Лафтивизм - саясаттың қуатты құралы

Саяси сатира. Көрнекі сурет

Бүкіл әлемде саяси юморды азаматтық қозғалыстың "қаруы" ретінде қолданатын лафтивизм құбылысы өрістеп келеді. Кейбір елдерде ол оппозицияны жақтаушылардың санын көбейтіп берген.
Сәуір айында Египет президентін әжуалағаны үшін қамауға алынған белгілі сатирик Бассем Юсеф кепілмен босатылды.

ПРЕЗИДЕНТТІ ӘЖУАЛАҒАН САТИРИК

Бірақ алдағы уақытта оған "ислам діні мен президентке тіл тигізді" деген айып тағылуы мүмкін.

Өзінің телебағдарламасында Бассем Юсеф саясаткерлерді, дін өкілдерін, журналистердің қылықтарын жиі әжуалайды.

Ол соңғы бағдарламаларының біріне "Супер Мурси" атты фараон болып шыққан.

Юсеф өзін полицияға шақырған кезде де әзілден айнымай, тергеуге мантияға ұқсас үлкен қалпақ киіп келген. Осылайша жақында ғана доктор дәрежесін алған президент Мурсиді әжуалаған.

YouTube желісіне "Super Morsi" деген атпен шыққан видеоны мына жерден көре аласыз:

http://www.youtube.com/embed/4n892QF28fQ

КҮЛКІ - ҚАРУ

Күлкі, өткір әзіл - ғасырлар бойы әлеуметтік қозғалыстарда құрал ретінде қолданылып келеді.

Бірақ 21-ғасырда ол «лафтивизм» атауына ие болып, интернеттің дамуына байланысты пайда болған «хактивизм», «кликтивизм» сияқты қарсылықтың жаңа түріне айналды.

Бұл ұғымды ең алғаш рет әлемдегі демократиялық белсенділерді қолдайтын сербиялық CANVAS (Center for Applied Nonviolent Actions and Strategies) үкіметтік емес ұйымы қолданысқа енгізген.

Бұл ұйымның негізін қалаушы сербиялық «Отпор» қарсылық қозғалысының мүшелері 2000-шы жылдары елді Слободан Милошевич басқарып тұрған кезде мынадай «күлкілі тәжірибе» жүргізген.

Сербия оппозициясының белсендісі Зоран Джинджич Югославия президенті Слободан Милошевичке қарсы шеруде отыр. Белград, 29 қыркүйек 1999 жыл. (Көрнекі сурет)


Олар Слободан Милошевичтің суретін мұнай бөшкесінің сыртына жапсырып қойып, оны бейсбол таяғымен бірге жұрт көп өтетін орынға қалдырып кетіп, сырттай қызықтаған.

Милошевичті сынауға жүрексінетін, бірақ оны жек көрген жұрт президентті «ұруға» кезекке тұрған. Сәлден соң оқиға орнына келген полиция «кінәліні» таба алмай, ақырында сурет жапсырылған бөшкені ғана «қамауға алған».

Полицияның бөшкені сүйреп бара жатқан суреті әлемге таралып, ел президенті мен оның жақтастары күлкіге айналды.

ЛАФТИВИЗМНІҢ ӘЛЕМГЕ ЖАЙЫЛУЫ

Сәуір айында «Диктаторлар неге әзілді ұнатпайды?» атты мақалада Foreign Policy басылымы күлкі мен өткір әзілді көптеген авторитарлық елдерде режимге қарсы қуатты құрал ретінде пайдаланылатынын жазады.

2012 жылы Суданда президент Омар әл-Бәшірдің оның «билігін сынаудың мүмкін еместігі» туралы сөзінен кейін студенттер «шынтақ жалау» атты күлкілі акция ұйымдастырған.

Басылым Египетте Хосни Мүбәрактың режимі құлар алдында да азаматтық белсенділердің күлкі мен әзілдерді тиімді қолдана алғанын жазады.

