«Өзін-өзі басқарудың жоқтығы жергілікті билікті дәрменсіз етіп отыр»

Салықты төмендетуді талап еткен кәсіпкерлер Петропавловск әкімдігінің алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. 30 маусым 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«Билікті орталықсыздандыруды бүгіннің өзінде-ақ әкімдерді сайлаудан бастауға болады, бұл ретте ешқандай сепаратизмнің қаупі жоқ» дейді саясаткер Ораз Жандосов. Серікболсын Әбділдиннің ойынша, өзін-өзі басқару институтын орнату-орнатпауды президент Назарбаевтың еркі біледі. Ал депутат Соловьева осы мәселені шешуге қатысты шаралар жайлы хабарлады.

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару институтын нығайту және әкімдер сайлауын енгізу - Алматыда 2012 жылы наурыздың 19-ы өткен интеллигенция форумында билікке айтылған талаптардың бірі.

Өзін-өзі басқару мен барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау - 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы лидерлерінің негізгі саяси талаптарының бірі болды.

2001 жылы қазан айында Қазақстанда эксперимент ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы да өткізілді. Бірақ кейбір саясаткерлер мен сарапшылар «жер-жерлерде өзін-өзі басқару жүйесі сол күйі енгізілмей қалды» деп есептейді.

ӨЗІН-ӨЗІ «СӨЗ ЖҮЗІНДЕ» БАСҚАРУ

Оппозиция саясаткері Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару мен халық депутаттарының жергілікті кеңестері жайлы заң совет заманының өзінде, 1991 жылы сәуір айында қабылданған. Бұл заң екі мәрте, 1992 жылы қаңтарда және маусымда толықтырылған. Ақырғы рет 1993 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасының заңы ретінде қабылданған.

Саясаткер Серікболсын Әбділдин. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.


Серікболсын Әбділдин «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мен жергілікті кеңестерді (мәслихаттарды – ред.) дамыту 1995 жылғы конституция қабылданғаннан кейін қиынға айналды» дейді. Саясаткердің айтуынша, Қазақстанда өзін-өзі басқару институты әлі күнге қалыптаспай отыр және жергілікті сайланбалы органдардың тиісті дәрежедегі белсенділігі көрінбей келеді. Әбділдин мұның себебін «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұны қаламайды» деп түсіндірді. Ол:

- Оған (Нұрсұлтан Назарбаевқа - ред.) дербес жұмыс істейтін жергілікті өзін-өзі басқару ғана емес, жергілікті мемлекеттік басқару да қажет емес. Оның қарапайым себебі – президентке барлық деңгейдегі шенеуніктерді өзі тағайындағаны, олардың өзіне ғана бағынышты болғаны тиімді. Сондықтан біз мемлекеттік билікті демократияландырумен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту мәселесінде де артта қалып отырмыз, - дейді.

Парламент мәжілісінің экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитетінің мүшесі Айгүл Соловьева жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізуді «күрделі іс» деп атады. Оның айтуынша, Ресей конституциясындағы өзін-өзі басқару тетіктерімен салыстырғанда, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне конституциялық кепілдік берілмейді, тек оның керек екені ғана мойындалады.
Оған дербес жұмыс істейтін жергілікті өзін-өзі басқару ғана емес, жергілікті мемлекеттік басқару да қажет емес.

Депутат Соловьеваның айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған соңғы жолдауында үкіметке жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын жасап шығару туралы тапсырма берген. Оның айтуынша, бұл заң жобасы 2012 жылғы маусымның 30-ына дейін депутаттар алдына түсуі керек.

«ӘКІМДЕРДІ САЙЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ»

Қазақстанның алғашқы вице-премьері, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосовтың айтуынша, президент Назарбаев заң жобасын емес, өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы туралы өз жарлығының жобасын әзірлеуді тапсырған.

Оның сөзіне сүйенсек, жан басына шаққандағы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) мұнайдың арқасында бірнеше мәрте ұлғайған, сондықтан «Қазақстан билікті орталықсыздандыруға да, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға да дайын». Ораз Жандосов:

- Бүгіннің өзінде әкімдерді тікелей сайлауға, тіпті болмаса, жергілікті мәслихаттар арқылы сайлауға болады. Сондықтан бұл мәселені, меніңше, кейінге қалдырудың керегі жоқ, - дейді.

Ораз Жандосов, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры.


Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмұтованың пікірі бойынша, жергілікті басқару жүйесінің реформасын ауылдық мәслихаттарды құрудан бастау керек (Қазақстан халқының 44 пайызға жуығы ауылдарда тұрады). 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда жергілікті басқару жүйесі болған жоқ. Меруерт Махмұтова ауылдағы қазіргі жағдайды астаналық шенеуніктердің көптеген мәселелерді көрмей отыруымен байланыстырды.

Меруерт Махмұтова Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болар алдында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту міндетін мойына алғанын еске салды. Ол:

- Одан бері төрт жыл өтті, бірақ жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң әлі күнге дейін жоқ, - дейді.

Меруерт Махмұтованың айтуынша, «Қазақстан 2009 жылы ақпанда жергілікті мемлекеттік басқару туралы қазіргі заңның атын «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң» деп өзгерткен». Бірақ, оның пікірінше, заңның аты ғана өзгеріп, өзін-өзі басқару мәселесі шешілмеген күйінде қала берген. Ол:

Меруерт Махмұтова, қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры.


- Бір адамның ыңғайына қарап құрылған мемлекет жүйесінің белгілі бір даму шегі болады. Жеке-дара билеп-төстеу режимдерінің барлығы осы заңдылыққа бағынады. Бәлкім, билік жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізуге қоғам дайын ба, жоқ па деп тексергісі келетін шығар. Қазақстан ары қарай даму үшін осы шекке жетіп, тіреліп тұр, - дейді Меруерт Махмұтова.

Бұл мақала - Азаттық радиосы дөңгелек үстелінің ықшамдалған нұсқасы. Талқылаудың толық аудио нұсқасын мына жерден тыңдауыңызға болады.

Your browser doesn’t support HTML5

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту туралы: