БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунға қазақ жастарының "ядролық отын банкі" туралы базынасы бар

Президент Н. Назарбаев Семейдегі ядролық жарылыстарға орнатылған монумент алдында.18 маусым, 2009 жыл.

"Ар. Рух. Хақ" ұйымының жастары Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыру қажет емес деген пікірде. Олар бұндай бастама бейбітшілік Нобель сыйлығынан дәмелі президент Нұрсұлтан Назарбавтың сол мақсат жолындағы кезекті қадамы деп бағалайды.
«Ар.Рух.Хақ» жастар ұйымы Қазақстанға сапармен келе жатқан БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға Қазақстан жерінде ядролық отын банкін орналастыру туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдамауға шақырып, үндеу жолдады.

«Елде адам құқықтарының сақталмайтындығы және тамырын тереңге жайған сыбайласқан жемқорлық бұл бастаманың күтпеген салдарларын туғызуы мүмкін», - делінген интернет арқылы таратылған үндеуде.

Өткен жылы сәуір айының 6-сы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Иран Президенті Махмұд Ахмадинежадпен жүргізілген келісссөздердің қорытындысынан кейінгі баспасөз мәслихатында: «Егер де ядролық энергетика үшін ядролық отын банкі құрылатын болса, онда Қазақстан ядролық қаруды таратпау және ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы келісімге қол қойған ел ретінде бұл мүмкіндікті қарастыратын еді», - деп атап өткен болатын.

"АР.РУХ.ХАҚ" ШЕНЕУНІКТЕРГЕ СЕНБЕЙДІ
«Ар. Рух. Хақ» жетекшісі Бақытжан Төреғожина ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толуына орай өткізілген акцияда өлең оқып тұр. Алматы, 25 қаңтар, 2010 жыл.


- Қазақстандағы тамырын тереңге жайған сыбайласқан жемқорлықты ескере отырып, бізде ядролық отын банкі сынды стратегиялық маңызды нысанды орналастыруға болмайды. Осы мемлекеттің азаматы ретінде мен қазіргі билік пен оның басында отырған шенеуніктерге сенбеймін, - дейді «Ар.Рух.Хақ» жастар ұйымының президенті Бақытжан Төреғожина.

Мамандардың айтуынша, ядролық отын банкі уранды қауіпсіз пайдалану үшін қажет. Бұл біріншіден, атом энергетикасын дамытуға мүмкіндігі жоқ елдер үшін қолайлы болса, екіншіден, уранды бейбіт емес мақсаттарда пайдалануға жол бермейді. Ядролық банкті құру идеясы тек жоба ғана, ал аталмыш халықаралық банк нысанын өз территориясында орналастыруға көптеген мемлекеттер ұмтылып отыр. Ірі ядролық державалар арасында бәсекелестік болмас үшін мұндай банкті ядролық технологиясы дамыған, барлық мемлекеттермен бірдей қарым-қатынас жасайтын елдерде дамытқан қолайлы көрінеді.

Бақытжан Төреғожина бұл тұста Қазақстанның кандидатурасы күмәнді екендігін айтады.

- Біздің жанымызда Пәкістан, Ауғанстан және Иран мемлекеттерінің жақын орналасқандығын ұмытпағанымыз жөн. Күндердің күнінде МАГАТЭ-ден тексерушілер келіп, банктің ішінен ешнәрсе таба алмай қалуы мүмкін. Естеріңізде болса, осындан біраз бұрын мемлекеттік қаржы қорын есеп комитетіндегілер тексеруге келіп, қордан қаржы таба алмай үлкен дау болып еді ғой. Бұл да дәл солай болмасына кім кепіл? Тексеруге келгенде олар орнында болмай, кез келген жерден шығуы мүмкін, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Оның пікірінше, бұл ұсынысы «біраздан бері Нобель сыйлығын алғысы келіп жүрген Назарбаевтың осы мақсаттағы кезекті қадамы».

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮМКІНДІГІ ДЕ, ТӘЖІРИБЕСІ ДЕ ЖЕТЕДІ"

Дегенмен бұған дейін біздің радиомызға сұхбат берген, бүгінде жаңадан құрылған Қазақстан мұнай және газ министрлігінің атомдық энергетика комитетінің төрағасы Тимур Жантикин, Қазақстан өз елінде ядролық отын банкін орналастыру үшін тәжірибесі де техникалық мүмкіндігі де бар мемлекет екендігін айтқан еді.
Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында өндірілетін уран түйіршіктері. 2004 жыл.

- Уранның химиялық қосындысынан ядролық отын алынады. Міне осы қосындыны біздеҮлбі метталлургиялық зауыты өндіріп шығарады. Осындай тәжірибе болғандықтан біз осы материалды біздің елде сақтайық деген ұсыныс айттық. Қазақстанның атом саласындағы технологиясы ядролық материалдарды қауіпсіз орнатып және оларды бақылауға мүмкіндік береді. Осылайша біз бейбіт мақсаттағы атом алуға өз үлесімізді қосамыз, - дейді Жантикин.

Оның сөзінше, ең бастысы сыртта Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласында жағымды бейнесі қалыптасқан. Әлем Қазақстанды ядролық қаруы бола тұра одан бас тартқан, сондай-ақ бұл тұрғыда барлық халықаралық келісімшарттарды орындап келе жатқан ел ретінде біледі деген уәжді алға тартады Жантикин.

Ядролық отын банкін Қазақстан территорясында орналастыру мәселесін президент Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 12-13 күндері Вашингтонда өтетін саммитте көтеретін болады деп хабарлаған еді жергілікті ақпарат агенттіктері.