"Панамагейт": Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің «офшордағы әрекеттері»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрәлі Әлиев. Фото Астана әкімдігінің ресми сайтынан алынған.

ICIJ жариялаған Mossack Fonseca компаниясының әшкере болып кеткен құжаттарында Назарбаев жиені Нұрәлі Әлиевтің бизнесі жайлы жазылған. Путин мен басқа да саясаткерлердің қаржысы жөнінде де мәліметтер бар.

Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (Organised Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) және бірнеше әлем басылымдары панамалық Mossack Fonseca заң компаниясының әшкере болып кеткен құжаттарын жариялады.

Құпия құжатта 20-дан астам бұрынғы және қазіргі президенттердің және 100-ден астам әлем саясаткерлерінің құпия офшорлық есепшоттары туралы ақпарат бар.

НАЗАРБАЕВ ЖИЕНІ ЖӘНЕ ВИРГИН АРАЛДАРЫ

Mossack Fonseca заң компаниясының құжаттарына қарағанда, Рахат Әлиевтің ұлы, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев британдық Виргин аралдарында бірнеше фирманың акционері болған.

Құжаттарда Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрәлі Әлиев 2008 жылы Виргин аралдарында тіркелген Baltimore Alliance Inc. фирмасының акционері болғаны жазылған. Бұл компания яхталарды сатып алу және сатумен айналысқан. 2008 жылы фирма 77 футтық «Номад» деп аталатын яхта сатып алған. Яхта Mossack Fonseca фирмасы арқылы тіркелген.

Кейін Әлиевті Baltimore Alliance Inc. компаниясында акционер ретінде Лондондағы жылжымайтын мүліктерге бақылау жасайтын Greatex Trade &Invest Group (GTIG) компаниясы алмастырған. Әлиев 2008 жылы GTIG компаниясының әкімшілік президенті болған.

Mossack Fonseca құжаттарында Нұрәлі Әлиев бұған қоса 2014 жылы Виргин аралдарында құрылған Alba International Holdings LTD компаниясына да ие екені айтылады. Ол компанияны Кипрдегі банк есепшоттарын ұстау үшін пайдаланған.

Нұрәлі Әлиев 2014 жылдың соңынан биылғы наурыздың ортасына дейін Астана әкімінің орынбасары болған. Ол әр жылдары «Нұрбанк» төрағасының бірінші орынбасары, директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2008-2013 жылдары «Қазақстанның даму банкі» басқарма төрағасы орынбасары, «Транстелеком» компаниясы басқарма төрағасы болған.

Нұрәлі Әлиевтің шешесі Дариға Назарбаева - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, премьер-министрдің орынбасары.

Нұрәлі Әлиевтің әкесі Рахат Әлиев 2015 жылы ақпанда Вена түрмесінде өлі күйінде табылған. Ол "Нұрбанк" топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлап өлтіруге қатысы бар" деп айыпталып, 2007 жылы мемлекеттік қызметтен қуылғалы бері Еуропа елдерінде тұрып жатқан.

«ПУТИНГЕ ЖАҚЫН АДАМДАР»

Жария болған құжаттарда Ресей президенті Владимир Путинге жақын адамдар «Россия» банкі мен Панамадағы офшорлық компания арқылы екі миллиард долларды «ұрлағаны» да жазылған.

Сергей Ролдугин (сол жақта), Владимир Путин және Дмитрий Медведев князь Алексей Александровичтің жөндеуден өткен сарайын тамашалап жүр. Петербург, 21 қараша 2009 жыл.

Материалда Путиннің досы Сергей Ролдугиннің, Ресей ішкі істер министрінің орынбасары Александр Махоновтың, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың әйелі Татьяна Навканың және Мәскеу транспорт департаментінің басшысы Максим Ликсутовтың есімі аталады.

Зерттеуде Ресей парламенті жоғарғы палатасы - Федерация кеңесінің мүшелері мен «Единая Россия» партиясынан мемлекеттік дума депутаты болған адамдардың да есімі бар. ICIJ Ресей шенеуніктері «ұрлаған ақшаларын» «Россия» банкі арқылы Панамадағы офшорлық компанияларға аударғанын жазады.

Есепте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиева 2005 жылдан бастап әзербайжандық AtaHolding конгломератын бақылайтын панамалық екі офшорлық фирманың бірін басқаратыны айтылады.

Әзербайжан президентінің екі қызы панамалық фирмаларды басқарады, ал ол фирмалардың елдің алтын кеніштерін игеретін компаниялар тобында үлестері бар. Ильхам Әлиевтің әпкесі Севиль Алиева британдық Виргин аралдарында 2005 жылы тіркелген фирманың бірден-бір иесі саналады. Құжаттарда фирманың мекенжайы ретінде Ильхам Әлиеваның Лондонның батыс бөлігіндегі элиталық аудандағы үйі көрсетілген.

Құжатта Сирия президенті Башар Асадтың екі ағасы британдық Виргин аралдарындағы компаниялардың бірінде акционер екені, олардың Швейцариядағы банктерде есепшоттары бар екені жазылған.

Құжатта Украина президенті Петр Порошенконың, Сауд Арабия королі Абдалла ибн Абдул-Азиз Ал Саудтың, Аргентина президенті Маурисио Макри, БАӘ басшысы, Абу-Даби әмірі Халифа Ибн Зайд Ал Нахайянның есімі аталады.

Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) соңғы 40 жылда құрылған 214 мың офшорлық компаниялар құжаттарына жасаған талдауының алдын ала есебін сәуірдің 3-і күні жариялады.

Панамалық Mossack Fonseca компаниясының жарияланып кеткен құжаттарында соңғы 40 жылда (1977-2015 жылдар) құрылған 214 мың офшорлық компания туралы да ақпарат болған. Бұл құжат алдымен германиялық Sueddeutsche Zeitung басылымына берілген.

Ал Mossack Fonseca компаниясы құжаттарды жариялауды «қылмыс» деп бағалайтынын мәлімдеді. Компанияның негізін қалаушы Рамон Фонсеки «кез келген адамның, мейлі ол король не кедей болсын, барлық жеке мүлігіне қатысты ақпараттар құпия сақтаулы тиіс» дейді.

Мұның алдында, наурыздың 28-і күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "шетелден Ресей президенті мен оған жақын адамдарға қарсы ақпараттық шабуыл әзірленіп жатыр" деп мәлімдеген. Песков ICIJ тобын да атап өткен болатын. Ол Кремльге түрлі БАҚ өкілдерінен «офшордағы мүлік пен қаржыны заңдастыруға Путиннің қатысы бар ма?" деген сұрақтар түсіп жатқанын да айтқан.