Үкімет Тіл заңының 20 жылдығы қарсаңында қазақ тілінің қолдану аясын 10 пайызға тарылтты

Қазақ тілі жанашырларының тілді қолдауға бағытталған митингісі. Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл.

2010 жылы іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі 10 пайызға қысқармақ. Бұл қаулыға сын айтушылар елде қазақ тілінің қанат жайып, өрісін кеңейтуге шенеуніктер мүдделі емес деп отыр.

«...ЕКІ АДЫМ АРТҚА» ШАҚЫРАТЫН ҚАУЛЫ

Мәдениет министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына өзгеріс енгізілген. Өзгеріс бойынша, Қазақстанда іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі алдын ала белгіленгендей 70 пайыз емес, 60 пайызға жүзеге асырылмақ. Бұл түзету бейсенбі күні ресми баспасөзде жарияланған Үкіметтің қаулысына сәйкес жасалып отыр.

«2009 жыл тармағының «Мемлекеттік органдарда іс жүргізудегі мемлекеттік тілдің үлес салмағы» бабындығы «70» санын «60» санымен ауыстыру керек», — деп атап көрсетілгенҮкімет қаулысында.

Іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру неліктен 10 пайызға қысқартылғанын білмек болып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне хабарластық. Аталмыш министрліктің Тіл комитетінің қызметкері Гүлмира Құбашева жоспарға енгізілген өзгеріске кейбір министрліктердің іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге әлі де дайын еместігі себеп болып отырғанын айтады.

- Бізде жақында қайта тексеріс болды. Соның нәтижесі көрсеткендей, Қаржы министрлігі мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріндегі қаржы және бухгалтерлік іс-қағаздар әлі де екі тілде жүргізіліп отырғандығы анықталды. Және Сыртқы істер министрлігінің жұмысына байланысты онда да іс-қағаздар екі тілде жүргізіліп келеді. Осыларды қаперге ала отырып қысқартқан шығар,- деді Гүлмира Құбашева.

Бірақ та, тіл жанашырлары мұның артында шенеуніктердің қазақ тіліне деген қиғаш көзқарастары мен өз мүдделері жатыр деген пікірде. «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің айтуынша, мемлекеттік тілдің өз тұғырына көтерілуіне биліктің әр бұтағындағы шенеуніктер қарсы.

- Мемлекеттік тілдің дамуына бөгет болып отырған шенеуніктердің өздері. Олардың бүкіл тіршілігі орыс тіліне байлаулы. Балаларының болашағына дейін сол тілге байлап қойған. Сондықтан, олар қазақ тілінің дамуына мүдделі емес. Сөйтіп, біз тағы да екі оттың ортасында қалып қойдық. Қазақстан қос тілді мемлекет пе, әлі де жалпыға міндетті бір мемлекеттік тілде сөйлейтін мемлекет пе? Қос тілді мемлекет деп шенеуніктер айта алмайды. Себебі, қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл болып табылады, - деді Дос Көшім.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЖЕТТІЛІК ДЕҢГЕЙІНІҢ ПАЙЫЗЫ ДА ТӨМЕНДЕТІЛГЕН

Дегенмен, қазақ тілі тілге қойылатын талаптардың барлығын атқара алады. Тіпті, мемлекеттік тілдің қызметін де толықтай атқарып отырған көрінеді. Мұндай пікірдің иесі Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Мамай Ахет қазақ тілінің мәселесі бар екенін де жоққа шығармады.

- Тіл мәселесі бар. Бірақ ол жекелеген адамдардың қазақ тіліне деген көзқарасы мен санасындағы мәселе. Ал, қазақ тілі тілге қойылатын коммуникативті, когнитивті деген талаптармен қоса, өзінің ең басты міндеті болып табылатын мемлекеттік тіл функциясын толық атқарып отыр, - деді Мамай Ахет.

Алайда ақын Мұхтар Шаханов тіл туралы арнайы заң қабылданбайынша, қазақ тілінің көзі ашылмайды деп отыр.

- Барлық елдерде тіл туралы заң бар. Тек бізде ғана жоқ. Жоқ болатын себебі, биліктегілер ондай заңды қабылдауға құлықсыз. Егер, тіл туралы арнайы заң қабылданатын болса, ол мемлекеттік тілдің беделін күшейтіп жібереді ал, оған билік мүдделі емес, - деді Мұхтар Шаханов.

Сонымен қатар, Мұхтар Шахановтың пікірінше, тіл мәселесін түбегейлі шешу үшін билік жүргізіп отырған қазақстандық ұлт саясатымен күресу керек.

Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық жоспарына енгізілген өзгерістің тағы бірі ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің негізгі бөлігіндегі қажеттілік деңгейінің күтілуі 35% -дан 32%-ға түзетілгені көрсетілген.