«Азаматтардың бас бостандығы заңсыз шектелді»

Наразылық шеруіне жиналған адамдарды Республика алаңына барар жолда полиция ұстап алды. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласында 21 мамырда «жер реформасына» наразылығын білдірмек болып көшеге шыққан адамдарды полиция топтап ұстады. Оларды бірнеше сағаттан кейін босатқан билік адамдардың неге ұсталғанын бірден түсіндірмеді. Құқық қорғаушылар полиция әрекеті заңға қайшы дейді.

Мамырдың 21-інде Алматы қаласы Әуезов ауданы Сарыарқа кинотеатрының жанындағы туысының үйіне келген көп балалы ана Мәншүк Тілеухан құқық қорғау органдары қызметкерлері өзін аудандық ішкі істер бөліміне күшпен әкеткенін айтады

Your browser doesn’t support HTML5

"Азаматтардың бейбіт шеруге шығуға құқы бар". Аудиоподкаст.

- Сағат он екілер шамасында мені тоқтатып, автобусқа күштеп салмақ болды. Полиция қызметкерлері себебін түсіндірген жоқ. Құжатымды да сұрамады,-дейді Мәншүк Тілеухан.

Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне жиырмаға жуық адаммен бір автобуста бардым деген ол алты сағатқа жуық ішкі істер бөлімінде отырғанын, «митинг болады дегенді естігенін, бірақ өзі барғанда алаңда ешкім болмағанын» айтады.

«ЖАППАЙ ЗАҢСЫЗДЫҚ»

Мамырдың 21-інде Қазақстанның бірінеше өңірінде рұқсатсыз шеруге қатыспақшы болды деген желеумен ұсталғандар ішінде Мәншүк Тілеухан сияқты Алматы қаласының бірнеше тұрғындары мен БАҚ тілшілері де болған. Соның ішінде Азаттық тілшісі де Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде алты сағатқа жуық отырған.

Азаттық тілшісі мамырдың 21-і күнгі «рұқсатсыз митингіге» қатыспақ болды деген желеумен жаппай тұтқындауларға байланысты бірнеше құқық қорғаушы мен саясаттанушының пікірін сұрастырды. Соның бірі құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев полицияның заңсыз әрекеттерін өзі де көргенін айтады.

Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы (оң жақта, алдыңғы қатарда) полиция бөлімінде тұр. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.

​- Сол күні таңертең Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне еш себепсіз мені де алып кетіп, бірнеше сағат заңсыз ұстады,-дейді ол.

Амангелді Шорманбаевтың сөзінше өзін ұстауға Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «мамырдың 21-іне ақпараттық құқық қорғау орталығы жұмыс істейтіні» туралы жазғаны желеу болған.

- Митингіге рұқсат етілмесе де азаматтар келуі мүмкін екенін ескеріп, бір топ адвокаттар құқықтық көмек беру мақсатында осы орталықты ұйымдастырғанбыз. Полиция азаматтарды жаппай ұстағаннан кейін осы орталықтың алты адвокаты күні бойы жұмыс істеп, құқықтық көмек көрсетуге тырысты,-дейді ол.

Амангелді Шорманбаев адвокаттардың талпынысы көбінесе сәтсіз болғанын, өйткені ұсталған азаматтармен сөйлесуге, олардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берілмегенін айтады.

- Ұсталғандар сол сәттен бастап адвокаттың көмегіне жүгінуге құқығы бар. Бірақ жүздеген адам бірнеше сағат ұсталса да адвокаттармен сөйлесуге мүмкіндік бермеді, мұны тек қана жаппай заң бұзушылық деуге болады,- дейді ол.

Адвокат Гүлнар Жуасбаева Азаттық тілшісіне Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне әкетілген жүзге жуық адамның құқық қорғауға барғанын айта келе, «ішкі істер бөлімінің басшылары түрлі желеуді алға тартып, адвокат жұмысына кедергі келтірді» деп санайды.

Исатай-Махамбет алаңы маңындағы үйлердің бірінің шатырында отырған арнайы жасақ. Атырау. 21 мамыр, 2016 жыл.

- Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің алдында бірнеше сағат тұруға мәжбүр болдық. Ұсталған адамдарды алты сағатқа жуық жібермеді, бірақ ол әрекетін полиция түсіндіруге тырыспады да. Ұсталғандар арасында журналистер де болды. Оларды ұстау - БАҚ туралы заңды көрінеу бұзу,-дейді ол.

Адам құқығы бойынша Қазақстандағы халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис қарапайым адамдар Қазақстан конституциясында өздеріне берілген «бейбіт шеруге шығу құқығын пайдалануға тырысты, полиция оған көмектесу орнына керісінше бастан-аяқ заңсыз әрекеттерімен көзге түсті» дейді.

- Адамды ұстау және оны қандайда бір орынға алып кету үшін полиция екі кодекске ғана сүйенуі тиіс. Қандай да бір адам қылмысқа күдікті деп танылған жағдайда қылмыстық атқару кодексі бойынша, ал әкімшілік құқық бұзушы ретінде күдік туғызған жағдайда әкімшілік кодекс немесе әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша ұстай алады. Ұсталған азаматтарға қатысты мұндай күдіктер жоқ. Әрбір ұсталған адам өзін адвокаттың қорғауына құқылы. Күдік туғызған жағдайда ғана адамды сот санкциясынсыз үш сағат ұстауға болады. Оның өзінде заңды негіз керек. Полиция қызметкерлері біраз ұстап, кейін «кете бер» деп те айта алмайды. Ұстағанда хаттама толтырылып, себебі көрсетілуі керек. Сол сияқты екі кодексте де ұсталғандарға түсініктеме жаздыру дейтін процессуалдық құжат жоқ. Алайда Алматыдағы оқиға кезінде мұның бәрі аяқасты болғаны көрінді. Оны прокуратура да көріп, өздері де араласты. Енді ұсталғандар шағым түсіргенде соттың қандай шешім шығаратынын күтеміз, - дейді Евгений Жовтис.

«ЖАППАЙ ҚУҒЫН БОЛҒАН ЖОҚ»

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Азаттық тілшісіне полиция тарапынан заңсыздықтар болғанымен, қатаң қуғын-сүргін болған жоқ деп санайды. Оның айтуынша «рұқсатсыз митингіге шақырды» деген айыппен алдын-ала тұтқындаулар мен мамырдың 21-і күні тұтқындалғандар саны көп болғанымен, мұны «бұрынғы жазалау шараларымен салыстыруға келмейді» деп есептейді.

Видео: Полиция ондаған адамды ұстады. Алматы. 21 мамыр, 2016 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Полиция ондаған адамды ұстады

- Әлеуметтік желідегі пікір ауаны мамырдың 21-іне дейін де, одан кейін де көп өзгерген жоқ. Адамдар бұрынғыша өз пікірін айтып жатыр. Бұл - билік тарапынан айрықша қысым жасалмағанын, ұрып-соғу фактілері де болмағандығының белгісі. Билік 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзенде болған оқиғаға секілді шиеленістірмей шешуді жөн көргені байқалады. Меніңше, бұл жолы рұқсатсыз митингіге шыққандар да айрықша тәртіп бұзған жоқ, билік те белгілі бір деңгейдегі тәртіптік шарадан аспады. Сондықтан болашақта бұл оқиға тағы да қайталануы мүмкін,- дейді Әзімбай Ғали.

Мамырдың 21-і күні рұқсатсыз митингіге шықты деген желеумен құқыққорғау органдарының жаппай ұстау әрекеті басталғаннан кейін бірнеше сағат өткенде ішкі істер министрлігі «тұтқындалғандардың арасында журналистердің де кездесуі - түсініспеушілік» деп бағалаған еді.

Осы күні Алматы қаласы мен Қазақстанның тағы да басқа бірнеше қаласында жер реформасына қатысты «рұқсат етілмеген митингіге қатыспақ болды» деген айыппен жүздеген адам ұсталып, жергілікті полиция бөліміне күшпен әкетілген. Оған дейін «көпшілікті әлеуметтік желі арқылы митингіге шақырды» деген айыппен отызға жуық белсенді жазаға таратылып, көпшілігі он-он бес тәулікке қамауға алынған.