Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің үміті мен күдігі

Гей белсенділердің Петербургтегі шеруі. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы жыныстық азшылық өкілдеріне арналған сайт әкімшілігі заңдар мен нормативтік актілердің «кемсітушілік» сипаттағы баптарын өзгертуді сұрап, бас прокурорға үндеу жариялады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар, бірақ көп емес.

БАС ПРОКУРОРҒА ҮНДЕУ

Наурыз айының басында Қазақстанда жыныстық азшылық өкілдеріне (ЛГБТ - лесби, гей, бисексуал және трансгендер) арналған kok.team деген атаумен сайт ашылды. Құпиялылықты сақтаған сайт әкімшілігі «Жоба туралы» бөлімде сайттың негізгі мақсаты – елде ЛГБТ-қоғамдастығын «қалыптастыру» деп мәлімдейді. Жария сұхбатында сайт әкімшілігі ресурс аудиториясының көлемін «1,5 миллион гей, лесби және бисексуал» деп көрсеткен. Ал сайттың өзінде елдің түрлі қалаларында тұратын гомосексуалдардың өмірі туралы мақалалар мен ЛГБТ өкілдеріне гетеросексуал ортада өздерін қалай ұстау, ал гетеросексуалдарға ЛГБТ өкілдеріне қандай көзқараспен қарау керек екені жайлы нұсқаулар жарияланған.

Бірақ сәуірдің басында сайттың ағартушылық сипаты өзгерді. Сәуірдің 1-і күні kok.team әкімшілігі «заңдарға ревизия жүргізуді» және заңдардан «кемсітушілік сипаттағы баптарды» алып тастап, «қазіргі кездегі әділетсіздікті түзетуді» сұрап, Қазақстан бас прокуроры Жақып Асановқа үндеу жариялады. Ондай баптар ретінде конституцияның 14- бабын (заң мен сот алдында гомосексуалдар өзгелермен тең құқылы деп ашық жазылмаған), еңбек кодексінің 6-бабын (онда ЛГБТ өкілдерінің еңбек ету құқығын бұзуға жол берілмейтіні туралы жазылмаған), бұған қоса, некеге тұруға, бала асырап алуға, суррогат ана болуға және ішкі істер органдарында жұмыс істеуге салынған тікелей тыйымдарды атаған.

Азаттыққа жазбаша берген сұхбатында сайт әкімшілігі редакция келтірген тізімде гомосексуалдарға ұнамайтын заңдар мен нормативтік актілер «толық қамтылған, бірақ бұл заңдардың қалған бөлігінде жасырын кемсітушілік жоқ деген сөз емес» деп түсіндіреді. Сайт әкімшілігі «Мысалы, заң шығарушылар «гомосексуалдар» мен «гомосексуалдық» дегеннің орнына «гомосексуалистер» және «гомосексуализм» деген қате терминдерді қолданады, оны әлдебір саяси идеология деп ойлайтын сияқты: капитализм, исламизм сияқты гомосексуализм дегені тіпті күлкілі. Бұдан бөлек, биліктің түрлі тармақтарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер азаматтардың тең құқығын қамтамасыз ету міндеттерін бұзып, жеке әңгімелескен кезде ғана емес, ресми деңгейде де ашу қоздыратын сөздер айтады».

2017 жылғы қаңтардың 11-і күні Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты судьясы Бибігүл Төлегенованың zakon.kz сайтында жарияланған мәтінін осының мысалы ретінде келтірген. Әлгі мәтінде судья Төлегенова гомосексуалдарды ашық түрде «жыныстық азғындар» деп атап, ал олардың өз құқығы үшін күресін «Батыс компаниялары мен қорлары жомарттықпен қаржыландырып отырған» бағдарламалар жұмысының жемісі ретінде бағалайды. «Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясатты жетілдіру» материалының авторы қымсынбастан «Олардың көздеген мақсаты біреу: мемлекет тұғыры – дәстүрлі мораль, адамгершілік және отбасыларды ойрандау» деп жазады.

Сайт әкімшілігінің айтуынша, негізгі үлкен проблема - осы. Сайт басшылығы «ЛГБТ белсенділері заң шығарушылардан кемсітуге тыйым салынатын белгілер тізіміне жыныстық ұстаным мен гендерлік бағытты енгізуді талап етсе, заң шығарушылар бұл белгілер «өзге белгілері бойынша» деген тіркестің ішіне енеді деп сылтауратады, бірақ біз судьялардың әлгі сөздерді «жыныстық азғындардың» пайдасына қолданбайтынын түсінеміз» деп жазады.

