Ақпанның 23-і күні Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының қылмыстық сотында құқық қорғаушы Санат Бөкеновтің ісін қараған кезекті сот отырысы бастала салып аяқталды.
Қарағандыдағы тергеу абақтысының жалғыз кісілік камерасында қамауда отырған Санат Бөкеновті белгіленген уақытта сотқа әкелмеді. Ол судья Жанат Егембердиеваға сотқа қатысқысы келмейтінін мәлімдеген арызын жасауыл арқылы беріп жіберген. Бөкенов «жәбірленуші» ретінде қол қойған арызында 2016 жылғы желтоқсанда тағайындалған Қарағанды облысының жаңа прокуроры Ыбырай Тілеуғалиевтің атына арыз дайындап жатқанын жазған. Судья процеске қатысушылардың пікірін тыңдағаннан кейін отырысты дүйсенбі, ақпанның 27-сіне ауыстырды.
ТОҒЫЗ ЖӘБІРЛЕНУШІ
Сотталушы Санат Бөкенов «қоятын сұрақтарым бар» деп қатысуын қамтамасыз етуді өтінген жәбірленушілер мен куәгерлер де сотқа келмеді. Олардың сотқа не себепті келмегені белгісіз. Іс бойынша барлығы тоғыз адам жәбірленуші деп танылған. Көбі - құқық қорғау органдары, прокуратура, коррупцияға қарсы қызмет, әкімдік және сот қызметкерлері. Жәбірленушілер тізіміне енгендердің дені - Балқаш қаласы немесе Қарағанды облысындағы мемлекеттік орган қызметкерлері.
Балқаш аймағы бойынша коррупцияға қарсы қызметтің аймақаралық бөлім қызметкерінің түсініктерінде «Бөкенов жалған мәлімет тарату арқылы мені коррупциялық қылмыс жасады деп айыптады» деп жазған. Бірақ жәбірленуші «Бөкеновке деген ешқашан бас араздығым болған жоқ» деп көрсеткен.
Бірер күн бұрын Бөкенов сотта Балқашта «мемлекеттік баспана оңды-солды таратылды», ал бұған жол берген тұлғаларды «әшкереледім» деп мәлімдеген. Бөкеновтің сөзінше, бұл жағдайлар бірнеше жыл бұрын болған, бірақ оны қылмыстық қудалау енді ғана басталған. Оның үстінен қылмыстық істі «көрінеу жалған мәлімет таратып, тұлғаны коррупциялық қылмыс жасады деп айыптағаны үшін» қозғаған. Санат Бөкенов ақпанның 21-і күні сотта:
— Маған жазалау операцияларын қолданып жатыр. Коррупцияға қарсы күресемін! Сол үшін мені ату керек пе сонда? Кей куәгерлерді мені қаралап түсінік беруге мәжбүрлепті, олардың кейбірі ертеректе сотталған адамдар , сондай куәлерді іріктеп алған. Прокуратура мені айыптап, «жарымжан етіп» тастады, - деген болатын.
Прокурор Мұхамеджанов оның бұл сөзіне қатысты ескерту жасады:
— Бөкеновтің прокуратура мен оның қызметкерлерін айыптауын тоқтатуды сұраймын. Егер әлдебір фактілеріңіз болса, тиісті органдарға жүгініңіз, - деді ол.
ӨТІНІШТЕРІ ОРЫНДАЛМАДЫ
Осы аптада сотталушы Санат Бөкеновтің бірнеше өтініш, мәлімдемелері қабылданбады. Мысалы, ол қылмыстық істі уақытша тоқтатып, қосымша тексеруге қайтаруды сұраған, бірақ сот өтінішін орындамады.
Бөкенов «әрекет етпеді әрі қылмыстық іске қатысты заң бұзушылықтарды жою үшін шара қолданбады» деген уәжбен мемлекеттік айыптаушы Мұхамеджановты істен шеттетуді сұраған болатын. Сот оның бұл өтінішін негізді деп таппады. Судья прокурордың сотқа дейінгі тексеруге қатысуы да, сотта айыптауды қолдауы да «оның қылмыстық істі қарауға қатыса беруіне кедергі болып саналмайды» деген уәжбен прокурор Мұхамеджановты сот процесіне қатыстырмау жайлы өтінішті қанағаттандырмады.
Қарағанды облысы Балқаш қаласында тұратын 58 жастағы құқық қорғаушы Санат Бөкеновтің қамауда отырғанына жеті ай болды. Соты Қарағандыда биылғы жылдың басында басталған. 2014 жылы Бөкенов жұртқа «прокуратураның енжарлығы кесірінен Балқашта қала билігі балалар үйі тәрбиеленушілерінен баспанасын тартып алып жатыр» деген ақпарат жариялағаннан кейін «жергілікті прокурорды қаралап, көрінеу жалған мәлімет таратты» деген айыппен оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.