Бишімбаев және «Болашақтың» болашағы

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әуелі ұсталып, кейін қамауға алынуы қоғамда түрлі пікір тудырды. Біреулер «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жайлы мысқылдаса, енді бірі экс-министрді қорғап, «Болашақ» бағдарламасына жоғары баға берген.

Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі, 36 жастағы Қуандық Бишімбаев мемлекеттік басқару жүйесіндегі бұрынғы жұмысында «бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған» деген күдікпен қаңтардың 10-ы күні Астанада ұсталған. Тергеу орындарының Бішімбаевқа айып тағып, ал процессуалдық сот бұлтартпау шарасын белгілеуі тиіс мерзім бүгін бітеді.

Қуандық Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметінен жаңа жыл мерекесі қарсаңында – желтоқсанның 28-інде босаған. Көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерден бір өзгешелігі, әлеумет оның «қырсыққа» ұшырағанын БАҚ хабарларынан емес, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен естіді. Желтоқсанның 30-ында Назарбаев сыртқы істер министрлігі басшылығымен өткен жиында Қуандық Бишімбаевтың үстінен тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлап, оны «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарып тұрған кездегі қызметіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты қызметінен босатылды деп түсіндірген.

Негізі, «Бәйтерек» ұлтты холдингі құрамына кіретін «Бәйтерек Development» компаниясы басшылығына қатысты тергеу шаралары 2016 жылғы қарашада басталған.

Қуандық Бишімбаевты қылмыстық қудалау қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде оның жеке тұлғасы ғана емес, шетел университеттерінде Қазақстан үкіметі қаржысына мыңдаған жастар оқыған «Болашақ» бағдарламасына қатысты да қарама-қарсы пікірлер тарады. Қуандық Бишімбаев – коррупцияға қарсы науқан аясында қылмыстық қудалауға іліккен министр қызметіндегі алғашқы «болашақшы».

ҚЫСҚА КАРЬЕРА

Қуандық Бишімбаев 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесі Уәлихан Бішімбаев ол кезде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылордадағы филиалы директоры, ал 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Жамбыл (Тараз) университеті ректоры болған.

Қуандық Бишімбаев Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті мен АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетін бітірген.

Қуандық Бишімбаев орта мектепті 15 жасында тәмамдап үлгерген. 1990 жылы Алматыдағы қазақ мемлекеттік басқару академиясын, ал екі жылдан кейін Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университеті мен АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университетін «Болашақ» бағдарламасы бойынша қатар бітірген. 2016 жылдың аяғында жергілікті баспасөз Бишімбаевтың қос дипломды бір уақытта қатар алуына назар аударып, дәл сол тұста әкесі Тараздағы университет ректоры болғанын меңзеп жазған.

Қуандық Бишімбаев 26 жасында индустрия және сауда вице-министрі болып үлгерді. Ол 2013 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарған. Бишімбаев 2016 жылғы мамырдың 6-сынан желтоқсанның 28-іне дейін ұлттық экономика министрі қызметін алты айдан аса атқарды. Оның жұлдызды шағы және күрт өрлеген карьерасы осы арада үзілді.

Ал әкесі Уәлихан Бишімбаевтың мансап жолындағы өрлеуі алдыңғы шақырылған парламент депутаты мандатымен аяқталды. Ол былтырғы қаңтардан бері ғылыми жұмыспен айналысады.

«БОЛАШАҚШЫЛАРДЫҢ» БҮГІНІ

Үстінен қылмыстық іс қозғалған бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаев «Болашақ» бағдарламасының ең жоғары лауазымды түлегіне айналды. Жергілікті кей веб-сайттар «Болашақ» бағдарламасы әуелгі көздеген бағыттан жаңылып, «көбінесе дөкейлердің балалары ен жайлайтын ортаға айналды» деп мысқылдап жазады.

