот залынан бірнеше журналистерді куәгер болуы мүмкін деген себеппен шығып кетуін талап етті. Олардың ішінде мен де болдым. Дегенмен мен шақырту алған жоқпын, оған қоса сот процесін бақылау мүмкіндігінен де айрылдым, – дейді Артур Нығметов.
Атыраулық «Тұран» газетінің тілшісі Санат Орынәлиевтің айтуынша, қазір облыстағы барлық басылымдардың меншік иелерін жауапқа тарту процесі басталған.
- Жауапқа тартылып жатқан «Время», «Мегаполис», «Республика» сынды басылымдар. Оның ішінде журналистер мен меншік иелері бірге жауап беруде. Меніңше бұл әдіс - аймақтағы тәуелсіз басылымдарды тұншықтыру үшін өте ыңғайлы процесс. Өйткені, облыс әкімін сынаған адам жазаланды, енді керек болса сол ақпаратты таратқан журналистерді де жазалау мүмкіндігі туып тұр. Егер ол сот істері басталса олардың немен аяқталатындығы айтпаса да түсінікті, - дейді журналист Санат Орынәлиев.
АДВОКАТ ТӨЛЕЕВ: "ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНЕР"
Батыс Қазақстан облысы әкімінің талап-арызы бойынша жүрігзілген сот ісінде әкімнің қорғаушысы болған адвокат Мұстақым Төлеев те Алматыдағы баспасөз-мәслихатына қатысып, «қуғынға ұшырап жатырмыз» деген журналистердің өздеріне сұрақатр қойды. Баспасөз-мәслихаты аяқталған соң ол журналистерге жан-жақты түсініктеме беріп, оралдық тілшілердің билік тарапынан қысым көрдік дегендері негізсіз деп атап көрсетті.
- «Қорыққанға қос көрінер» демекші, жиын өткізген журналистерді Алматыға алып келген – қорқыныш сезімі. Аймақта ешқандай қуғын жүріп жатқан жоқ. Ол негізсіз. Біз де оларға ешқандай кінә тағып отырған жоқпыз, – дейді адвокат.
- Ал Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты соттың шешімін қалай бағалайсыз?
- Мен Ахмедьяров мырзаның дөрекі мінезінің бар екендігін білемін, естігенмін. Алайда сол сот процесі барысында өзім көріп, куә болдым. Процесте сот ресми түрде жауап алғаннан кейін, төрағалық етуші «Ахмедьяров мырза, сізден жауап алғаннан кейін, енді сіз куәгер емессіз, сондықтан БАҚ өкілі ретінде сот процесіне қатысуыңызға болады» дейді. Ол «бұл сот емес балаган, мен кеттім»-деп кетіп қалды. Бұл сотты сыйламағандық. Мен бұл жөнінде судьяға ескертіп айттым. Сот билігін сыйламауға болмайды, ондай құқық ешкімде жоқ. Назарбаевтың өзінде де жоқ! – деді адвокат.
Құқықтық мемлекетте құқықтық сауаттылық болуы керек деген адвокат Төлеев олар азаматтық іс қайсы,қылмыстық іс қайсы екендігін ажыратып, айқындап жазбайды, әлде әдейі жасай ма, білмедім дейді.
Адвокат Төлеевтің пікірінше облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі жергілікті журналистерді өзінің айтыс-тартыс, айла-шарғысына араластырып, әкімге қарсы сын айтуда журналистерді қалқан қылмақшы болған. Өйткені кеңесші Бектұрғанов баспасөз-мәслихатын өткізерден бір күн бұрын журналистердің кейбірімен не үшін кездескен деген сауал тастайды адвокат. Бұған қоса ол журналистер сотта судьяның сұрақтарына шынайы жауап бермеді, диктофондағы жазбаларымыз өшіп қалды деген жауаптар айтты, ал Бектұрғанов болса барлық мәселені журналистерге қарай итеріп, олар менің айтқан сөздерімді бұрмалап жеткізді деп жауапкершілікті сол тілшілердің өздеріне артып қойды дейді адвокат Төлеев.
Адвокат мұнымен қатар әкімнің бұрынғы кеңесшісі Бектұрғановтың қолында Ізмұхамбетовті жемқорлық пен сыбайластыққа қатысы бар деп айыптауға негіз болатындай жеткілікті айғақтары болмаған деп есептейді.
ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТАДЫ
Қазақстанның баспасөзді қорғау ұйымдары оралдық шенеуніктердің журналистерге қатысты іс-әрекеттеріне наразылық білдірді. "Әділ сөз" қорының жетекшісі Тамара Калеева былай деп атап көрсетті:
-Біз әріптестерімізді қолдаймыз. Бұл әрине бәріміз де бір саладан болғандықтан жасалып отырған ынтымақтастық емес, сөз еркіндігі мен пікірді, көзқарасты білдіру еркіндігі турасындағы коституциялық құқықтың жалған декларация еместігін дәлелдеу үшін.
Журналистер одғы да 19 тамыз, сәрсенбі күні Батыс Қазақстан облысындағы журналистерге қысым көрсетіліп жатқаны жөнірде мәлімдеме таратты.
"Біз мұндай сот шешімдері Қазақстанның негізгі құндылықтарына қайшы келеді деп есептейміз. Сөз бен шығармашылық бостандығына құқ берілген елде адамды өзінің ойы мен көзқарас-пікірін ашық айтқаны үшін қылмыскер деп танып, жазалауға болмайды" деп атап көрсетілген Қазақстан журналистер одағының мәлімдемесінде.
СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ ЛҰҚПАН БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚТЫ
Белгілі болғандай, сәрсенбі, тамыздың 19-да Лұқпан Ахмедьяров қамаудан босатылды. Ол сотты сыйламағаны үшін айыпты деп танылған болатын.
Сот қаулысында: «Лұқпан Ахмедьяров 2009 жылдың 11тамызында Бектұрғановтың ісіне қатысты өткен сот отырысына куәгер ретінде шақырылды. Жауап алу кезінде судья Ахмедияровқа бірнеше мәрте ескерту жасауға мәжбүр болды. Өйткені, журналист адвокат Төлеевтің сауалына сауалмен жауап қайтарып, мысқылдаған. Жауап алу рәсімі біткеннен кейін судья Қарасаева сот залында қала беруге болады немесе сот залынан шығып кетуге құқы бар екенін ескерткен кезде, құқықбұзушы Ахмедьяров мұндай «балаганға» қатыспайтынын айтып, сот залынан шығып кетті. Осылайша, Ахмедьяров сотты сыйламай, әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берді» делінген.
Прокуратураның Лұқпан Ахмедьяровқа 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салып, жазалауды сұрағанына қарамастан, сот әкімшілік жаза қолданып, журналисті 5 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады.
Жазаланған журналист осының алдында ғана облыс әкімі Ізмұхамбетовтың өзінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановқа қарсы берген талап-арызы бойынша аяқталған сот ісінде сотқа құрмет көрсетпеді деп айыпталды. Журналист Ахмедьяров сотқа куәгер ретінде шақырылған еді.