Оңтүстік тұрғындарын солтүстікке шақыру науқаны қызып жатыр

Еңбек жәрмеңкесіне келген адамдар. Шымкент, 29 сәуір 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан тұрғындары баспана мен жұмыстың жоқтығы солтүстік өңірлерге қоныс аударуға себеп екенін айтады. Жергілікті билік бұл проблемаларды халықтың көптігінен көреді.

Шымкент қаласының тұрғыны, төрт балалы жалғызбасты ана Жанар (аты-жөнін толық айтудан бас тартты) «бастауыш сынып мұғалімі» деген мамандығы бойынша он жылдан бері жұмыс таба алмаған. Базарда қара жұмыс істеп жүрген ол балаларымен бірге әке-шешесінің үйін паналап, сондағы төрт отбасының 18 адамымен бірге тұрып жатқанын айтады.

– Басқа қайда барамын? Пәтер жалдауға ақшам жоқ. Ақша табайын десем, жұмыс жоқ. Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасы ретінде тоқсан сайын беретін 25 мың теңге мен ай сайын балаларыма беретін 9 мың теңге жәрдемақыны азық етіп отырмыз. Бұл ақша неге жетеді дейсіз? Ішіп-жеуімізден артылмайды, – дейді Жанар.

«ЖЕР ТАҢДАЙТЫН УАҚЫТ ЕМЕС»

Жанар – бүгін Шымкенттегі орталық саябақта өткен еңбек жәрмеңкесіне келген ондаған адамның бірі. Бұл шараға Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының мамандары да қатысып, тұрғындарды солтүстік өңірлерге көшіп барып жұмыс істеуге шақырған.

Қайда күнкөріс бар, сонда кетуге дайынмын.
Жанар.

– Солтүстік өңірлердің бірі мамандығым бойынша жұмыс тауып беріп, баспанамен қамтамасыз етеміз десе, түйіншегім түюлі тұр. Жер таңдайтын уақыт емес. Қайда күнкөріс бар, сонда кетуге дайынмын, – дейді Жанар.

Оңтүстік Қазақстан облысының енді бір тұрғыны Ақбөпе Тастемірова солтүстік өңірге көшуге сақадай-сай отыр. Ол жұбайының өздерінен бұрын Солтүстік Қазақстан облысына кетіп қалғанын, қазір сондағы Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы диірменде механизатор болып жұмыс істеп жатқанын айтады.

Әркімнің босағасында жүре бергенше солтүстікке көшуді ұйғардық.
Ақбөпе Тастемірова.

– Жалақысы – 170 мың теңге. Мен екі қызыммен жақында жолға шығамын. Маған да жұмыс тауып беруге уәде еткен. 25 жылдан бері Шымкентте пәтер жалдап тұрамыз. Үкіметтің тегін пәтерін күткенімізге 10 жылға жуықтаған. Бұлай әркімнің босағасында жүре бергенше солтүстікке көшуді ұйғардық, – дейді Ақбөпе Тастемірова.

«ҮЙ БЕРЕМІЗ, КӨМЕК БЕРЕМІЗ, ЖҰМЫС БЕРЕМІЗ»

Шымкентте өткен еңбек жәрмеңкесіне қатысқан өзге аймақ өкілдерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ақан Тұрсановтың айтуынша, жыл басынан бері ол ауданға Оңтүстік Қазақстаннан екі отбасы көшіп барған.

– Арыс қаласынан мұғалімдер отбасы, Сарыағаш ауданынан дәрігерлер отбасы қоныс аударды. Екі отбасына да баспана беріп, тұрақты жұмыспен қамтыдық. Бір реттік көмек берілді. Сонымен бірге мал мен құсын, қыстық отынын, жем-шөбін алып беру жоспарланған, – дейді солтүстік өңірдің өкілі.

Ақан Тұрсанов оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған азаматтар ол жақта тек ауа райынан ғана қиындық көретінін айтады. «Тұрғындардан тек суыққа шыдап беруін сұраймыз» деген маман оңтүстік тұрғындарын өз аймағына қызықтырып бақты.

– Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында бір жарым мың гектар жерде 300 мың адам тұрады екен. Ал бізде керісінше 300 мың гектар жерде бір жарым мың адам өмір сүреді. Бізде тұрғындар мен жұмыс күші жетіспейді, – дейді Ақан Тұрсанов.

Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесіне келген солтүстік өңірлердің бірі – Павлодар облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов өз өңірінде 1 мыңға жуық жұмыс орны бар екенін айтты.

Балтабай Қаппасов. Шымкент, 29 сәуір 2016 жыл.

– Бізге көбіне ауыл шаруашылығы мамандары қажет. Тәжірибесі бар білікті маман болса, тіпті жақсы. Қазір облыста 30 шақты баспана дайын тұр. Көшіп келген азаматтармен келісім-шартқа отырып, бес жыл өткен соң баспанасын жеке меншігіне береміз. Қоныс аударған отбасының иесіне 100 мың теңге, мүшелеріне 70 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Мерзімнен бұрын кері қайтатын болса, бір реттік көмек қайтарылып алынады, – дейді Балтабай Қаппасов.

Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесіне келген оңтүстік тұрғындарының «баспана мен жұмыс жоқтықтың кесірінен солтүстік өңірлерге көшуге мәжбүрміз» деген сөзін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова да растайды.

Гүлжан Құрманбекова. Шымкент, 29 сәуір 2016 жыл.

– Шымкентте тұрғындарды баспанамен, жұмыспен қамту мүмкін емес. Өйткені халық көп. Жыл басынан бері ішкі көші-қонды реттеу, солтүстік өңірлерде жұмыс күшін тарту мақсатында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 18 отбасы солтүстік аймақтарға көшуге, жұмыс істеуге ниет білдіріп, өтініш тастады, – дейді Гүлжан Құрманбекова.

Жергілікті билік дерегінше, былтыр да оңтүстікқазақстандық 100-дей отбасы облыс әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударған.

Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын 2013 жылы қабылдаған. Бұл бағдарламадан кейін солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқаны іске аса бастаған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен.

ВИДЕО: Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі

Your browser doesn’t support HTML5

Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі