2007 жылы қаңтардың 31-і «Нұрбанктің» екі менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов жоғалып кетті. 2011 жылы мамырдың 17-сінде Қазақстанның бас прокуратурасы олардың мәйіттерінің табылғанын хабарлады.
2007 жылы қаңтардың аяғында «Нұрбанктің» екі менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов ұрланып, кейін екеуі де қаза тапты. Бұл оқиғалардың соңы Қазақстан президенті отбасынан бастап, биліктегі бірталай әулеттердегі кикілжіңдерге ұласты.
Рахат Әлиевтің тағдыры адам айтса нанғысыз дәрежеде өзгерді. Ол осы бес жыл ішінде Назарбаевтың құдіретті күйеу баласы «мәртебесінен» айырылып, бітіспес дұшпанына айналды.
Ол саяси эмиграцияға кеткенмен, оппозициямен одақ құра алмады. Керісінше, кейбір оппозициялық қайраткерлер Рахат Әлиевке қарсы науқанға кірісті. Бес жылға созылып келе жатқан Назарбаев пен Әлиевтің арасындағы өшпенділік Астана өміріндегі бірталай өзгерістердің басты себебі болып отырды.
ЕКІ БАНКИРДІҢ ҰРЛАНУЫ
Бес жыл бұрын, 2007 жылы 31 қаңтарда, Алматыда «Нұрбанктің» екі менеджері — Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов жоғалып кетті.
Бұл кезде «Нұрбанктің», бір ғана «Нұрбанктің» емес, басқа да мол мүліктің нақты иесі - Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы және ЕҚЫҰ-дағы елшісі Рахат Әлиев Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың бірі еді. Оны көп адамдар Қазақстанда Назарбаевтан кейінгі екінші тұлға деп санады. Ертеректе қаржы полициясының және ҰҚК Алматы қалалық департаментінің жетекшісі болған Рахат Әлиев сол кезеңде дипломат болғанына қарамастан, осы әлеуетті құрылымдарға ықпалын жүргізіп тұрды.
Әуелде Рахат Әлиевке “адамдарды ұрлап әкетіп, рейд жасап тұрған” деген жеке айыптар тағыла бастады. Ондай мәліметтер алғаш рет 2007 жылы ақпанда Гүлжан Ерғалиеваның «Свобода слова» газетінде жарияланды. Бұл кезде Рахат Әлиевтің республикадағы әмірі пәрменді болатын. Өзіне қатысты алғашқы айыптауларды жоққа шығару үшін ол «жала жабылды, моральдық зиян шектім» деп сотқа арызданды.
Алайда 2007 жылы мамырда жағдай түбегейлі өзгеріп сала берді. Билік Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың хабарсыз жоғалып кеткенін мәлімдеді. Оларды ұрлап әкеткен деген күдікпен Рахат Әлиевке, Қазақстан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевқа, сонымен бірге бірқатар басқа да адамдарға қарсы қылмыстық істер қозғалды.
Рахат Әлиев қоғамға өзінің қылмыстық іспен қудалануының себебін «президент болу ниетімді ашық айтқаным үшін Назарбаевтың кек алуы» деп түсіндіруге барын салды.
Рахат Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғалмай тұрып-ақ оны елші қызметінен алып тастаған болатын. Әлиевтің айтуынша, «көп ұзамай оның келісімін сұрамастан зайыбы Дариға Назарбаевамен ажырастырып жіберді».
«Банкирлерді ұрлап әкеткен және мемлекеттік төңкеріс әзірлеген» деген айыптар тағылып, көп кешікпей ол 40 жылға сырттай сотталды. Әлиевпен бірге жүрді деген адамдар абақтыға жабылып, үлгергендері шетелге қашып кетті.
Рахат Әлиев Еуропаға қашып барған соң «Өкіл қайын ата» («Крестный тесть») деген кітап жазып, бастырды. Бұл кітабында ол Назарбаев пен оның айналасындағы адамдардың түрлі әрекеттерін айтады. Рахат Әлиев одан басқа да ақпараттарды жариялауға уәде етеді.
