Жас опера әншіcі Сара Найман тұңғыш концертін қою үшін Алматыға келді. Қазір Вена конверваториясында оқып жүрген әнші Еуропа театрларында да өнер көрсетеді.
АТЫ-ЖӨНІ, ЛАҚАП АТЫ
– Кұрметті Сара, көпшілік сізді Найман ретінде біледі. Бірақ ол сіздің лақап атыңыз ғой. Азаттық радиосына өткен жылы берген сұқбатыңыздан кейін жұртшылық сіздің шын аты-жөніңізді білгісі келеді…
– Менің өз ата-тегім – Әбиева. Ата-анам – Әбиев Әнуар мен Әбиева Валентина. Найман деген лақап атты әдейі қалап алғанмын. Өйткені Сара Найман деген ат әуезді естіледі әрі шетелдерде де қолайлы, ұлтың кім, қай мемлекеттенсің – ешкім ажырата алмайды. Есімім де тез жатталады. Кез-келген әртіс өз атының тез жатталғанын қалайды. Мен бұл лақап атты мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдап қойғанмын.
Кейін кейбіреулердің бұл атты рушылдыққа балайтынын түсіне бастадым.
Кейін кейбіреулердің бұл атты рушылдыққа балайтынын түсіне бастадым. Бірақ менде ондай мақсат мүлдем болған жоқ
– Есіміңізді Сара деп қою себебі не? Қазақ кейде жирен шашты, көк көзді баласын «сары бала» дейді, осыдан шыққан есім бе, әлде Інжілдегі Сара ма?
– Қазақ баласына өз ата-анасының атын қоймайды, бірақ маған әжемнің атын берген екен. Ол кісінің азан шақырып қойған аты Гүлсара болғанымен жұрт Сара деп кеткен. Әкем де мені Сара дейді.
АЛМАТЫДАҒЫ КОНЦЕРТ
– Алматыға қандай мақсатпен келдіңіз?
– Алматыға жиі келіп тұрамын. Ең әуелі ата-анамды сағынамын. Мауқымды басқан соң Еуропаға кәдімгідей күш жинап қайтамын. Бұл жолы концерт қоюға келдім. 5 мамырда «Қазақконцертте» классикалық бағдарлама бойынша ән саламын. Бұл – өнер жолындағы тұңғыш концертім. Бірақ бұл классикалық концерт болады. Эстрадалық концерт емес, классикалық концерт қойған дұрыс деп ойладым. Екі жыл Венада оқығанымның, жалпы өнер жолымның бір қорытындысы болмақ. Туған-туыстарыма, достарым мен тыңдармандарыма осылай сыйлық жасағым келеді.
– Тек опералық шығармалар орындамақсыз ба, әлде эстрадалық әндер де бола ма?
– Негізінен классикалық шығармаларға күш салдым, өйткені әлі күнге дейін кроссовер стилінде ән салып жүрмін ғой. Оның үстіне бұл стиль көпшілікке біртабан жақын. Бірақ бұл концерт дәл қазір оқып жатқан классикалық бағдарламаға арналады. Опералық ән салуға үйреніп жүрмін, бірнеше спектакльдерде ән шырқадым, сондықтан басқа ештеңе араластырмай классикалық концерт қоюды жөн көрдім.
– Қандай әндер айтасыз?
– Моцарттың шығармалары «Фигароның тойынан» Сюзаннаның, «Сиқырлы флейтасынан» Паминаның партиясын айтамын. Репертуарымда Пуччинидің шығармалары өте көп, менің дауысымды «пуччини» дауысы деп санайды. Бұл жолы «Джанни Скиккиден» Лауретаны, «Апалы-сіңлілі Анжеликалардан» үлкен Анжеликаны және «Богемадан» Мюзеттаны таңдап алдым.
Сондай-ақ қазақ әндері де, оның ішінде Ажардың ариясы мен халық әндері де бар. Басқа да әндер болады. Бағдарлама қатаң классикалық түрде жасалды. Әрине, концертті қалай болса солай өткізе салмаймын ғой. Шама келгенше қызықты өткізуге тырысамын, тым болмағанда ешкім ұйықтап қалмайтындай болуы керек.
