10 жасар Лена Васильева биыл қаңтарда Қарағанды облысының Шахан қаласындағы бір үйде жарылыс болып, подъезі құлап, тоғыз адам қаза тапқан оқиғадан аман қалған. Ауыр жаралы баланы қираған үйдің астынан шығарып алған. Дәрігерлер бас жарылғанын, миы шайқалғанын, жамбасы мен бірнеше сүйегін сынғанын анықтаған. Ленаның анасы бес қабаттағы үйдегі жарылысқа байланысты өтіп жатқан сотқа жәбірленуші ретінде қатысып жүр. Ол соттан әділ үкім күтеді.
«СОТТАН ШАРШАДЫҚ»
Соттағы жақындары, әсіресе жас балалары (екеуі алты айлық, біреуі 10 жасар болған) қаза тапқан адамдардың қатысып, куәлік етуі өте қиын.
Галышевтер отбасы соттан, сол қайғылы оқиғаны еске түсіре беруден шаршағандарын айтады. Ол үйден жас сәби мен атасы қаза тапқан, үйінді астында бірнеше сағат жаралы күйі үсіп жатқан жігіт құтқарылған.
– Біртіндеп есімізді жия бастағандаймыз. Бірақ сотта бәрін еске түсіруге мәжбүр боламыз. Бұл өте ауыр. Әсіресе олардың қандай жаралы күймен табылғандарын айтқан кезде қиын, – дейді қаза тапқан Артур Галышевтің анасы.
Жәбір шеккендердің көбі апатқа пеш себеп болды деген тергеу болжамымен келіседі. Олар сотта көп қабатты үйді орталықтан жылытқанда мұндай апат болмас еді дегенді әлденеше рет айтты. Марқұмдар мен жапа шеккендердің туыстары көз жастарын тыя алмайды.
Бұл – Шахандағы оқиғаға байланысты екінші сот. Қазір үй басқарушысы міндетін атқарып, тұрғындарға жертөледегі пешті ауыстыруға көмектескен кенші Мұрат Сүлейменовті соттап жатыр. Оған «байқаусызды кісі өліміне себепкер болды және тұрғындардың денсаулығы мен өмірі қауіпсіздігі шартына сай емес жұмыс атқарды, соның кесірінен денсаулыққа кесірі тиіп, адам қаза тапты» деген айып таққан.
Осы айда өткен бірінші сотта бес шенеунік шартты мерзімге сотталған еді.
ОҚЫҢЫЗ: Шахандағы жарылыс бойынша сот үкімі шықты
ТЕРГЕУ БОЛЖАМЫ
Прокуратура 1990 жылдары Шаханнан көп жұрт кетіп, талай үй босап қалғанын, сондықтан орталық қазандық тоқтап, бұзылғанын айтады.
– Орталық жылыту жүйесі болмаған соң тұрғындар өз беттерінше, бірақ жергілікті атқарушы биліктің рұқсатымен үйлерін жеке жылыту жүйесімен жылытпақ болған. «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңды бұза отырып, жергілікті биліктің әрекет қылмағанын пайдаланып, бірінші қабаттың темірбетон едені түбін рұқсатсыз тесіп, 4-үйдің жертқлесіне жеке жылыту жүйесін орнатқан. Кейін ппешті де өз бастамасымен ауыстырған, – дейді Айбек Ахметов.
Тергеу болжамынша, пеш қызғандықтан су қайнататын бөлігі жарылып, пештің қақпағын ұшырып жіберген. Прокурордың сөзінше, қаза тапқандардың сүйектері көп сынған, жарақат алған, күйген – бұл пеш жарылғанының дәлелі.
«Өлімге соқтырған оқиға» заңсыз құрылыстың кесірінен болған-мыс. Пеш орнату үшін № 4 үйдің ішкі бөлмелерін қайта жобалаған Сүлейменов су ысыту қазандығын орнату кезінде нормативтерді бұзады. Қазандық пен оның жабдықтарын «үй басқарушысы» ретінде қолдану кезінде еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау ережелеріне қайшы әрекет етеді. Сол себепті қазандық жарылады-мыс.