Әлиевтің айтуынша, ол енді оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің өліміне "Назарбаевтың қатысы бар екенін дәлелдейтін" материалдарды жарияға шығармақ. Бұған дейін ол Астанадағы құдіретті шенеуніктердің телефон арқылы айтылған жеке әңгімелерінің жазбаларын жария қылды. Ол жазбалардағы дауыстардың иелері аса ұнамсыз кейіпте әшкере болған.
Бір-біріне cоңғы рет жасаған ірі соққылары - былтырғы мамырдың ортасына дәл келді.
2011 жылы 16 мамырда Рахат Әлиев шетелдік инвесторларға үндеу жариялады. Онда ол «Казцинк» және ENRC компанияларының қожайыны Назарбаев екенін жазады және оның бұл «компаниялардағы мүдделеріне Өтемұратов, Шодиев, Ибрагимов пен Машкевич мырзалар өкілдік етеді» дейді.
Потенциалды инвесторларға арнаған үндеуінде Рахат Әлиев оларға қандай қауіп төнетінін, қандай моральдық жәбір көретіндері жайлы ескертеді.
Осы үндеудің ертеңінде қазақ прокуратурасы «Нұрбанктің» екі менеджері — Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың мәйіттері 2011 жылы 13 мамырда табылғанын мәлім етті. Кейін Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Сол кезде Иоган Меркель «егер сараптама табылған мәйіттер банкирлердің сүйектері екенін растаса, Рахат Әлиевке тиісті айыптар тағылуы мүмкін» деген еді. Кейін ондай айыптар да тағылды.
Алайда ешқандай ақпараттың болмауына қарағанда, аталмыш қылмыстық іс бойынша бұрынғыдай сырттай сот болмаған. Ондай сот жайлы билік басындағылар ештеңе демейді.
АТЫШУЛЫ НАУҚАН МЕН ТЫМ-ТЫРЫС ӨТКЕН ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ
«Нұрбанктің» жоғалып кеткен топ-менеджерлерін іздестіруді ұйымдастырып жүрген айрықша белсенді адам – Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева. Оның сөзіне қарағанда, күйеуі Рахат Әлиевпен кездескеннен соң үйіне оралмаған.
Армангүл Қапашева мен Айбар Хасеновтың зайыбы Шолпан Хасенованың айтуынша, олар Рахат Әлиевтің құрбандарына жәрдемдесу мақсатында құрылған «Тағдыр» қоғамдық ұйымының қолдауымен ойларын ашық айтып, қоғам алдына шығып жүрді.
Армангүл Қапашева Рахат Әлиевті Қазақстанға экстрадициялау немесе Еуропада соттатуды талап етіп, бұл бағытта шетелдік заңгерлерді, кейбір саясаткерлер мен пиар-мамандарды жұмылдырды. Осы мақсатта АҚШ пен Австрияға да барып қайтты.
«Рахат Әлиев балаларымды кез-келген адамға тән қарапайым шаттықтардан айырды, олардың қастарында қорғап-қоршап, бауырына басатын ешкімнің
Қапашева мен Хасенова өткізген соңғы ірі науқан 2011 жылы мамырда болды. Сол күні олардың күйеулерінің мәйіттері табылғаны жайлы жарияланды. Қапашева мен Хасенова Австрия билігін әділдікті қолдап, Әлиевті экстрадициялауға шақырды. Алайда олар қанша тырысқанымен ойдағыдай нәтиже болмады: Австрия Рахат Әлиевті Қазақстанға бермеді.
2011 жылы маусым айында Жолдас Темірәлиевтің мәйіті Атырауда, Айбар Хасеновтың мәйіті Алматы облысында жерленді. Жерлеу рәсімдері ешқайда жарияланбай, тым-тырыс өтті. Одан соң олардың жесірлері де белсенділік танытпады. Олардың Рахат Әлиевке қарсы азаматтық наразылықтары білінбей қалды.
МАЙОР ҚАЖЫГЕЛДИН МЕН ДОКТОР ӘЛИЕВ
Осы бес жыл ішінде Рахат Әлиевті «өзгелер үлгі алатындай түрде жазалау» керек деген талапты айтпаған адам аз. Рахат Әлиев те қарсыластарына қарсы әшкерелеуші материалдар легін жариялауын тоқтатқан емес. Соның арасында түрлі пиар-тәсілдер арқылы өзін бейтарап қылып көрсетіп, еш жазығы жоғын айтудан танбады.
