Ал мұнайшылар кәсіподағының әкімшілік іс бойынша қамалған жетекшісі қамаудан жуыр маңда босатылмауы мүмкін.
«Заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айыппен қамалған «Қаражанбастағы» мұнайшылар кәсіподағының жетекшісі Наталья Соколова қамаудан маусымның 1-інде шығуы тиіс еді. Бірақ жақындары оның жуық арада босатылатынына сенбей отыр.
ӘКІМШІЛІК ІСТІҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ «АЙНАЛУЫ»
Наталья Соколованың ері Василий Чепурнойдың айтуынша, қазір «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшысы Юань Мудың арызы негізінде Наталья Соколованың үстінен Қылмыстық кодекстің 163-бап 3-бөлімі («әлеуметтік жанжал тудыру») бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Осыған байланысты сейсенбі күні құқық қорғау орындары кәсіподақ жетекшісінің үйін тінткен.
– Кеше күндіз облыстық прокурор қозғалған қылмыстық іске тіркеу үшін үйді тінтіп, үйден компьютер мен құжаттарды, телефондарды алып кетуге рұқсат берген. Кешкі сағат алты мен сегіз аралығында ішкі істер басқарма
«Қаражанбастағы» мұнайшылар кәсіподағының жетекшісі Наталья Соколова. (Сурет Ольга Ярославскаяныкі).
өкілдері мен екі куәгер келіп, үйді тінтті. Баламыздың ойын компьютерін, ноутбукты, Натальяның екі ұялы телефонын, екеуміздің жеке қаруларымызды, салмағы шамамен 20 килограмдай құжаттарды алып кетті, – деді Василий Чепурной маусымның 1-і күні Азаттық тілшісіне.
Осыған дейін Наталья Соколованың үстінен үш әкімшілік іс қозғалғанын Азаттық радиосы жазған болатын. Василий Чепурнойдың пікірінше, осының барлығы «жұмысшылардың құқығын қорғап жүрген Наталья Соколованың әрекетіне кедергі келтіріп, оны босатпау үшін әдейі жасалып отыр».
ЕСКЕРТУ
Қаражанбастағы ереуілдің басталғанына шамамен 20 күн болды. Жұмысшылар басшылықтан жалақыны өсіріп, зиянды жұмыс үшін қосымша төлем төлеуді, тәуелсіз кәсіподақтың жұмысын мойындауды талап етіп отыр.
Жұмысшылардың айтуынша, компания басшылығы мамырдың 31-і күні олардың талаптарының заңсыз екенін тағы бір мәрте ескерткен. «Жергілікті әкімшілік те компанияның жауабын қайталап отыр» дейді ереуілге шыққан жұмысшылар.
– Кеше әкімшілікке (Маңғыстау облыстық әкімшілігіне – Азаттық) де кірдік. Халықтың арасынан төрт адам боп кіріп еді, ондағылар «сендердің наразылық шараларың заңсыз, сендерді жұмыстан шығарып жіберуі
мүмкін», «үлкен компанияның саясаты бөлек, егер одан шықсаңдар, кейіннен басқа компанияға жұмысқа орналасуға өте қиын болады» деп уәж айтқан, – дейді мұнайшылардың бірі Наурызәлі Төлебаев.
Қаражанбастағы мұнайшыларды қолдап ереуілге шыққан Жаңаөзен жұмысшылары да компания мен жергілікті билік тарапынан қысымның үдегенін айтып отыр. Жұмысшылардың айтуынша, мұнда мыңдаған адам ереуілдеп тұр, 17 адам аштық акциясын бастап кеткен.
– Жергілікті телеарналардан кім-кімнің аштық жариялап отырғанын көрсетіп, аттарын санамалап тұрып айтып жатыр. Осылайша туыстарымызды инсультке дейін душар етіп, қорқытып жатыр. Оны көрген кейбір адамдар осында келіп: «Кетіңдер мұнан! Бәрібір ештеңеге жете алмайсыңдар!» деп айғайлап кетеді. Осының салдарынан ересек адамдар ауруханаға түсіп жатыр, – дейді Жаңаөзенде аштық жариялап жатқан жұмысшылардың бірі Наталья Әжіғалиева.
Әлеуметтік қарсылық ұйымының хабарына қарағанда, дүйсенбі күні «Қаражанбасмұнай» жұмысшыларының бірі - кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі, 1963 жылы туған Сәбит Кенжебаев жүрегі тоқтап қалып, қайтыс болған. Ол мекеме басшылығының өзін жұмыстан шығармақ болғанына, ереуілге шыққандарға қысым көрсетілуіне қарсылық білдіріп, керісіп қалған.
Қаражанбас мұнайшылары ертең Наталья Соколова мен Жаңаөзенде тергеліп жатқан жұмысшы Ақжанат Аминовтың қуғындалуына қарсылық танытып, Ақтау қаласында жаппай наразылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.