«Республика» газетінің редакциясы БТА банкпен текетіресте жеңілуді қаламайды

«Республика» газеті журналистерінің БТА банкке тапсырмақшы желкек толы себеті. Алматы, 2 қараша, 2009 жыл.

Алматы қалалық соты БТА банктің шағымы бойынша «Республика» газетіне шығарылған бірінші сот инстанциясының шешімін күшінде қалдырды. Газет редакциясы бұл істе соңына дейін күресетіндерін айтып, Алматыдағы БТА банктің кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізді.

«Республика» газетінің редакциясы 2 қараша күні өткен баспасөз мәслихатында БТА банкпен бұдан әрі қалай күресетіндерін мәлім етті. Мұндай мәлімдеме жасауға Медеу аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған қалалық соттың шешімі негіз болған. Аудандық соттың шешіміне сәйкес газеттің құрылтайшысы, шығарушысы, бас редакторы әрқайсысы 20 млн. теңгеден БТА банкіне айыппұл төлеуі тиіс.

Басылымның заңгері мен журналистері қалалық соттың шешімі жоғарыдағыдай болатынын алдын ала білгендерін айтады. Сондықтан да, олар заңдық тұрғыдан қарсылықтарын жалғастыра бермек ойда.

"Республика" газетінің журналистері БТА банктің алдындағы наразылық акциясында.(Суреттерді түсірген Серікжан Қобланбаев). 2 қараша, 2009 жыл.



- Біз ақылдаса келіп, тым құрыса, бас редакторды «сот шешімін орындамады» деп түрмеге отырғызбас үшін бас редактордың 20 млн. теңгесін жинап берейік деген шешімге келдік. Негізі біз, аздаған қаражат жинап үлгердік. Бұл ақшаны оқырмандардың бір бөлігі және БТА банкпен басылым арасындағы күресті қолдайтын адамдар берді. Алайда, жиналған қаражат бас редактор үшін төленетін сомаға толық жетпейді, - деді «Республика –деловое обозрение» газетінің қаржы бөлімінің меңгерушісі Сергей Зелепухин.

ӘЗІЛ-СЫҚАҚ АРҚАУЫ - БТА БАНК

Сондықтан да газет редакциясы «Республика басылымына көмектесіп, БТА банкті шаң қаптырайық» деген акцияның басталғанын жариялады. Осы мақсатта акцияға қатысқысы келген адамдар БТА банк пен «Республика» газеті арасындағы сот ісінің хикаясы туралы қазақ және орыс тілдеріндегі тақпақтар, күлдіргілер және фотосуреттер салынған түрлі -түсті буклетті мың теңгеге сатып алуына болады. Сондай-ақ. буклетпен бірге, басылым журналистерінің БТА банкке арнап шығарған әні жазылған дискі де қоса беріледі.

- «К-плюс» телекомпаниясындағы әріптестеріміз бізді қолдап, бұл іске өз үлестерін де қосты. Буклетке қоса дискіні 5 мың теңгеге сатып алсаңыз, бұл сіз үшін күтпеген сыйлық болары сөзсіз. Бұл дискіде «К-плюс» телекомпаниясының видеосюжеті болады,- дейді «Республика –деловое обозрение» газетінің қаржы бөлімінің меңгерушісі Сергей Зелепухин.

Осылайша, шегінбей, әрі қарай жұмыс істей беретіндігін дәлелдеу үшін олар тәтті желкек салынған себет пен арнайы дайындалған сертификатты БТА банкке табыстамақ.

- Тәуелсіз басылымды жабуға қосқан үлестері үшін «Хрень и редька – 2009» деген сертификат БТА банкінің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов пен директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаевқа тапсырылады», - деп басталатын сертификат мәтінін «Республика» газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина оқып шықты.

ЖЕЛКЕКТІ АЛМАСА ДА, ШАЙҒА ШАҚЫРДЫ

Тәтті желкек салынған себет пен сертификатты банкке тапсыру үшін Алматыдағы БТА банктің бас кеңсесіне басылым журналистері жаяу барды. Журналистер ол жерде БТА банктің баспасөз хатшысы Әділ Досымовқа өздерінің сыйлықтарын беруге талпынды. Әйтсе де, Әділ Досымов сертификатты алғанымен, желкек толы себетті алудан бас тартты.

Прокуратура өкілі "Республика" басылымының журналистеріне наразылық акциясын өткізудің заңсыз екенін айтып тұр. (Суреттерді түсірген Серікжан Қобланбаев). 2 қараша, 2009 жыл.


- Бізді ол жерде полицейлер мен прокурор күтіп отыр екен. Прокурор біздің бұл әрекетіміздің заңсыз екенін мәлімдеді. Банктің баспасөз хатшысы Әділ Досымов: «саналы түрде жұмыс істеп, акция жасамауымызды» сұрады. «Сіздер мүмкіндік бермесеңіздер, біз қалай қалыпты жұмыс істейміз?» деген біздің сауалымызға ол мардымды жауап бере алмады. Соңында, сертификатты алды да, желкектен бас тартты, - дейді «Республика» газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина.

БТА банктің баспасөз хатшысы Әділ Досымов «Республика» газетінің сыйлықтарын табыс етпек болғанын растады, ұсыныстары болса, алдын ала ескертіп қоюларын сұрай отырып, оларды шәй дастарханына шақырды.

«Республика» әділетті шешім шығарады деген үмітпен енді қалалық соттың қадағалау алқасына, Жоғарғы сотқа шағымданып, БҰҰ ның адам құқы жөніндегі комитетіне де қайырылмақ.


Естеріңізге сала кетсек, «Республика» газеті мен БТА банк шілде айынан бері соттасып келеді. Сот ісіне «Республика» газетінде наурыз айында жарық көрген «Хрен редьки не слаще» атты мақала себеп болған. Аталған мақаладан кейін депозиттердің алынуы салдарынан банк шамамен 6 миллиард теңгеден айрылды деп, БТА банк «Республика» газетін сотқа берген болатын. Медеу аудандық соты банктің шағымын қанағаттандырып, газет БТА банк пайдасына 60 млн. теңге айыппұл төлеуі тиіс деген үкім шығарған болатын.