Өлтірілген банкирлердің жесірлері ізденуді тоқтата бастаған тұста Рахат Әлиевке кісі азаптау туралы айыптар тағыла бастады. Бұл жолғы талап-арыздар Қажыгелдиннің бұрынғы оққағарлары тарапынан түсті. Көп ұзамай бұл іске Қажыгелдиннің өзі де кірісті.
Саяси эмигрант Қажыгелдин ұзақ жылдар бойы өзін Назарбаевтың бітіспес оппоненті ретінде көрсетіп келеді. Алайда соңғы жылдары ол Назарбаевты аса қатты сынамайды.
2007 жылдың екінші жартысынан бастап эмиграцияда жүрген қазақ саясаткерлерінің ішінде Назарбаевтың басты сыншысы енді Қажыгелдин емес, Әлиев болмақ. Байырғы саяси қарсыластар - Әлиев пен Қажыгелдин әуелде бір-бірін елемеуге тырысты.
Алайда 2011 жылы оқиға барысы күрт өзгерді. Қажыгелдиннің бұрынғы оққағарлары Петр Афанасенко мен Сәтжан Ибраев австриялық сотқа Рахат
Қазақтың билікті қолдайтын ақпарат құралдары Афанасенко мен Ибраев сотта жеңіп шықты деп хабарлады. Алайда Әлиев өзінің блогында 2011 жылы 13 қарашада керісінше мәлімдеме жасады.
Ол мәлімдемеде Рахат Әлиев «Австриялық прокуратура ҰҚК-нің екі агенті, бұрынғы полицейлер Афанасенко мен Ибраевтың талап-арызын қабылдамай тастады. Прокуратураның ресми құжатынан белгілі болғандай, мұндай әрекетке айыппұл да салынбайды екен. ҰҚК-нің кезекті арандатушылығы осылай аянышты аяқталды» деп жазады.
Бұл мәлімдемені дәлелдеу үшін Рахат Әлиев Вена соты шешімдерінің көшірмесін жариялаған. Ескере кететін бір жайт, неміс тіліндегі құжатта ол Рахат Шораз деп көрсетілген, бірақ құжаттың орыс тіліндегі аудармасында аты-жөні Рахат Алиев деп жазылған.
Оның сөзіне қарағанда, «Қажыгелдиннің бұрынғы күзетшілері» Афанасенко мен Ибраев «өздерінің бұрынғы қожаларының (босстарының) рұқсатын алып, ҰҚК төрағасы генерал Нұртай Әбіқаевтың Рахат Әлиевке қарсы ойынында „өтірік ақымақ“ болуға келіскен».
Ал мұндағы Қажыгелдиннің рөліне келер болсақ, Әлиевтің айтуынша, президент Назарбаев пен ҰҚК төрағасы Әбіқаев оған «осындай істестігі үшін оның есімін Интерпол іздестіретін адамдар тізімінен қайтарып алуды» уәде еткен.
Оның үстіне Рахат Әлиев Интернетте жарияланған «КГБ офицері Әкежан Қажегелдин туралы мұрағаттың түпнұсқасына» сілтеме береді.
Ал Әкежан Қажыгелдин «Неміс толқыны» радиосына берген сұқбатында Рахат Әлиевтің үстінен сотқа шағым түсірмейтінін айтады. Қажыгелдин «1 желтоқсанда Брюссельге бардым, мақсат - Еуропа Одағы арқылы Әлиевке іздеу салғызу болды» дейді.
Әкежан Қажыгелдин «Оның кесірінен мені әділетсіз түрде соттады, мұны өзі де таяудағы бір сұқбатында мойындады. Қазақстанда маған қарсы сотты билікте отырған Әлиев бастаған. Бірақ мен әзірше сотқа шағым түсірген жоқпын. Талап-арызды Әлиев жүрген Мальтада ма, Венада ма немесе Еуропа Одағының басқа бір елінде ме - қай жерге беретінімді әлі анық шешпедім» дейді.
Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаға қатысты Қажыгелдин мен Әлиевтің көзқарастарын салыстырудың өзі қызық. Жаңаөзен оқиғасы кезінде жоқ дегенде 16 адам қаза болған. Рахат Әлиевтің пікірінше, бұл трагедияға кінәлі адам - ең алдымен Назарбаев. Әлиев 2011 жылы желтоқсан 22-сінде өзінің блогына «Бас қолбасшы, президент Назарбаев қарусыз азаматтарға оқ атуға берген бұйрық үшін жеке өзі жауапты» деп жазды.
«Бірқатар түзелмес қателіктер кеткен. Үкіметтің абсолютті жауапсыздығы. Мен аталмыш жағдайда президент жайлы аз сөйлеймін де, үкімет жайлы көп айтамын, себебі оны өзім басқарғанмын, біздің басымыздан да небір митингілер өтті, ондайлар кейін басқа үкіметтердің үш ұйықтаса түсіне де кірген жоқ, қазіргі үкіметті айтпасам да болады» дейді Әкежан Қажыгелдин.
ДАРИҒАНЫҢ БЕС ЖЫЛЫ
«Нұрбанк» ісі басталмай тұрған кездері Дариға Назарбаева күйеуі Рахат Әлиевпен араларындағы қарым-қатынасты «махаббат» деп атап, алғашқы кездесулерінің романтикасы жайлы айтып жүрді. Жұбайлар бір-біріне ғашық, мызғымас одақ құрғандай көрінетін.
Алайда ерлі-зайыптылардың арасына 2007 жылы мамырында сызат түсті. Өйткені Әлиевке қарсы қылмыстық іс қозғалды. Содан кейін-ақ аралары алшақтай берді. Сол жылы жазда Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев сырттай ажырасып кетті.
2007 жылы Дариға Назарбаева күйеуінен ғана айрылып қойған жоқ. Депутаттар тобының бастамасымен парламент тарап, депутаттық мандатынан да айырылды. Ол жаңа парламенттің құрамына өтпей, үлкен саясаттан тысқары қалды. Құдды бір қаһарға ұшырағандай болды.
Сарапшылар «Дариға Назарбаева енді не істейді екен?» деп түрлі болжамдар айтып жатқанда көзден таса өмір сүрді. Уақыт өте келе Дариға Назарбаева мен үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев «Нұрбанктің» ірі акционерлеріне айналды. Жұрт Рахат Әлиевтің активтері жай ғана оның отбасының басқа мүшелерінің иелігіне өтті деп жүрді.
Сол кезеңде Дариға Назарбаева саяси тақырыптар төңірегінде сөйлемей жүрді. Ол тіпті «ана мен әже рөлін» көбірек ұнататынын мәлімдеумен болды. Осылай барынша бейтарап болып жүріп Дариға саясат сахнасына жолдаманы қайтадан алды. 15 қаңтарда өткен парламенттік сайлаудың қортындысы бойынша Дариға Назарбаева «Нұр Отан» президент партиясының тізімімен мәжіліске өтті. Тіпті парламент комитеттерінің бірін басқаратын болды. Саясатқа қайта оралу үшін оған бес жыл қажет болды.
Дариға Назарбаева Рахат Әлиевке қатысты ешнәрсе айтпаса да, түбінде әкесін жақтайды. Ал жауласушы тараптар бір біріне дүркін-дүркін ақпараттық шабуылдар жасап жатыр. Жаңаөзен жөніндегі Дариға Назарбаеваның пікірі Рахат Әлиевтің пікірімен қайшы келді. Дариға әкесін қолдады.
«Мен үшін бұл оқиғадан жауапты адамдардың біліксіздігі мен жағдайды бетімен жібергендігі, аталмыш өңірдің ерекшеліктерін, оның ішкі және сыртқы көші-қон процестерін ескермегендігі анық көрініп тұр» деді ол.
Көп ұзамай билік расында да кейбір екінші қатарлы шенеуніктерді жауапқа тарта бастады. Жаңаөзен тұрғындарын оққа байлап, мерт қылғандар қаруды заңға қайшы қолданған деп бірқатар полиция қызметкерлерін айыптады.