Stratfor Commentary: Қазақстан «IPO-қателерден» сабақ алмай отыр

Қор рыногында әңгімелесіп отырған адамдар. (Көрнекі сурет)

Ресей мен Беларусьтегі «Халықтық IPO» тектес шаралардың немен аяқталғанын жазған шетелдік автор «Әлі де кеш емес. Қазақстан үкіметі IPO-дан бас тартып үлгереді» дейді.
Қазақстан тұрғындарына ірі компаниялардың қарапайым акциялары сатыла бастады. Үкімет осы бағдарлама экономиканың дамуына үлес қосады деп үміттенеді. Stratfor Commentary («Стратфор комментари») агенттігі қаңтардың 3-і күні осы тақырыпқа мақала арнады.

ҮКІМЕТТІҢ ҮМІТІ

Мақала авторы Станислав Филипповтың жазуынша, «Өткен жылдың соңында Қазақстан қор биржасы қарапайым тұрғындарға «КазТрансОйл» энергетикалық компаниясының акцияларын екінші айналымда саудаға шығарды.

Бағдарламаны дайындаған үкімет «Қазақстан азаматтары мен ірі кәсіпорындар арасында байланыс орнатып, әлеуметтік тұрақтылықты арттырамыз, ірі мемлекеттік компанияларды қажетті қаражатпен қамтамасыз етеміз» деп үміттенеді.

Почтадағы "Халықтық IPO" терезесі бос тұр. Ақтөбе, 6 қараша 2012 жыл.


Автордың ойынша, 2011 жылы көтерілген бұл бастама («Халықтық IPO» - ред.) «халықтың мемлекет экономикасына үлес қосуы үшін, қатысушы компаниялардың инвестициялық қорын ұлғайтып, ұлттық компаниялардың ашықтығын көрсету үшін жасалды. Дегенмен, өзге постсоветтік елдердің осыған ұқсас бағдарламасы үмітті ақтамады».

Автор «Сондықтан қазақстандықтар үкіметтің бастамасына күмәнмен қарайды. Тәуекелге бекінген ел үкіметі де алған бетінен қайтар емес, себебі тұрғындарды мемлекеттік жүйеге тәуелді етіп әрі қолма-қол ақшаны көбейту керек. Үкімет осы шара арқылы қауіптің алдын алу шараларын жасадық деп ойлайды. Алайда бұл бағдарламаның ғұмыры қаншаға жететінін уақыт көрсетеді» дейді.

«ХАЛЫҚТЫҚ IPO»

Автор атап көрсеткендей, «Қазақстан алдағы үш жылда тұрғындардың инвестиция салуы үшін стратегиялық маңызы бар мемлекеттік кәсіпорындардың 10 басты акцияларын биржаға орналастырады».

Stratfor Commentary дерегі бойынша, «Халықтық IPO» деп аталатын бағдарлама «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аясында құрылған. Бұл науқан 20-ға жуық ірі кәсіпорынды қамтиды. Бағдарлама бойынша бірінші кезек «ҚазТрансОйл» мұнай компаниясына берілді. Компания акциясының он пайызы саудаға шығарылды. Акциялардың жалпы құны - шамамен 186 миллион АҚШ доллары. Бір акция құны бес долларға жуық (4.82 доллар) мөлшерде бекітілді.

Зейнеткерлер сауда жасап отыр. Ақтөбе, қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


«ҚазТрансОйл»-дың алғашқы траншы кезінде 60 мыңдай адам мен елдегі 10 зейнетақы қоры акция алуға ұсыныс білдірді. Үкімет Қазақстанның 200 мың азаматы «Халықтық IPO»-ға қатысады деп үміттеніп отыр. Ал елдегі зейнетақы қорларының бәрінен шараға қатысуды талап еткен».

Станислав Филиппов «Теория жүзінде, бұл шара үкіметке «осы бағдарламаның арқасында қазақстандықтар мемлекеттік жүйеге араласып отыр, үкімет пен мемлекеттік кәсіпорындардың әрекеті жария түрде жүреді» деп айтуға мүмкіндік береді» деп жазады.

Бірақ автордың ойынша, «Іс жүзінде үкімет осы шара арқылы ел азаматтары мен зейнетақы қорларын өзіне тәуелді етпек. Одан бөлек, бұл бағдарлама арқасында мемлекеттік кәсіпорындар ақша жинап, жаңа серпінге ие болады».

КӨРШІНІҢ ҚАТЕСІНЕН САБАҚ АЛУ

Автордың пайымдауынша, «Ірі экономикалық бағдарламалардың бұрынғы советтік елдерді биікке көтергені шамалы».

