Әблязов Назарбаевты исламдық революциямен үркітті

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Мұхтар Әблязов тағы да Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға кетуге шақырды. Әйтпесе елде «радикалды топтар мен билік арасында соғыс болуы мүмкін» екен. Бұл пікірмен бірқатар оппозициялық көзқарастағы саясаткерлер де келісіп отыр, ал билікті жақтаушы партиялар әдеттегідей үнсіз.

Бүгінде Ұлыбританиядан саяси баспана алған бизнесмен Мұхтар Әблязов 11 шілдеде өзінің кезекті мәлімдемесін жариялады. «Ақымақ билік, саяси оппозиция мен елдің бір тұтастығына төнген қауіп» атты хатта ол Назарбаевты отставкаға кетуін тағы да сұрады.

«Келіспесе, оны (Назарбаевты) биліктен тек кардиналды, яғни революциялық жолмен кетіру керек» деген сенімде Әблязов.

ЖАҢА РАДИКАЛДЫ ОППОЗИЦИЯ

Әблязовтың атап өтуінше, Қазақстанда ішкі саяси ахуал нашарлап «саяси сахнада жаңа күштер» пайда болған. «Тәуелсіздік жылдары Назарбаев пен авторитарлы режимге қарсы жаңа оппозиция пайда болды» деген Әблязов, оның тым басқа екендігін айтады. «Мен мұнда қазір Қазақстанда көбейіп отырған радикалды ислам топтарын айтамын» делінген хатта.

Оның пайымдауынша, бұған себеп те жоқ емес екен. «Алдымен, Қазақстанда басым көпшілігі қазақтілділер болып табылатын миллиондаған адам, өз елінде өзіндік геттоларға тығылған. Олар нашар білім, өзге тілді білмеу,біліктіліктің болмауы, тиісінше жұмыстың жоқтығымен әлемнен оқшауланып қалған. Олардың әлеуметтік сатыдан көтерілуге еш мүмкіндігі де жоқ. Оларда толыққанды білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелеріне қолы жетпейді. Билік оларға түкіріп отыр. Осындайда діннен өзге қайдан пана іздемек?», - дейді Әблязов.

ИСЛАМДЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ ҚАУПІ

Мұхтар Әблязовтың пайымдауынша, елде радикалды оппозиция пайда болуына биліктің өзі түрткі болып отыр.

«Соңғы кездері билік «негізгі емес» діни ағымдарға қатысты репрессияны күшейтті. Олардың өкілдерін саяси оппозиция өкілдері секілді қуғындайды. Оның үстіне, біз Қазақстанның ҰҚК-сі жемқорлыққа белшесіне батқан құрылымға айналғандығын, қалған біліктілігінен айрылып, мемлекеттік қауіпсіздікпен емес, тек өзге көзқарастағыларды заңсыз «аулауға» көшкендігін бірнеше рет ескерткенбіз» делінген хатта.

«Діншілдерді бассыз, қатал әрі қатаң қудалаудың нәтижесінде олардың ең табандылары, наразылық ретінде өзін өзі өртеп немесе жарып жіберуге дайын радикал әрі фанаттар болуға мәжбүрлейді», - дейді Мұхтар Әблязов.

Осылайша оның пайымдауынша елде «қарудың көмегімен әлемді өзгерту» идеясына аз қалған. «Жуырдағы елдің батысында болған жайттар осыған дәлел» деп отыр Әблязов.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕҢІЛІСІ

Қуғында жүрген бизнесменнің мәлімдемесінде Назарбаев «тұрғындардың исламға бет бұруы мен исламдық топтардың радикалды бағыт алуына тек мемлекеттік күшті ғана қарсы қоя алады» деп отыр.

Елде қалыптасқан исламдық оппозиция «жүздеген топқа бөлініп, соғыс идеясымен, билікке деген өшпенділікпен және қару-жарақпен қаруланған». Ол оппозицияны басып немесе жоюға жасалған талпыныстар тұрғындардың күшеюіне алып келетіндігін айтады.
Сондықтан Әблязов, «осы өшпенділік пен озбырлықтың көбею процессі тоқтамаса, елді Назарбаев пен радикалды мұсылман топтарымен арадағы азаматтық соғыс күтіп тұр, онда Назарбаев, сөз жоқ, жеңіліс табады» дегенді айтып отыр.

ЕЛДЕГІ САЯСАТКЕРЛЕР ДЕ ҚАУІПТЕНЕДІ

Коммунист Серікболсын Әбділдин Мұхтар Әблязовтың пікірімен толық қосылатындығын айтады. Алайда, президент оған «құлақ аспайды» деп отыр.

- Радикалды көзқарас және сондай оппозиция болып, төңкеріс болуды қазір біреу дайындап жатпаса да ертең болуы ықтимал деп есептеймін. Бұл - әділетсіз саясаттың нәтижесі.. Бірақ Назарбаев өз еркімен биліктен бас тартпайтыны белгілі, - дейді Әбділдин.

Ал оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың пікірінше, биліктің «қолшоқпары болып табылатын, ҰҚҚ ұлттың қауіпсіздігін емес саяси оппозицияны ғана аңдумен айналысып жатыр».

- Әблязов айтып отырған діни радикалды топтардың қарсылығы күн өткен сайын күшейіп келеді. Сондықтан Қазақстан билігі заңды түрде қызмет етіп отырған оппозицияны емес, радикалды топтарын бақылауға алмаса, соғыс қаупі бар, - дейді шілденің 14-і күні тіркелмеген «Алға!» партиясының жетекшісі Владимр Козлов.

Экс- сенатор Уәлихан Қайсар да «соғыс болуы мүмкін» деген пікір айтады.

- Билік пен құқыққорғау органдарынан қорғау таппаған қарапайым тұрғындар радикалды шараларға барудан тайынбайды, - деді Азаттық радиосына Уәлихан Қайсар.