Мемлекеттік айыптаушылар сотқа тартылған азаматқа бес жыл шартты жаза кесуді сұрады. Прокурор Айбек Ахметов айыпталушының кінәсі түгел дәлелденді деп санайды. Ахметов соттан Сүлейменовтің жауаптау кезінде айтқандарына сыни көзқараспен қарауды сұрады.
ФАЛЬСИФИКАЦИЯ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ
Жасы 59-ға келген, 33 жылдық еңбек өтілі бар, «Кенші даңқы» белгісінің иегері Мұрат Сүлейменов кінәсіз екенін айтып, үй қабаттарының бірінде газ баллоны жарылды деген пікірінен қайтпайды.
- Төтенше жағдай қызметкерлері жерасты қабатындағы қазандықты экскаватормен жабайы түрде, төңірегін зақымдап бұза бастағанда оларға кедергі жасауға тырыстым. Қазандықты суырып алып, үйдің қасына төңкере лақтырып тастады. Қақпағы біржола жұлынбай салбырап тұрды. Қазандықтың жабдықтары мен түтіктерін көзімше талқандады. Көп жерде өрт шыққан жоқ деп жазады. Өрт шықты. Дәлелдей алам, заттай айғақ пен куәгерлер бар, - деді Сүлейменов.
Айыпталушы сот отырысына зардап шеккендердің жанып кеткен заттарының қалдықтары салынған екі дорба әкелді. Өрт шалған жиһаз бөліктері мен құрылыс материалдарын ол сот қағаздарына қосылмай қалған заттай айғақ деп сипаттайды. Сот әлгі заттарды зерттейтін болды, бірақ ешқандай хаттамасыз әкелінгендіктен заттай айғақ ретінде қабылдамады.
Қорғанушы тарап «расында да қазандық жарылса, ғимаратты қою бу басып, ыстық су төмен ағар еді» дейді. Сүлейменовтің сөзінше, Шахан кентінде бұрын бес қабатты үйлердің жертөлесінде қазандық жарылған оқиғалар болған. Бірақ одан ғимарат қатты бүлінбеген, тұрғындар зардап шекпеген.
Ол 2014 жылы күзде тұрғындардың 1996 жылдан бері жаңартылмаған қазандықты ауыстыру туралы көмек сұрап жасаған өтінішіне құлақ асқанына өкінеді. Кеншінің сөзінше, ешкім бұл іске кірісе қоймаған, үй жылусыз қалатын болған соң еріксіз келіскен. Орталық жылу жүйесінің жоқтығы Шахан кентінің ортақ мәселесі. Қазақстанның өзге де шағын қалаларындағы көп қабатты үй тұрғындары пәтерлерін түрлі жолмен өз беттерінше жылытып отыр. Кейбіреулері пәтердің ішіне, я жертөлеге «буржуйка» пеш қойған.
- Үй басқарушысы емес едім, ешкім мені тағайындамаған. 2014 жылы тұрғындар жеке қазандықтарын ауыстырып беруімді өтінді. Тұрғындармен бірлесіп жаңа қазандық орнатылды. Пеш жағушылар сияқты мен де ерікті түрде жалданған жұмысшы едім. Тұрғындармен жасалған ауызша келісім бойынша жағармай жеткізіп, пеш жағушылардың жұмысын қадағалап тұрдым. Мойныма басқа міндеттеме алған емеспін, - деді Мұрат Сүлейменов.
Кеншіні қорғап жатқан адвокат пен оның көмекшісі сот-медициналық сараптама жасау кезінде дөрекі түрде заң бұзылған деп есептейді. Олар сараптама нәтижесін «жалған» деп мәлімдеді.
- Заттай айғақтарды жойып жіберу фактісіне қатысты Сүлейменов бас прокурорға шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғауды және істң ҰҚК-ге беруді сұрады, - деді адвокат Елеубек Қапатаев.
Адвокат пен айыпталушы апаттан соң тірі қалған пеш жағушының сол сәтте қайда кеткенін анықтап, оқыс оқиғадан кейін үш ай өткенде Шахан кентінің шетінде өлі күйде табылу себептерін тексеруді өтінді. Сот процесі аяқталуға жақын қалды.