Мыңдаған шеруші Каир орталығындағы Тахрир алаңына жиналды. Египет, 25 қаңтар, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)


«Күлкі анти-мүбәрактық коммуникациялық стратегияның өзегіне жылдам айналып кетті, ол екі мақсатқа қызмет етті. Өткір каламбур, уытты карикатура, жанды мінберлер орталық алаңға келуді сәнге айналдырды және азаматтарды саяси белсенді қылып көрсетті. Күн сайын орталық алаңдағы адамдарға жаңа адамдар қосыла берді – олар тек Мүбәракты құлатқысы ғана келген жоқ, сонымен бірге бүкіл елде әдетке айналған «күлкі жарылысының» бір бөлігіне айналғысы келді» деп жазады Foreign Policy басылымы.

"КҮЛКІ ҮРЕЙДІ СЕЙІЛТЕДІ, СЕНІМДІ АРТТЫРАДЫ"

Басылымның жазуынша, лафтивизм тек Солтүстік Африка, Таяу Шығыс елдерінде ғана емес, сонымен бірге Испаниядағы антикапиталистік және АҚШ-тағы Оккупай Уолл стрит қозғалыстарының "майдан" алаңынан табылған.

«Күлкі неліктен 21 ғасырдағы белсенділердің қаруына айналды? Бір жағынан, күлкі үрейді сейілтеді және сенімді арттырады. Ол - азаматтық қозғалысқа жаңа адамдарды тартуға көмектесетін қажетті фактор. Күлкі қарсыластардың ебедейсіз реакцияларын да тудырып жатады. Ең маңыздысы – лафтивизм қарсыластың әрекеттерін құрдымға тіреп, қандай реакция танытса да режимге сенімді азайтады» деп жазады басылым.

ТМД елдерінің ішінде лафтивизм әсіресе, Ресейде қарқын алып келеді.

Өткен жылы Санкт-Петербургта оппозицияға митинг өткізуге рұқсат берілмеген кезде белсенділер "жұмсақ ойыншықтардың митингісін" ұйымдастырды.

Ресейдегі ойыншықтар митингісі туралы Youtube-ке шыққан видеоны мына жерден көре аласыз:

http://www.youtube.com/embed/x7ROptv-rvk

"Путин - сондай жаман", "Сүйкімді оппозиция", "Алдамшылар мен ұрылар бес минутқа жинала қалайық" деген жазулары бар плакаттар "ұстаған" ойыншықтар жергілікті билік ғимаратының алдында тұрды. Биліктің оларды кәмпескелеуден басқа амалы қалмады.

Youtube-та таралған Медведев пен Путинді әжуалаған видеолар да көп.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ САТИРАНЫҢ "ШЕКАРАСЫ"

Қазақстанда күлкі, өткір әзілге қатысты консервативтік көзқарастар басым. Оны көп уақытта совет кезінде болған фельетон, памфлет сияқты саяси сатиралық жанрлармен байланыстырады.

Совет кезінде саясаткерлерді сынауға мүмкіндік болғанын атап өткен жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлы авторитарлы Қазақстан жағдайында саяси сатираны жеке меншік газеттердің «өлтіргенін» айтады.

- Жамандап жүрген кеңес кезінде соның бәрі болатын. Өзіміз де жазғанбыз, қатысқанбыз. Одақтың өз ішінде жазғанбыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін газеттердің бәрі жеке меншікке өтті. Оны ұстап отырғандардың бәрі - биліктің о жақ, бұ жағындағы біреулер. Солар биліктің атына онша жақсы болмайтын фельетонның, саяси сатираның бәрін қырықты. Оны жазып жүрген талай жігіттердің меселі қайтқанын білемін, - дейді жазушы.

Жас сатирик Үміт Өтегенқызының пікірінше, Қазақстанда сатириктер көп болғанмен олардың бәрі цензура кесірінен жазудан қашқақтайды.

Сатирик Үміт Өтегенқызы. Сурет автордың жеке мұрағатынан алынған.


Ол сатира жазғанда өзіне цензура қоятынын да жасырмайды:

- Өйткені бізде президентті сынауға болмайды. Тіпті сондай заң да шыққан. Сондықтан президентті сынай алмаймыз. Оны ашық түрде айта алам. Бірақ шығармаларымда президентті астарлы болса да, сынап өтетін жерлер бар. Қорқатын жеріміз бар. Қорықпаймыз деп айта алмаймын. Көбіне шенеуніктер, әкімдер туралы жазам, - дейді Үміт Өтегенқызы.