Шахандағы жұрт қорқынышпен өмір сүріп жатыр

Шахан кенті тұрғыны Галина Осипова. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Шахан кентіндегі бір подъезі құлаған үй тұруға жарамды деп ресми жарияланса да, кей тұрғындар пәтерлеріне оралған жоқ. Енді үйді көшеге орнатылған модульдық жылу қазандығы жылытады.

Бірақ Шаханның өзге үйлері «буржуйка» пеші немесе автономды жылыту қазандығы арқылы жылынады. Жұрттың көбі «кентке орталықтандырылған жылу жүйесін қайта тарту керек» дейді.

Апатта қаза тапқандардың туыстарына баспасөз өкілдерімен сөйлесу өте ауыр. Алты жастағы ұлы Вовамен бірге мерт болған 26 жастағы Елена Алексеенконың әке-шешесі Азаттық тілшісімен сөйлесуге келісім берді. Еленаның отбасы құлаған подъездің бесінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде қайын енесімен бірге тұрған. Олардың пәтерін қалпына келтіру мүмкін емес.

– Ол кезде күйеу баламыз іссапарда болатын. Құдайға шүкір, қызымның енесі тірі қалды, ал Леночкам мен жиенім бесінші қабаттан құлап, мерт болды. Қызым бала көтере алмай көп емделіп, операция жасатып, жиенімді әрең көтерген болатын. Еленаның әкесі қайғыны көтере алмай, әлгі апаттан кейін есін әрең жиды. Мен шыдауға тырысып жүрмін. Қызымның енесі төртінші инсульт алып, ауруханада жатыр. Күйеу баламның жағдайы да нашар, оны нағашы әпкесі үйіне алып кетті. Бұл қайғының орнын ештеңе толтыра алмайды. Бірақ мұндай қасірет енді қайталанбас үшін үйлерді қауіпсіз жолмен жылыту мәселесін шешу керек. Ертеректе үй комитетінде жұмыс істегенмін, сондықтан әлгі қазандықтардың әсіресе жел соққан кезде қандай қауіпті екенін білемін. Кентте жарық жиі өшіп қалады. Біз жарық өшіп қалып, қазандық дұрыс жұмыс істемеген деп санаймыз, – деді қаза тапқан келіншектің анасы.

ахандағы құлаған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2016 жыл.

«ӨМІР СҮРУ ҚОРҚЫНЫШТЫ БОЛЫП БАРАДЫ»

Қаңтардың 1-інде бір подъезі тұтас құлап қалған 4-үйді енді демеушілердің ақшасына жеке меншік компания орнатқан модульдіқ қазандықтан жылытады. Жергілікті тұрғындар «Оны орнату үшін тоғыз адамның өмірін жалмаған апат болуы керек пе еді?» деп қынжылады.

Құлаған подъезге көрші подъезде тұратын 76 жастағы ерлі-зайыпты Досжан мен Теңдік Жұмкиндер пәтерлерінде бір апта болмай, екі күн бұрын ғана оралыпты. Бірақ әлгі қасіреттен кейін үйдегі пәтерлердің көбі әлі бос тұр – қожайындары оралуға асығар емес. Пәтерлердің іші суық, қабырғалардан ызғар соғады, едені де суық – жылы қымтанып, жылы аяқ киім киіп жүру керек.

Шахан кенті тұрғыны Досжан Жұмкин. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

– Үйдің орнынан қозғалып кеткені анық. Әлгі жарылыс болып, подъезд құлаған кезде үйдің қатты шайқалғаны сонша диванда отырған жұбайым екеуміз артқа шалқайып қалдық. Үй артқа шалқайып қалды да, қайта орнына келді. Орнымнан атып тұрсам, терезеден бірдеңе жылтылдайды. Терезені ашып қарасам, бір ер адам маған «шығыңдар, үй құлады» деп айғайлайды. Жарық әлі жанған жоқ болатын. Қолымызға қалта шам ұстап сыртқа жүгіріп шықтық. Шықсақ, жұрт азан-қазан, ал бір жігіт үйіндінің астынан кішкентай қыз баланы шығарып жатыр екен, – дейді Досжан Жұмкин Азаттыққа.

4-үй тұрғындарының айтуынша, олар тұратын бес қабатты үй жарылыстың әсерін бұған дейін де өткерген. 2000 жылдардың басында билік Шахандағы қараусыз қалған көпқабатты үйлерді бұзу туралы шешім қабылдап, 30-дан көп үйді жарып, бұзып әкеткен. Кенттің келбетін қашырып әрі жергілікті балаларға қауіп төндірген қараусыз қалған үйлерден солай құтылған. Бірақ оның зардабы көрші үйлерге, әсіресе жарылыс жасаған үйлердің тура түбіндегі 3, 4 және 5-үйлерге әсер етіп, үйлердің қабырғалары селкілдеп, ұсақ жарықтар пайда болған, көптеген пәтердің терезе әйнектері шытынаған. Сондықтан көрші подъездегі жарылыстан кейін 4-үй тұрғындарының қаупі тіпті күшейе түскен.