МҮМКІНДІК БАР, МОЙЫМАҢЫЗДАР

Үндеу жарияланғаннан бергі 10 күнде Қазақстан бас прокуратурасы оған жария түрде жауап берген жоқ. Бірақ Азаттық тілшісі ведомствоның баспасөз қызметі арқылы сайттағы үндеуді «көргендерін», қазір бас прокуратура ішінде бірнеше құрылым үндеуге жауап әзірлеп жатқанын анықтады.

Kok.team сайтында жарияланған, Қазақстан бас прокуратурасына қарата жазылған үндеудің фрагменті. Kok.team сайтынан алынған скриншот

Бірақ сайт әкімшілігі олардың міндеті проблеманы көрсету, ал енді бүкіл шаруамен құқық қорғаушылар айналысуы тиіс деп бірден ескерткен. Бірақ қазақстандық заңгерлер мен құқық қорғаушылар гомосексуалдардың тең дәрежелі құқықтарын талап ету құқығын мойындағанымен, бұл оңай шаруа емес, әсіресе қоғамдық көңіл-күйді ескерсек, заңдарды бірден түзете салуға болмайды дейді.

Мысалы, жыныстық азшылық өкілдері құқығын қорғауды қолдайтынын мәлімдеген қазақстандық заңгер Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, «қазақстандық гомосексуалдардың заңдардағы кемсітушілік сипаттағы баптардан өзге де проблемалары бар». Сүлейманов Азаттық тілшісімен әңгімесінде:

... біз либералдық елден гөрі, демократиялық елге жуықтау екенімізді түсінуіміз керек, біз үшін бір адамның құндылығынан гөрі қоғам құндылығы мен қауіпсіздігі жоғары саналады.

- Әрине, салт-дәстүр, тарихын ескерсек, Қазақстан қоғамы бұл құбылысты жақтырмайды. Бұл жерде біз либералдық елден гөрі, демократиялық елге жуықтау екенімізді түсінуіміз керек, біз үшін бір адамның құндылығынан гөрі қоғам құндылығы мен қауіпсіздігі жоғары саналады. Қоғам либералдық құндылықтарды қабылдамайынша, жыныстық азшылық өкілдеріне тең мүмкіндіктерге құқығы бар екенін дәлелдеу өте қиын болады, - деді.

Бірақ Жангелді Сүлейманов ыңғайын тауып, кейбір дискриминациялық заңдарды өзгертуге болатын мүмкіндік бар деп біледі. Бұл үшін бастама көтеріліп, ол жұмыс тобын құруға ұласуы тиіс, ал одан кейін мәселе парламенттің талқысына жолданады. Негізі, ЛГБТ қоғамдастығының бас прокурорға жолдаған үндеуі де осындай бастама бола алады, бірақ мұны әлдебір заңгерлер көтерсе, мүмкіндік әлдеқайда көп болады.

Мәселе бұған қоғамның қалай қарайтынына тіреліп тұр. 2009 жылы «Сорос-Қазақстан» қоры «Көрінбейтіндер мен қорғансыздар: Қазақстандағы лесбилер, гейлер, бисексуалдар мен трансгендерлер» деген есеп әзірлеген. Әлгі құжатты әзірлеу кезінде жүргізілген сауалнамаға қатысқан адамдардың 81,2 пайызы Қазақстан қоғамы ЛГБТ өкілдерін «сынап-мінейді, сыйламайды» деген болатын. Ал kok.team сайты әкімшілігі Фридрих Эберт қорының «Орталық Азия жастары. Қазақстан» деген зерттеуіне сүйенеді. Әлгі зерттеуге (Азаттық редакциясында бар) сәйкес, «ЛГБТ өкілдеріне деген бейтарап көзқарас Алматы және Жамбыл облыстарында және Астана қаласында ғана тіркелген» әрі жоба аясында сұралған мұсылмандардың 60 пайызынан көбі гомосексуалдық қарым-қатынасты құптамайды (христиандар арасында бұл көрсеткіш - 44,7 пайыз), ал шамамен әр жетінші респондент көршісінің гомосексуал болғанын қаламайтынын айтқан.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Бұл сандар нақты жағдайды көрсетпеуі де мүмкін, бірақ Қазақстанда бұдан өзге статистика жоқ. Бірақ құқық қорғаушы Евгений Жовтистің Азаттық тілшісіне айтуынша, «тұтастай алғанда, мысалы Қазақстан билігі декларативтік деңгейде болса да, бұл мәселеге қатысты төзімділік танытады». Құқығын қорғауға тырысқан жыныстық азшылық өкілдерінің әрекеттерін құптаған Жовтистің пікірінше, «әйтсе де елдегі әлеуметтік топтардың бәрінің тең құқығына қол жеткізудің бұдан гөрі тиімдірек амалы бар».

