Чкалово кентіндегі тіршілік біртіндеп қалпына келе бастаған. Үйлеріне оралған тұрғындар тасқыннан қалған лайды күреп, бүлінген мүліктерін күресінге лақтырып, аман қалғандарын далаға шығарып, кептіріп жатыр. Тұрғындар еріген қар суымен араласқан ағынды судың иісі сіңіп қалған үйлерін терезелерін ашып тастап желдетіп жүр. Кенттің өзінде де, үйлердің ішінде де сыз бен батпақтың иісі қатты сезіледі. Көп үйлердің жертөлесі әлі суға толы.
Көшеде ерсілі-қарсылы ағылған жұрттың жүзі қаяулы, қабағы қатыңқы. Кейбір тұрғындар «енді қалай күн көреміз деген уайымнан сайлауды ойлауға мұрша жоқ» дейді. Ал енді біреулері қалжыңдауға тырысады. Азаттық тілшісіне комментарий берген ондаған тұрғын «мемлекет сырт қалмай, қарайласар, су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмектесер деген үмітпен ғана кезектен тыс президент сайлауында дауыс бердік» дейді.
Чкалово кентінде тұратын 300-ден аса адамның 143-і сайлаушылар тізіміне енген.
САЙЛАУДАН КЕЙІН ҮМІТ КҮТКЕНДЕР
Чкалово кентінің 80 жастағы тұрғыны Анастасия Жукевич «үйдегі қабаттасқан шаруадан қолы тимей» сайлау учаскесіне бармағанын айтады. Сайлау комиссиясы мүшелері дауыс беретін жәшікті көтеріп, оның үйіне өздері келген. Анастасия Жукевич оларға су тасқынынан бүлінген үйін көрсетіп, «мұның бәрін қашан және қандай ақшама жөндетемін» деп қамығады.
– Жуырда ғана сатып алған бүкіл жиһазымыз бүлінді. Үйдің іші сыз әрі тастай суық, жұрт «денсаулығыңды құртасың, үйіңе қонба» дейді. Бірақ үйімді қараусыз қалдырғым келмейді. Оның үстіне, бәрін жинастырып, жарамсыз заттарды сыртқа шығарып, тазалап, жуу керек, бөлмелерді желдету керек қой. Үйге еріген қар суымен бірге ағынды су да кіріп кеткен, – дейді Анастасия Жукевич Азаттық тілшісіне.
Сайлау комиссиясы мүшелері сайлау жәшігін көтеріп 77 жастағы Валентина Гурьеваның да үйіне келді. Су басқан үйінің әр бұрышын көрсетіп шыққан зейнеткер су тасқыны кезінде үйдің іші кісі бойы суға толып кеткенін айтады.
– Қабырғалары дым тартып, қаусап тұр. Жөндеген еңбегіміз зая кетті, тұрмыстық техника мен жиһаздың бәрін далаға лақтырып жатырмыз. Сайлаудан кейін билік бізді ұмытып кетпей, материалдық көмек көрсетер деп үміттенемін. Үйді жөндеуге көмек бөліп, бүлінген дүние-мүлік үшін өтемақы беретін шығар. Бәрі дұрыс болсын деп туған мемлекетіміздің қамын ойлағандықтан, жұрттың жағдайын жасасын деп дауыс бердім, – дейді Валентина Гурьева Азаттық тілшісіне.
Антоновтар отбасының бүкіл қора-қопсысы бүлініп, қабырғасы жарылған үйі құлайын деп шайқалып тұр. Олар қора-қопсының бірінде, тастай суық әрі сыз еденде ұйықтап жүр, ал матрас, көрпе-жастықты қайырымды жандар әкеліп берген.
– Мемлекет сайлауда берген дауысымызды ескерер, көмек беріп қарайласар деп үміттенемін, – дейді Чкалово кенті тұрғыны Иван Антонов.
№303 сайлау учаскесі хатшысы Татьяна Вайгант көшенің бас жағындағы үйін екі рет су басқанын айтады.
– Билік үйімді күрделі жөндеуден өткізуге ақша бөлетін шығар деп үміттенемін. Бізді сайлау өтісімен ұмытып кетпейді деп сенемін, – дейді Татьяна Вайгант Азаттық тілшісіне.
Сайлау комиссиясы төрағасы Виктор Хитруктың айтуынша, қазір кентте ауыз су тапшы. «Кентті су басқан кезде лас су араласып кетуі мүмкін» деген қауіппен тұрғындар құбырмен келетін суық суды ішуден қорқады. Қазір тұрғындарға ауыз суды жеткізу шарасы ұйымдастырылған.
ВИДЕО: Чкалово кенті тұрғындарының пікірі
Your browser doesn’t support HTML5
«САЙЛАУДЫҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»
Азаттық тілшісі Чкалово кенті қарасты Самарқан ауылында да барып, ауылдық округ әкімімен кездесті. Әкім Мұхтар Ақсартов су тасқынынан зардап шеккен жандардың бәріне көмек көрсетілетінін айтты. Жұрт үйлерін жөндеуге және бүлінген мүлкі мен қырылған малы үшін өтемақыға екі арыз берген. Су басқан өзге ауылдармен салыстырғанда, Чкалово кентінде көп мал қырылмаған – бір сиыр, бір қой және екі шошқа ғана өлген. Қалған малды қауіпсіз жерге айдап апарып үлгерген.
– Чкалово кентінде қатты зақымданған үш үй апатты жағдайда әрі тұруға жарамсыз деп танылды, оларды бұзатын шығар. Жаздың аяғына қарай, яғни жылу маусымы басталғанға дейін жұрттың бұзылған үйлерінің орнына жаңа үйлер салып береді. Әлгі үш үйдің тұрғындарына «әзірше Теміртау қаласында тұра тұрыңдар» деп ұсындық. Бір отбасы келісіп, пәтер жалдады. Уақытша баспананы жалдау ақысын мемлекет өтеп береді. Тағы бір жеркепе құлап қалды, бірақ оған өтемақы төленбейді, өйткені комиссияға жеркепенің құжаттарын өткізбепті. Ол жерде бұрын ешкім тұрмаған, – дейді Самарқан ауылы округы әкімі Мұхтар Ақсартов Азаттық тілшісіне.
Қазір бағалау комиссиясы су тасқынынан келген шығын көлемін анықтап жатыр. Биліктің жоспарынша, үйлерді жөндеу мен өтемақы төлеу келесі аптада басталады. Бағалау комиссиясында жеке сарапшылар мен бағалаушылар жұмыс істейді. Болжам бойынша, олардың қызмет ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. «Сайлаудың бұған қатысы жоқ» деген әкім Мұхтар Ақсартов тұрғындардың шығыны толық өтелетінін айтады. Ол зардап шеккендерді уайымдамауға шақырады.