ВЕНАДА ОҢАЙ ЕМЕС
– Сара, сіз тек Венада ғана ән саласыз ба? Венаның опера театрынан басқа жерде ән салуға рұқсат етіле ме?
– Бастапқы мақсатым тек қана оқу болатын. Әуелі магистратураға түстім, өйткені классикалық білімім өте аз еді. Операда ән салуды кеш бастағандықтан жатпай-тұрмай оқу керек болды. Сол себепті бірінші мақсатым оқу еді. Вена – музыка орталығы. Қазіргі кезде опера өнеріндегі соңғы тенденциялардың барлығы Вена мен Миланда, сол сияқты Америкада да болуы мүмкін.
Жергілікті нарық талаптарын біртіндеп меңгерген соң тыңдауға бара бастадым. Биыл Берлиндегі байқауды жеңіп алдым, жазда Германияда өтетін фестивальде Монтевердидің көне операсындағы басты парияны орындаймын. Ан дер Вин театрында (Theater an der Wien) тыңдаудан өттім. Бұл – Венадағы мемлекеттік Штатсопер (Staatsoper) театрынан кейінгі екінші театр.
– Венада опералық әншілер арасында бәсекелестік жоғары шығар?
– Вена театрында бәсекелестік өте күшті. Өйткені бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты әншілер жиналады. Сондайда «мұнда неге келдім, не істеп жүрмін?» деген де ойлар келіп қалады. Өйткені операны кеш бастадым ғой. Ондағы әншілер 10-15 жылдан бері тек қана ән шырқап жүргендер. Оған дейін де музыкамен шұғылданғандар, фортепьянода ойнайды. Ал мен олай ойнай алмаймын – өйткені музыка мектебіне барған жоқпын, оқуды өте кеш бастадым. Жұрт консерваторияны бітіріп жатқанда мен енді ғана түстім.
– Дәл мұндай жағдайда сізге шығармашылық дем беретін не нәрсе?
– Кейде «мұны не үшін істеп жүрмін?» деген ой келетінін айттым ғой. Мұнда неше түрлі мықты дауыстар келеді. Мықты сопранолар, драмалық дауыстары зор әншілер ауыздарын ашқан кезде «мені ешкім көріп қоймасын» деп столдың астына тығылып қалғың келеді. Бірақ жеңбей қоймайтын мінез-құлқым да бар.
Қолымнан не келсе, соны бар мүмкіндігімше пайдалану керек деп есептеймін. Содан соң өз мүмкіндігімнің қай жерге дейін жететін білгім келеді. Әзірге ондай шекке жетпеген сияқтымын. Өмірде барлығы да мүмкін екенін түсіне бастадым. Мені басқа да театрлар шақыратын болды. Баяу сияқты көрінуі мүмкін, бірақ екі жыл көп уақыт емес қой.
Сөйтіп операның не екенін енді ғана түсіне бастағандаймын. Бастапқы қадамдарым жаман болмаған тәрізді: театрларда көзге шалынып жүрмін, әртүрлі тыңдауларға шақыру көбейді.
Яғни бұл алдағы қадамдардан сескенудің қажеті жоқ деген сөз. Ең бастысы –
14 жасымда маған «сен ешқашан ән салмай-ақ қойшы» дегендер де болған. Мүмкін, дәл осы сөздерге ерегісіп те ән айтқан шығармын.
Менің де жолым тақтайдай тегіс болған жоқ. Көп құладым, қателестім, талай жыладым. Бәрі бастан өтті. «Қолыңыздан келмейді» десе, айналаңыздағылар айтсын. Ал егер қолыңыздан келетінін сезсеңіз, талпыныңыз. Өйткені «жасай алмадым» деп өкінгеннен гөрі жасап алып өкінген жақсы – мен өзім қашан да осы принципті ұстанамын.