Жұрттың «болашақшы» деген мысқылына «Болашақ» бағдарламасы түлектері іліккен өзге жанжалдар да түрткі болған. Түлектердің бір бөлігі елге оралғысы келмейді. Елге оралғандардың кейбірі жағымсыз оқиғаларға ұрынады. Мысалы, 2009 жылы күзде бұрынғы қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Әлжан Біралиев «мемлекет қаржысын жымқырды» деген айыппен екі жылға шартты жазамен сотталған. Оны қамаудан сот залынан босатқан. Біралиев апелляциялық шағым беруден бас тартқан. Сол кезден бері ол мемлекеттік қызметке жоламайды.

Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Әлжан Біралиев сотта отыр. Астана, 28 қыркүйек 2009 жыл.

Жергілікті Qamshy.kz сайты мемлекеттік билік жүйесінде маңызды қызметтер атқаратын (2016 жылғы мамырдың 10-на дейінгі дерек бойынша)1993 жылы іске қосылған «Болашақ» стипендиясының жеті түлегінің аты-жөнін жариялады. Сайт «Әлемнің 33 елінің ең үздік 200 жоғары оқу орнында осы бағдарлама аясында қазірге дейін 11 мың 126 қазақстандық білім алды. Қазір олардың көбі ел экономикасының қилы саласында халық игілігіне еңбек етіп жүр» деп жазады.

Тізімнің басында ұлттық экономика министрі (енді бұрынғы министр) Қуандық Бишімбаев тұр. Одан кейін тізімде Алматы қаласының әкімі, 42 жастағы Бауыржан Байбек тұр. Сайттың «үздік үштігіне» Батыс Қазақстан облысы әкімі, қаңтардың 15-інде 39 жасқа толатын Алтай Күлгінов те іліккен. Сайт тізімінде Шымкент қаласының әкімі, 41 жастағы Ғабидолла Әбдірахымов пен «Астана Арланс» кәсіпқой боксы клубының директоры, 2012 жылы бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы болып, екі жылдан кейін «Болашақ» бағдарламасы түлегіне айналған 33 жастағы Серік Сапиев те бар. Ол тізімде алтыншы орында Алматы қаласы әкімінің орынбасары 32 жастағы Ерлан Әукенов тұр. Одан кейін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесі төрағасы, 41 жастағы Мағжан Әуезов бар.

БИШІМБАЕВ ПЕН «БОЛАШАҚТЫ» ҚОРҒАУШЫЛАР

Қуандық Бишімбаевтың ұсталуына байланысты Baiterek Venture Fund қоры директорлар кеңесінің мүшесі әрі «Болашақ» бағдарламасы түлегі Арман Қашқынбеков Facebook желісінде үндеу жариялады. Қашқынбеков «бір топ азаматтар» атынан қазақстандықтар мен БАҚ-ты кінәсіздік презумпциясы принципін ұстануға және «күдіктінің туыстары мен жақындарының сезімін» құрметтеуге шақырған.

Тергеу жүріп жатқанына қарамастан ақпарат алаңында экс-министрді айыптау сарынындағы және оның тұлғасына қатысты ағат пікірілер көп.
Арман Қашқынбеков.

«Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев те іліккен тергеу ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ондаған жазбаның тақырыбына айналды. Тергеу жүріп жатқанына қарамастан ақпарат алаңында экс-министрді айыптау сарынындағы және оның тұлғасына қатысты ағат пікірілер көп» деп қынжылады Арман Қашқынбеков. Ол «сот шешімі шықпай ешкім кінәлі деп танылмайтынын» ескертеді.

Экс-министрді қорғаудан өзге «болашақшылар» да, мысалы «Самұрық-Қазына» қорының сыртқы және ішкі коммуникация департаменті директоры Айдар Махметов пен «Алматыны дамыту орталығы» компаниясының басқарма төрағасы Әсет Әбдуәлиев те шет қалмады. Олар Қуандық Бишімбаевты қолдаған постар жариялап, «Болашақ» бағдарламасына жоғары баға берген.