Досжан Жұмкиннің сөзінше, кей тұрғындар үйлеріне қайтуға қорқып отыр. Қарт ерлі-зайыптылар Азаттық тілшісіне кей бөлмелердің қабырғасындағы жарықтарды көрсетіп шықты. Жұмкиндердің айтуынша, әлгі апаттан кейін жарықтар тіпті ұлғайған, оларды тұсқағаздың астынан қолмен ұстап байқауға болады. Пәтердің едені де қисайғандай көрінді.

– Үйдің артындағы екі плитаның арасындағы сылаққа дейін шығып қалыпты. Кішкентай жарықтар пайда болды. Шеткі подъездің қазірдің өзінде сәл аласа екені, шөгіп бара жатқаны сыртқа шықсаң көрініп тұр. Үйдің қаншалықты шөгіп кеткені көктемде қар ерігенде жақсы көрінер. Жертөледе су жиналады. Ал жердің тоңы еріген соң құлап түсуі мүмкін. Бесінші қабаттан үшінші қабатқа дейін бұзған кезде барып көрдім – ешкім тұрмаған бірінші қабаттың плитасы иіліп кеткен. Мұнда тұру өте қауіпті. Біздің подъезде тұруға қорқамын. Қартайған шағыңда плитаның астында қалу қандай қорқынышты, – дейді Досжан Жұмкин.

4-үй тұрғындары сарапшылардан үйді тұтас және әр пәтерді тағы бір мәрте тексеріп шығуды сұрайды. Олар өтініштерін БАҚ-тың көмегімен билікке жеткізуден үміттенеді. Көрші үйлердің тұрғындары да қорқыныштарын айтты.

– Біздің үйдің іргетасы баяғыдан бері жарылып тұр. Ал 2000 жылдардың басында бос үйді жарған кезде тағы шөккен сияқты. Пәтерімде жарық бар – әжетханадағы жарық тіпті үңірейіп, дала көрінуге шақ тұр. Оны өзім бітеп қойғанмын. Енді негізгі салмақ түсетін қабырғаны бірдеңе етіп нығайтуды ойлап жүрмін, – дейді көрші үйдің тұрғыны Олег Осипов.

Шахан кентінің тұрғыны Олег Осипов. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

«ҒИМАРАТТЫ ӘЛІ ПАЙДАЛАНА БЕРУГЕ БОЛАДЫ»

Қаңтардың 10-ы күні Азаттық тілшісі Шахан кентіне келген кезде көпқабатты 4-үйдің құлаған подъезі жанында жүрген жұмысшылар подъезді бұзу жұмыстарының көп бөлігін бітіріп қойыпты. Апат болған подъездің алды қоршалған. Бөгде адамдарды кіргізбейді. Ол жерде үлкен кран мен бірнеше жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Азаттық тілшісі сөйлескен жұмысшылардың бірі «бұзу жұмыстарының соңғы шаруалары қалғанын» айтты.

– Бұзып біткеннен кейін қалған қабырғаларын мығым етіп нығайтып, жылылап, сайдингпен қаптау керек. Сонда мығым болады, – дейді аты-жөнін атамаған жұмысшы.

Шахандағы үйлердің біріндегі пеш. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

4-үйді сарапшылары тексеріп шыққан қазақстандық көпсалалы реконструкция және даму институты (ҚазМИИР) ертеректе «бөлмелердің арасындағы қабырға сыртқы қабырғаға айналады, оны жылылап, сайдингпен қаптайды» деп хабарлаған. Қаңтардың 6-сы күні Қарағанды қаласында өткен брифингте қазақстандық көпсалалы реконструкция және даму институты директоры Жұмағұл Нұғыжинов «ғимараттың қисайғаны байқалмайды, ал подъезді жарым-жартылай қалпына келтіруге болады» деп хабарлаған. Үш подъездің техникалық жай-күйі «қалыпты, ары қарай пайдалана беруге жарамды деп бағаланады».

– Төртінші подъезге қатысты айтсақ, үш бөлмелі пәтерлердің негізгі салмақ түсетін конструкцияларында үлкен ақаулар бар. Сондықтан қалпына келтіру мүмкін емес. Мүлде бұзу керек. Баспалдақ алаңының сол жағында орналасқан бір және екі бөлмелі пәтерлер мен баспалдақ алаңы аздап зақымданған, сондықтан бүкіл подъезд бойымен сырт жағынан нығайту керек. Ғимарат әлі мықты, дұрыс пайдаланса, әлі талай ұрпақтың тұруына болады, – деген Жұмағұл Нұғыжинов қаңтардың 6-сы күні Қарағанды қаласында өткен брифингте.

