Қытайда тұратын күйші әрі сазгер Ғизат Сейітқазыұлы сәуірдің 11-і күні дүниеден өтті. Ол кісінің соңында 100-ге тарта әні, 15 күйі қалды.
Ғизат ақсақал 30 наурызда Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының оқытушысы Баян Игіліктің «Алыстағы шұғыла» (Шыңжаң қазақтарының күйлері) атты кітабының тұсаукесеріне келіп қайтқан еді.
БӘЗҒАЛАМ КҮЙШІНІҢ ҰРПАҒЫ
Ғизат Сейітқазыұлы – жүзге жуық әннің, ел ішіне кең тараған он бес күйдің иесі. 1942 жылы Жайыр тауының етегіндегі Қату деген жерде дүниеге келген.
Ғизат Сейітқазыұлының үлкен әкесі Бәзғалам Айқынбайұлы сол өңірге аты шыққан күйші болған.
– Керейдің үкірдайы Мамырбек төре Қазақстаннан күйші алдырып, күй сайысын ұйымдастырыпты. Сонда күллі Алтай өңірінен әлгі күйшіге тең келер ешкім табылмаған соң Тарбағатайдан Бәзғаламды алдырған. Сол сайыста Бәзғалам домбыраны башпайымен тартыпты, – деп еді ұлы атасының күйшілігі туралы Ғизат ақсақал осыдан бір апта бұрын бізбен жолыққанда.
Бәзғаламның «Жолаушы» атты күйі Қытай қазақтары арасына Ғизаттың тартуымен кең тараған. Бәзғаламның «Жолаушы» мен «Сабаз атты екі күйін өңдеп, бүгінге жеткізуші ретінде де Ғизат Сейітқазыұлының орны ерекше дейді өнертанушылар.
Алты-жеті жасында аталас туысы Бойдақ күйші Ғизатқа батасын беріп, домбырасын сыйға тартқан екен. Содан бері қара домбыраны серік етіп келген Ғизат ақсақалдың өзіндік мәнері, қалыптасқан мектебі бар. «Дауылпаз» күйі 1986 жылы Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды. Осы күй үшін ерекше «Даңқ» куәлігімен марапатталып, бірінші дәрежелі «Туынды» сыйлығына ие болған. Өткен жылы қытай тілінде «Ғизаттың домбырасы» атты деректі фильм түсірілген.
«ӨЗГЕНІҢ КҮЙІН ТАРТЫП ТАЯҚ ЖЕГЕНШЕ...»
«Алыстағы шұғыла» (Шыңжаң қазақтарының күйлері) атты кітапқа ол кісінің 15 күйі енді.
Жалпы, Ғизат Сейітқазыұлының негізгі мамандығы тасжолшы болатын. Үрімжіден өнеркәсіп-қатынас мектебінің тасжол бөлімі бойынша білім алған. Толы ауданының тас жол бақылау мекемесінде жиырма жыл қызмет істеген. Өнер саласына ешқандай қатысы жоқ. Тек 1981-1999 жыл аралығында Толы аудандық теле-радио салаларында тілші қызметін атқарды. Бос уақытында өлең жазды. Ендігі ойы - ел ішіне таралған әндерін Қазақстанға әкеліп насихаттау еді.
Ғизат Сейітқазыұлының тырнақалды күйі «Думан» деп аталады. Ол күйді үлкен ұлына арнаған екен.
–1966 жылы мәдениет төңкерісі кезінде «сен Құрманғазы, Тәттімбет, Динаның күйін тартасың, Қазақстанмен байланысың бер» деп 17 күн тепкілеп сабады. Содан кейін «өзгелердің күйін тартып таяқ жегенше, өзімнің күйімді тартайын» деген ойға келдім. Сол жылы тұңғышым Думан дүниеге келді. Соған арнап алғашқы күйімді шығардым, – деген еді күйші Азаттық тілшісіне.
Өнертанушы Баян Игіліктің айтуынша, Ғизат Сейітқазыұлының туындылары мен орындаушылық мәнері басқаларға ұқсамайды.
– Өйткені оң қолының алысы аса шеберлікпен орындалады және де күйлерін бір тыңдағаннан тануға болады. Бұл сазгердің өзіндік стильдік орындаушылық ерекшеліктерін қалыптастырғанын білдіреді. Оның оң қолының шерту тәсілі пернеден шығарған нәзік әрі жұмсақ, құлаққа жағымды үндері тыңдаушыны таң қалдырып, оны жан дүниесімен баурап алады, – дейді Баян Игілік.
«КЕҢЕСТІ» ГИННЕСКЕ ЕНГІЗУ
Ғизаттың үлкен ұлы Думан да домбырашы. Биыл ақпан айының соңында Бейжіңде өткен өнерпаздар сайысында Думан бастап барған 22 домбырашы 16 алтын еншілесе, кіші ұлы Ерсін ертіп барған бишілер тобы 15 алтынды
Толы ауданында 10450 домбырашы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындады. Қытай, Шыңжаң, 30 мамыр 2010 жыл. (www.chinanews.com сайтындағы сурет)
қанжығаларына байлаған. Ерсін - тек биші ғана емес, қобызшы да.Өткен жылы Қытай қазақтарының ұйымдастыруымен 10 мың адам жиналып «Кеңес» күйін тартқаны, ол оқиғаның Гиннесс рекордтар кітабына тіркелгені белгілі. Толы ауданының әкімі Майсаң атты азаматтың бастамасымен қолға алынған осы шараны ұйымдастыруда бас домбырашылықты Ғизат ақсақалдың ұлы Думан атқарыпты, дирижерлікті кіші ұлы Ерсін мойнына алыпты.
Толы ауданында 90 мыңға жуық адам тұрады. Бас-аяғы үш ай ішінде он мың адамды аудан көлемінен жинақтап, дайындықты аяқтап шыққан. Қатарларына тек қазақтарды ғана емес, ханзу, ұйғыр, моңғол ұлтының өкілдерін де тартқан.
Ғизат ақсақал осы шараны ұйымдастырушылардың бірі еді.
Марқұмның Қазақстанға келген сапарында Азаттық радиосына берген сұқбатын мына жерден тыңдай аласыздар:
Қытайдағы қазақ күйшісі Ғизат Сейітқазыұлымен сұқбат.
Your browser doesn’t support HTML5