«Процестің ашық болуы үшін Азаттық радиосында баламалы конференция өткіземін», - деп жазған Кәрім Мәсімов сәуірдің 27-сі күні Twitter'дегі парағында.
Сәуір айында Мәсімовтың Twitter парағында, одан кейін ресми сайтында онлайн-конференция өткізуге қажет веб-сайт іздеген хабарландыруы жарияланған еді. Премьер-министр онлайн-конференцияны өткізу алаңы үшін дауыс беру басталғанын, оның нәтижесі сәуірдің 28-і жарияланатынын жазған.
Үміткер сайттар арасында Азаттық радиосының сайты да болды. Азаттық сәуірдің 26-ы күні осы сауалнама туралы хабарлап, өз оқырмандарын дауыс беруге шақырды. Хабарландыру берілген соң жарты сағат өтпей жатып Кәрім Мәсімовтің веб-сайтында Азаттық радиосы кандидатурасын қолдаушылардың үлесі 75,61 пайызға немесе 10 мыңға жуық адамға жетті. Бірақ тағы жарты сағат өте бере Азаттық радиосын қолдаушылардың дауыстары өшіріліп тасталды.
Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің сайтында да, әлеуметтік желідегі беттерінде де дәл сол сәтте оған байланысты ештеңе айтылмады. Сондықтан Азаттық радиосы премьер-министрге azattyq.org сайтында онлайн-конференция өткізуді ұсынды.
Кейінірек премьер-министрдің ресми сайтының әкімшілігі «pm.kz сайтына шабуыл жасалды» деп хабарлап, «сауалнаманың бірінші тармағының пайдасына қосылған артық дауыстар саны жойылып, 2011 жылдың 26 сәуіріндегі сағат 15.00-дегі нәтижеге қайтарылды. Сауалнаманың басқа да тармақтары бойынша ешқандай іс-әрекет жасалған жоқ» деп жариялады.
Бірақ pm.kz сайтының әкімшілігі «шабуылды» кім жасағанын, неге ол әрекет «сауалнаманың бірінші тармағының пайдасына» ғана қатысты болғанын ашып жазбады.
Қазақстан үкіметінің басшысы шілденің 15-і күні zakon.kz вебсайтында өткізген онлайн-конференциясы кезінде Азаттық радиосына берген уәдесін орындаймын деп мәлімдеді.
Кәрім Мәсімовпен ұйымдастырылатын онлайн-конференцияның нақты қай күні өтетінін қосымша хабарлаймыз.
Оқырмандар бұл жерде Қазақстан премьер-министріне тек тиянақты сұрақ қана қоя алады. Ал комментарийді Кәрім Мәсімовтің сайтындағы оқиғаға байланысты мақалаға жазуларыңызға болады.
Қазақстан премьер-министрі бұл туралы соңғы рет zakon.kz вебсайтында өткізген онлайн-конференция барысында да мәлімдеді. Бірақ онлайн-конференцияның нақты қай күні өтетінін әлі айтқан жоқ.