Қазақстанда ғарыштық бағдарламаның жобасы жасалды. Құны 6 миллиард долларды құрайтын жаңа бағдарлама жобасы қоғамда түрлі пікір туғызып отыр.
Өткен аптаның соңында Астанада Қазақстан ғарыш агенттігі 2009-2020 жылдарға арналған ғарыштық бағдарлама жобасын таныстырды. Онда ғарыш аппараттарының орбиталды топтамасын құру, «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту, жерүсті ғарыш инфрақұрылым объектілерін және ғарыш аппараттарын шығару құралдарын құру бағыттары қамтылған.
Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Айдос Сарым, бюджеттік үлкен қаражатты талап ететін бағдарламаларға қарсылардың бірі. Ол Қазақстанда ғарыш саласының мамандары тым аз екендігін айтады:
- Бюджеттің осындай көп қаржысын жұмсауға басқа да әлеуметтік мәселелер бар ғой. Дүниежүзінде көптеген елдер бар, олардың ешқайсысы өздерінің жер серіктерін жібермей-ақ, басқалардың мүмкіндіктерін қолданып, жалға алу арқылы да шаруаларын атқарып отыр. Қазір үлескерлер, үйсіздер мәселесі қоғамда белең алып тұр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да көптеген қиыншылықтар болып жатыр. Алдыңғы жер серігінің қандай күйде екендігін біле отырып, тағы бір жер серігін жіберу - қиянат.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали болса қолға алынып отырған бұл бағдарламаның болашағынан зор үміт күтуге болады деп отыр:
- Ғарышқа ұмтылу керек. Ол Қазақстанның мүдделеріне сәйкес болуы шарт. Мұндай бағдарламалар болашақта АҚШ, Франция, Қытай сынды елдермен бірігіп жасалынуы керек. Бұл бағдарлама біздің теледидарға, кинофондарға, ұлттық қауіпсіздікке оңтайлы. Бағыт дұрыс.
Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, қаржыны көп қажет ететін бағдарламалар қоғамда ашық айтылып, халықтың қолдауымен жүзеге асырылуы керек дейді:
- Өкінішке қарай, көп қаржыға үлкен бағдарламалар жасалатын тұста, халықтан миллиардтаған теңге кететін уақыттарда біз білмей қаламыз. Оның Қазақстанға қандай пайда әкелетінін, техникамызды қалай дамытатынынан да бейхабармыз. Егер оның бәрін тексеріп, сол жасалған мәселелерді халықтың алдына жайып салғанда, мүмкін білетін шығар. Әйтпесе бұл қаржының кезекті рет құрдымға кетуі әбден мүмкін. Біз Байқоңыры бар елміз. Әрине, ғарыштық бағыттағы технологияны дамыту қолымыздан толықтай келеді деп ойлаймын. Бірақ, жемқорлыққа белшесінен батып отырған Қазақстанда осындай көп қаржы кететін бағдарламаларды халықтың көзінен тыс бекітіп, оны жүзеге асыру, барып тұрған қылмыс болып табылады.
Биылғы маусымның 8-күні «Казсат» атты қазақстандық тұңғыш жер серігі басқару аппаратында ақаудың пайда болуына байланысты жұмысын тоқтатты. Осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Хруничев атындағы орталығында дайындалған оның құны Қазақстанға 65 млн долларға түскен болатын.
«Қазсат» ұшырылған кезде, бұл Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі ақпарат алмасу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және әлемдегі ғарыш державаларының біріне айналу жолындағы тұңғыш қадам деп бағаланды. Десек те алғашында «Қазсаттың» толығымен іске қосылмауы мамандар арасында әртүрлі пікір туғызған еді.