АЛЫСТАҒЫ ЖҰЛДЫЗ
– Азаттық радиосы сізбен өткен жылы өткізген сұқбатының тақырыбын «Жас дарын Сара Найман Вена операсын бағындырмақ» деп қойған еді. Бүгінгі әңгімеңізде әлемдік ауқымдағы немесе еуропалық деңгейдегі әнші ретінде таныла қойған жоқпын деп отырсыз. Бірақ нағыз жұлдызды шағыңыз алда болар?
– Әрине, мен Анна Нетребко сияқты бола алған жоқпын. Менің ойымша, ол – әншілік өнер жолында биікке самғаудың жарқын көрінісі. Бұл өте сирек кездесетін жайт. Мен әзірге әлемдік жұлдыз деңгейіне жеттім деп айта алмаймын, оның ауылы алыстау шығар. Бірақ тырысамын, қос қолымды көтеріп беріле салмаймын. Ең бастысы – кәсібім өзіме ұнайды, музыканы жақсы көремін, Құдайдың өзі берген нәрсесімен шұғылданып жүрмін. Мен әзірге жолда келе жатқан әншімін. Бірақ ол жолдың қайда апаратынын білмейміз ғой. Бірақ ақыры атақты әнші болатын шығармын деп ойлаймын.
– Өміріңізде күтпеген өзгерістер болыпты. Заңгерден әншіге айналдыңыз. Енді күндердің күнінде әншілікті қойып, опера әншілерін дайындаумен шұғылданып кетпейсіз бе?
– Ол да ойымда бар. Қазірдің өзінде жәрдемдескім келетін дарынды әншілерді өте көп көріп жүрмін. Бірақ әзірге біреуге жәрдемдеспек түгілі, өзіме-өзім көмектесуім керек. Әуелі осы бастаған ісімді аяғына жеткізіп, тиянақтап алайын.
Біреуге үйрету үшін алдымен өзің үйренуің керек. Қазір оған дайынмын деп айта алмаймын. Бүгінгі өнерді жеріне жеткізу үшін әлі кемі 15 жыл керек болар. Содан соң ғана дарынды жастарға үйретермін.
Мен бәріне өзім жеттім деп айта алмаймын – жақсы адамдардың ақыл-кеңесін тыңдадым, дұрыс бағытқа жөн сілтеп отыратын адамдарым болды. Сол сияқты мен де кейін өзгелерге жәрдемдесемін. Артист әрі азамат ретінде артымда із қалуы керек қой. Тәжірибелі өнерпаз білгенін өзінен кейінгілерге үйретсе, одан артық шығармашылық сабақтастық болмайды.
Қазір көптеген опера әншілері сонымен шұғылданып жүр. Пласидо Доминго опера әлеміндегі ең үздік конкурстардың бірі «Опералияны» («Operalia») ұйымдастырса, Рената Скотто опералық қойылымдардың режиссері болды. Ол сонымен қатар Еуропа мен Америкадағы опера үйлерінің кеңесшісі. Яғни мұндай деңгейге жету үшін өзің де биікке шығуың керек. Мен әзір оған дайын емеспін, бірақ келешек жоспарда бар.
ЛИРИКАЛЫҚ СОПРАНОНЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ КОНЦЕРТІ
– Сара, музыка тілінде сіздің дауысыңыз қалай аталады, өзге дауыстармен дуэт құра аласыз ба?
– Менің дауысымды лирикалық сопраноға жатқызады. Сондай-ақ толық лирикалық сопрано деп те атайды. 5 мамырда Алматыда өтетін концертімде біздің атақты опера әншіміз, қазір Голландияда келісім шартпен жұмыс істеп жүрген Дина Хамзинамен дуэт құрамын. Ол біздің опера театрында ән салады, дауысы – меццо-сопрано. Бағдарламамызда бірнеше дуэт қарастырылды. Тіпті меццо-сопрано және сопрано жасау да ойымда бар.
– Қазақстанда жарты айдан астам бола тұра неге бір концертпен шектелдіңіз?
