Астана қаласында «қарсылық жиыны» бір мезгілде екі жерде өтті. «Жиыннан» гөрі «пікірлес адамдардың жиналысы» деуге көбірек келетін бұл екеуінде үлескерлер өз мәселелерімен қатар Жаңаөзенді де ауызға алды..
Шәкерім Құдайбердіұлы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы алаңқайды табу акцияны интернет арқылы ұйымдастырушы Қазақстан патриот жастар одағы орталық комитетінің бірінші хатшысы Махамбет Әбжан ғана оңай болды. Акцияға қатысушы өзге адамдардың барлығы әуелі №1 автопарк төңірегіне жиналып, белгіленген жерге содан кейін ғана жылжыды.
Астана қаласының әкімшілі «осы алаңқайда КВН-ге арналған шара өтеді» деген желеуді алға тартып, жиын өткізуге рұқсат бермей қойған еді. Бірақ жиырма шақты адамнан өзге ешкімнің қарасын көрінбеді.
-Ешқандай да КВН болмайтыны, әкімшіліктің бізді алдаусыратқаны белгілі болды,-дейді Махамбет Әбжан.
АЛАҢҚАЙДАҒЫ 20 АДАМ
«Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы Махамбет Әбжан құрған топтың ішінен әуел баста 81 адам өзінің жиынға келетінін білдірген екен, бірақ бүгін келгендері небәрі 14 адам болған
- «Фейсбук» пен «Твиттерді» жұрттың бәрі пайдалана бермейтіні белгілі, сондықтан бұл да жаман емес,- дейді Махамбет Әбжан.
«Қарсылық» акциясына келгендердің өзгелері журналистер, «Нұр Отан» партиясының бақылаушылары пен екі полицей болып шықты.
Жиындағы жұртшылық Жаңаөзен оқиғасы жөніндегі ойларын білдірді. «Жаңаөзен оқиғасына орай наразылығымды білдіру үшін Қарағандыдан келдім» деген азаматтық белсенді Талғат Тамашев Жаңаөзенде қаза болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
-Өзімнен кейінгі буын Жаңаөзен оқиғасы болғанда сен не істедің деп сұрамай ма? Сол кезде жүзім ашық болсын деп арнайы келдім,-дейді Талгат Тамашев.
Отбасындағы жалғыз асыраушы екенін алға салып, аты-жөнін айтқысы келмеген, бетперде киген жас келіншектердің бірі:
-Жазықсыз өлген адамдардың жақындары мен туыстарына қолдау көрсеткім келеді. Шындықты қанша жасырса да бәрібір көрдік. Көріп отырып «бізде бәрі тамаша, бәрі ғажап» деп, құмға басын тыққан страустай бұғып қала алмаймыз. Бүкіл Қазақстан халқының сөйткенін қалаймын, - дейді.
Жарты сағаттан соң, журналистерге сұқбат беріп болғаннан кейін жұртшылық тарқай бастады.Олардың кейбірі кафеге кіріп, алдағы жоспарымызды анықтап алайық деген де ұсыныс айтты. Жұрт тарқап жатқанда тағы егделеу үш әйел көрінді. Бірақ мұндағы жиыннан кеш қалғанын түсінген зейнет жасындағы қос әйел такси ұстап, Зәуреш Батталова ұйымдастырып жатқан қала әкімшілігі ғимаратына кетті.
ӘКІМДІКТІ СОТҚА БЕРДІ
Қала әкімшілігінде 200-ге жуық адам биліктің жиын өткізуге рұқсат бермегеніне қарсылығын білдіріп, шағым берді. Олардың көпшілігі алданған үлескерлердің басын құрайтын «За достойное жилье» ұйымының өкілдері болып шықты.
«Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы» қоғамдық қорының президенті, оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова адамдардың жиын өткізуге жиналғанын мәлімдеді.
Жиын белсенділерінің бірі, «Демократия және адам құқығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Болатбек Біләлов 25 ақпанда жиын өткізу жөнінде 16 қоғамдық ұйым атқарушы билікке өтініш түсіргенін, бірақ 20 ақпанда рұқсат етілмейтіндігі жөнінде хабар алғандықтарын айтып берді.
-Бұлайша бас тарту - халықаралық құқықтық нормаларды айтпағанда өзіміздің ұлттық заңнамаларымызға да қайшы келіп тұр. Заңның «Бейбіт жиындар, жиналыстар мен шерулер өткізу туралы» төртінші бабында «егер акция жасауға сұраған жер бос болмаса, онда әкімшілік басқа жер беруге міндетті» деп жазылған. Ал олар бірден бас тарта салды, - дейді Болатбек Біләлов.
Оның сөзіне қарағанда, 21 ақпанда олар қала әкімшілігі шешімінің күшін жойдыру үшін Астананың сот органдарына қайырылған. Оның үстіне моральдық тұрғыдан залал келтіргені үшін Астана қаласының әкімдігі мен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен осы қызметте отырып алған жалақысының көлеміне пара-пар келетін ақша өндіріп алу жөнінде талап қойған. Белсенділер бұл ақшаны Жаңаөзендегі зардап шеккендерге аудармақшы.
-Әкімдіктер мен мұндай лауазымды қызметкерлердің әрекеті адамдардың өз құқығын өркениетті түрде жүзеге асыруына кедергі жасап, заңсыз жолға түсуіне мәжбүрлеп отыр. Жаңаөзен оқиғасы да солай басталған. Сондықтан барлығына да осындай шенеуніктер айыпты деп білеміз, - дейді Болатбек Біләлов.
«Қарсылық жиынына» келгендерді құқық қорғау органдарының өкілдері сырттай бақылап тұрды.