- Елдегі қоғамдық психологияны ескерсек, БҰҰ-ның дискриминацияны жою жөніндегі түрлі комитеттерінің ережелерін орындату үшін кез келген белгі бойынша кемсітушілікке қарсы заңдар қабылдау тиімді сияқты көрінеді. Адамды мүгедектігі, соттылығы, нәсілдік өзгешелігі сияқты кез келген белгісі бойынша кемсітушілікті түп-тамырымен жою керек, халықаралық нормаларда жыныстық азшылық өкілдерін кемсіту де осы тізімге енгізілген, - дейді құқық қорғаушы.

БИЛІКТІҢ ӘРЕКЕТІ

Негізі, саяси ерік-жігер немесе саяси тиімділік мәселесі - Қазақстандағы жыныстық азшылық өкілдерінің құқығын қорғаудағы маңызды аспектілердің бірі . Екі жыл бұрын қазақстандық гомосексуалдар сондай бір жеңісін тойлаған болатын. Ол кезде конституциялық кеңес балаларды «гомосексуализмді насихаттайтын» зиянды ақпараттан қорғау туралы заң жобасын кері қайтарған. Сарапшылардың мәлімдеуінше, билікті бұл қадамға қысқы Олимпиада өткізу дәмесі итермелеген, ал жыныстық белгісіне қарай кемсітушілік бар елге ондай мүмкіндік берілмейді.

Наразылық акциясын өткізіп болғаннан кейін демалып отырған ЛГБТ белсенділері. (Көрнекі сурет)

Негізі, билікке тиімді болса, бұл мәселенің саяси шешімін қазір де табуға болады, мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ОЭСР) мүшелікке өту шарты ретінде елдегі жыныстық азшылық өкілдерінің құқық мәселелерін қозғауға болады. Бірақ kok.team сайты әкімшілігі бұған онша үміт артпайды. «Новая газета» - Казахстан» басылымындағы сұхбатта сайт әкімшілігі өкілі биліктегі гей, бисексуал және лесбилер жайлы білетінін, бірақ «олардан қайыр күту бекер», өйткені гомосексуал қоғамдастықта әзірше «ынтымақтастық сезімі жоқ» деген еді.

Тікелей президентке жүгінуге де болар еді. Бұған қоса, ертеректе оған әрекеттеніп көрген, бірнеше жыл бұрын Ақорда Нұрсұлтан Назарбаевпен «тікелей желі» кезінде президентке қоюға болатын тиісті дауыс алған онлайн-сұрақтарды жинаған. Гейлер арасындағы неке туралы сұрақ эфирде айтылған жоқ, бірақ Қазақстанда біржынысты неке қарастырылмаған деген жазбаша жауап әзірленген. Бірақ қазақстандық жыныстық азшылық өкілдері тіпті әлгі жауапсыз да жоғарғы билікке жүгінуге ниетті емес.

Kok.team әкімшілігі «Біз әр мәселе бойынша президентке жүгінуді ақымақтық деп санаймыз. Қазақстан Республикасында әр бөлігі өз саласына жауапты үлкен мемлекеттік машина бар. Сондықтан көп мәселелерді түрлі мемлекеттік органдардың өз қызметін реттеу үшін қабылдайтын тиісті қаулылары арқылы шешуге болар еді. Негізгі кедергілер аймақтарда туындап, сол жерде шешілетінін шенеуніктермен әрекеттестік тәжірибеміз көрсетеді, реттеуші құжаттар жоқ кезде бәрі адами факторға байланысты» деп тұжырады.