– Астана, Өскемен, Шымкент пен Ақтауда концерт қоям ба деп ойлаған едім. Бірақ ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмыстары керек. Содан соң бұл – алғашқы концертім. Сондықтан оны әуелі Қазақстанның ең әсем қаласы Алматыда өткізгім келді. Бұл қаланың тұрғындары концертке көбірек барады және мұндай оқиғаларға да көбірек бой үйреткен. Осы концерттің нәтижесіне қарап әрі қарай бағытымызды айқындаймыз. Егер концерт ойдағыдай өтсе, келешекте басқа қалаларға да барамын.
– Концертіңізді кім ұйымдастырып жатыр?
– Ұйымдастырушы – «Саатчи» (Saatchi) компаниясы. Бірақ оның да Қазақстанда концерт ұйымдастырып отырғаны – бірінші рет. Сондықтан әзірге бір концертпен шектелгеніміз дұрыс болар деп ойлаймын.
АЛМАТЫ МЕН ВЕНАДАҒЫ БІЛІМНІҢ САПАСЫ МЕН ҚҰНЫ
– Алматы консерваториясындағы оқуыңызды жалғастырып жатырсыз ба?
– Жоқ, мұндағы оқуымды тоқтатып, Вена консерваториясында жалғастырып
...ол жақта бір жылдық оқу құны 440 еуро болса, мұнда екі мың еуро шамасында
– Оқу сапасында да елеулі айырмашылық бар шығар?
– Жоқ! Оқу сапасында айырма мүлде жоқ деуге болады. Мен базалық білімді Алматы консерваториясында алғаныма қуанамын. Алматыда тамаша ұстазым бар. Ол жақта өз өнерімді көбірек шыңдап, алған дағдыларымды күшейте түсемін, вокалистен гөрі музыкант, артист ретінде көбірек білім аламын. Венада оқуымның мәнісі де – осы.
– Венада енді қанша оқисыз?
– Негізі оқуымды биыл аяқтауым керек. Бірақ Венада келісім шартым бар, сондықтан асықпай екеуін қатар алып жүруге тырысамын. Үйренгендерімді шыңдай түсуі үшін маған әлі де бір жыл керек, қойылымдарға қатысып, педагогтармен жұмыс істегенім жөн деп отырмын. Өйткені жеке мұғалімдермен жұмыс істесең, қымбат болады. Сондықтан тағы бір жыл қала тұрамын. Оның үстіне келісім шарт бойынша Германияда да әнші, орындаушы болып жұмыс істеп жүрмін.
МАГИСТР – АФРИКАДА ДА МАГИСТР
– Оқуды магистрлік дипломмен аяқтайсыз ғой?
– Иә, магистр дипломын аламын. Бірақ мен үшін диплом маңызды болған емес. Осыған дейін заң білімін алғанмын, екі дипломым бар, ал қазір әншімін. Шындап келгенде, мәселе қағазда емес қой. Ол тек оқуды бітіргеніңнің, кәсіби біліміңнің бар екенінің белгісі ғана. Мен диплом үшін емес, білім үшін оқып жүрмін.
– Екі жылдан кейін Еуропада қаласыз ба, әлде Қазақстанға ораласыз ба?
– Жұмыс қайда болса – мен де сондамын. Осындай шығын шығарып, ұзақ білім алғаннан кейін елге қайта оралып, жұмыссыз отырғым келмейді.
Егер Қазақстанда жұмыс болса – Қазақстанда, Еуропада болса – Еуропада жұмыс істеймін. Мені артист ретінде ешкім де ұстамайды. Музыка барлық елдерге бірдей. Егер Африкаға жұмысқа шақырса, Африкаға барамын. Осыған қарап мені патриот емес деп кіналамаңыз. Артист ретінде өсу үшін солай жасауға тура келеді.
– Рахмет, Сара! Алматыда өтетін алғашқы жеке концертіңізге, шығармашылық жолыңызға табыс тілейміз.