Тергеу комиссиясы Шахандағы жарылыс себебін әлі ресми жариялаған жоқ.

Ал зардап шеккендерге көмек ретінде аударылған ақша түсетін қоғамдық қор өкілдері жергілікті журналистерге «қордағы ақша жарылыс кезінде жойылған пәтерлердің орнына баспана сатып алуға да жұмсалады» деген.

ОРТАЛЫҚ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ ӨТІНІШТЕР

1997 жылға дейін бүкіл кент орталық қазандықтан жылытылатын, ал қазір оның жұрнағы ғана қалған. Орталық қазандық кенттің шетінде, көмір әкелетін темір жолдың жанында болған.

80 жастағы Галина Осипованың бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерін «буржуйка» пеш орнатып, жылытып отырғанына 20 жыл болған. Қазір жанына баласы көшіп барған, ол күн сайын көмір мен күлді шелекпен тасиды. Ертеректе ұлы жеке тұрғанда немесе іссапарға кеткен кезде анасына отынды мол етіп кіргізіп беретін. Көмір балкон мен жуынатын бөлмеде сақталады.

– Түстен бастап жағамын, кешке пеш өшіп қалады. Түнде жағуға қорқамын. Иісі жаман. Ұйтқып жел соқса, қою түтінді кері серпиді, иісіне тұншығып қаламыз. Ал көмірдің иісі қолқаны қабады. «Буржуйка» пешпен отыру қиын әрі қорқынышты. Бірақ енді қазандық орнатуға да қарсымын, мынадай қасіреттен кейін бәлесінен аулақ, керегі жоқ. Орталық қазандық керек, – дейді зейнеткер Галина Осипова.

Шахандағы үйлердің маңында күл үйіліп жатыр. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Кентте бала-шағасы жоқ, жалғызбасты қарттар көп тұрады. Кейбірінің үйіне аптасына екі рет әлеуметтік қызметкер келіп көмір кіргізіп береді. Кейбірі көршілерінен көмек сұрайды, кейбірі адам жалдайды. Жастар жағы аз.

Жылыту қазандығы үйдің тура ішінде орнатылған көпқабатты үйлердің мұржасынан қою түтін будақтап жатқаны ерсі көрінеді. Көпқабатты үй тұрғындары үйінен шелектеп шығарған күлді күресінге төгеді немесе үйдің жанына үйіп қояды. Ал көмірді аулада қатар-қатар тізілген көмір қорадан шелекпен тасиды.

Шахандағы көмір қоралар. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Жұрттың пәтерлерін шамасы келген нәрсемен жылытып отырғанын кентті аралап, пәтерлеріне кіріп көруге болады. Жұрттың көбі «буржуйка» пешті пайдаланады. Көпқабатты бірнеше үй жертөледе немесе бірінші қабаттағы бос пәтерде тұрғындардың есебінен орнатылған қазандықтан жылынады. Көшеде модульдық қазандықтар сирек ұшырасады. Тұрғындар қорқыныш туралы айтады, ал қазандық тура үйдің ішіне орнатылған үйлердің тұрғындары «оқ-дәрі салынған күбінің үстінде өмір сүріп жатырмыз» деседі.

– Қазір жұрттың көбі орталықтандырылған жылу жүйесін тарту мәселесін қозғап жүр. Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз болар еді. Ал бір жағынан жұрт тұратын үйлер кенттің әр жерінде орналасқан, бір кварталда бірнеше үйден ғана бар. Оларға орталықтандырылған жылу жүйесін қалай тартасың? Ол үшін қазандықтан кенттің үстімен желі тартасың ба? Осы жағы қиындау болады, – дейді Шахан кентінде 1964 жылдан бері тұратын, 23 жыл шахтада жұмыс істеген Сергей.

Қазандық құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге 2013 жылы ақша бөлінген, оның құны 2 миллиард 800 мың теңге деп бағаланған. Апаттан кейін жергілікті билік тұрғындарға «орталықтандырылған жылыту қазандығын салу мәселесін шешеміз» деп уәде еткен, бірақ нақты мерзімін айтпаған. Бұл мәселенің шешімі қаржыландыру мәселесіне тіреледі. Кент тұрғындары биліктен қазандық құрылысын тездетуді сұрайды әрі мәжіліс депутаттарына жүгінген.

Шахан кенті. Қарағанды облысы, 10 қаңтар 2017 жыл.

Ертеректе кент маңында үш шахта болған кезде, мұнда шахтерлер отбасыларымен тұрған. Кезінде Шаханда 30 мыңдай адам болған. Шахталар жабылып қалғаннан кейін жұрт кенттен кете бастаған, ондаған үй босап қалған. Қаңырап бос тұрған және салынып бітпей қалған көпқабатты үйлер кентте қазір де көп. Қазір Шахан кентінде шамамен 8 мың адам тұрады.