«Ресей әлемдік қаржы дағдарысынан кейін, 2007-2008 жылдары осындай бағдарламалар шығарды. Қазақстан үкіметі сияқты Кремль де жұртқа IPO ұсынып, елдегі фирмаларға қаржы жинамақ болды. Олар халықты «ВТБ» банкіне ақша салуға шақырды. Бірақ қаржы дағдарысының кесірінен бұл банктің құны төмендеп кетті. Мемлекет халықтың ашуынан сескеніп, акцияларды қайтадан өзі сатып алды.

"ВТБ" банкінің кеңсесі. Мәскеу, 14 ақпан 2011 жыл.


Осындай сәтсіз бағдарламалар Ресейде он шақты рет қайталанды. Ресейдегі бұл оқиғалардан сабақ алған Беларусь жоспарлап қойған биржалық ұсынысын жарияламады. Бағдарлама өзін ақтамаса, Мәскеу сияқты акцияны кері сатып алуға Минскінің ақшасы жоқ еді» деп жазады Филиппов.

Автор Қазақстан үкіметінің бағдарламаны жер-көкке сыйғызбай мақтағанын айтып, «Оларға сенсек, қазақстандық фирмалар ресейлік не басқа бұрынғы советтік елдердегі кәсіпорындарға қарағанда бес есе жақсы дамиды. Алайда бұл бағдарлама мемлекетке тиімді болса да, жекелеген азаматтардың одан көп пайда көруі - екіталай. Үкімет бұл бағдарламаға елдегі барлық зейнетақы қорларын қатыстырып отыр, егер бағдарлама құрдымға кетсе, халық наразылығы үдейді деген сөз» дейді.

Автордың жазуынша, «қазіргі кезде Қазақстанның экономикасы тұрақты, мұнай сатудан мемлекет үлкен пайда көріп отыр».

«Ұлттық мұнай қорында 55 миллиард АҚШ доллары, ал алтын-валюта резервінде 30 миллиард доллары бар. Сондықтан «Халықтық IPO» бағдарламасы құрдымға кетсе, үкіметтің өз беделін құрбандыққа шалса да, акцияларды қайта сатып алуға қаражаты жеткілікті. Бағдарлама екі жылға жоспарланған. Сондықтан, әлі де уақыт бар, үкімет бағдарламаның қисық кеткен жерлерін жөндеп, тіпті одан бас тартуға да үлгереді» дейді мақала авторы Станислав Филиппов.

«АЛҒАШҚЫ ОНДЫҚ»

Қазақстандық БАҚ, қоғамдық ұйымдар, билікке бүйрегі бұратын үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері 2012 жылдың жаз айларынан бастап халық арасында «Халықтық IPO» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастағанын Азаттық бұған дейін де жазған еді.

Насихатшылар ел азаматтарына «ірі компаниялардың акцияларын иеленіп, табыстан үлес алуға, тіпті сол компанияны дамытуға қатысуға болады» деп түсіндірді.

Бағдарлама бойынша, 2012 жылы өз акцияларын алғашқы жария сатылымға «ҚазТрансОйл» компаниясы шығарды.

Қор биржасы ақпарат тақтасының қасынан өтіп бара жатқан әйел. (Көрнекі сурет)


«ҚазТрансОйл» компаниясы 2012 жылы желтоқсанның 28-і күні таратқан ең соңғы баспасөз релизінде мынадай ақпарат берілген: «Компания акциялары саудаланған төртінші күннің нәтижесі: алғашқы акция бағасы – 828,00 теңге; акцияның ең төменгі бағасы - 821,00 теңге; ең жоғарғы бағасы – 830,00 теңге; орташа баға – 827,70 теңге; соңғы баға (аукцион жабылған сәттегі) – 830,00 тенге; жасалған келісім-шарттар – 80; түскен қаражат - 390 555 512,33 теңге; Сатылған акция - 471 857».

2013 жылы — KEGOC, «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы», 2014 жылы — «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», 2015 жылы — «Қазатомөнеркәсібі», «ҚазМұнайГаз» компаниялары қатысады.

Акция сатып алуға болатын ең жоғары ақша көлемін теория жүзінде эмитент компаниялардың өздері, яғни өзінің құнды қағаздарын шығаратын ұйымдар белгілейді. Бұл туралы ақпарат компаниялардың сайттары мен таныстыру материалдарында жариялануы тиіс. Азаматтардың бағдарламаға қатысу тәртібі туралы ақпаратты halyk-ipo.kz сайтынан тауып, брокерлердің тізімімен kase.kz, afn.kz сайттары мен «Қазпошта» компаниясының филиалдарынан танысуға болады.