Балуан Нұрсұлтан
Балуан Нұрсұлтан Тұрсынов 1991 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Оның айтуынша, есімін әкесінің нағашысы қойған. "Нұрсұлтан Назарбаев президент болып сайланып жатқан кезде Нұрсұлтан деген есім өте танымал болған-ау, себебі біздің ауылда 1991 жылы туған оннан астам Нұрсұлтан болды" дейді балуан. Тұрсынов жеті жасынан бастап қазақша күреспен айналыса бастаған. "Әкем Шыңғысбек ағам екеумізді қазақ күресіне апарған. Бірақ қазіргі бапкерім Ерғазы Сағынаев әкемнен мені грек-рим күресіне беруді сұрап, өзі жаттықтыра бастайды. Он жылдан астам уақыт осы бапкеріммен біргемін. 1998 жылғы әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов те кеңесін беріп тұрады" дейді.
Нұрсұлтан Тұрсынов - грек-рим күресінен 58 килограмм салмақта 2014 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында алтын алған. 2015 жылы сәуірде Дохада (Катар) өткен Азия біріншілігінде күміс медаль иеленді. Алайда 2014 жылы Инчхондағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында 5-орынмен шектелді. "Азияның алтыны бар. Енді әлем чемпионатының жүлдесін алсам деймін. Кейін олимпиада ойындарында жүлде үшін бар күшімді саламын" дейді балуан.
Балуан Нұрсұлтан президент, я басшы болуды еш ойламағанын айтады. Оның бала күннен арманы күрес болған. "Әкем Шыңғыс Тұрсынов 40 жасына дейін қазақша күреспен айналысқан. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарды жеңген. Бес-алты жасымда әкем жеңген медальдарын әкеп мойнымызға ілетін. Әкем сияқты медаль алам деп армандайтынмын" дейді ол.
Нұрсұлтан 22-24 шілдеде Астанада өтетін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кубогына қатысады. Ол бұл жарысқа екі рет қатысып, екі мәрте қола медаль алған. "Бұл жарыстың деңгейі жоғары. Үшінші рет бұл жарыстан алтын алу үшін барамын. Осы жолы командаммен бірге Назарбаев турнирінің чемпионы болу мақсатым" дейді ол.
Нұрсұлтан бос уақытында әр ұлттың дәстүрімен және тарихымен танысқанды, тарихи кітаптар мен фильмдер көргенді ұнатады. "Шетелге сапарлар кезінде барған қаланы аралауға мүмкіндік көп бола бермейді. Сонда да уақыт тауып бір тарихи жерін көріп кетемін. Өзіме араб және шығыс елдерінің мәдениетін зерттеген ұнайды" дейді ол.
Балуан Нұрсұлтан есімін "сәттіліктің кілтіне" балайды. "Қашанда лидерлік позицияда болғанды қалаймын, бірде-бір спортшы жеңілісті қаламайды. Егер әлем чемпионатында, олимпиадада жүлде алсам, алдымен ата-анама, халыққа, президентке арнар едім" дейді ол.
Нұрсұлтан Тұрсынов (сол жақта): "Қазақстан құрамасының күрес базасы Шучинск қаласында орналасқан. Семейден бөлек Көкшетау аймағында көп боламын. Бүкіл халықаралық жарысқа осы жерде дайындаламыз. Дайындалуға мүмкіндік мол. Киім, тамақ тегін. Ұлттық құрама мүшесі ретінде мемлекеттен стипендия аламын. Семей қалалық спорт басқармасы да қаржылай көмек көрсетеді. Бізден нәтиже талап етіледі. Өмірімнің мәні - спорт және күрес".
Нұрсұлтан Тұрсынов (сол жақтан бірінші) үшін биылғы басты жарыс Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионаты болмақ. Ол ұлттық құрамамен бірге тамыздың соңында Колорадо-Спрингста (АҚШ) өтетін оқу жаттығу жиынына барады. Одан кейін 7-12 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін әлем чемпионатында олимпиада жолдамасына таласады.
Нұрсұлтан Тұрсынов: "Әр күнімнің жеті-сегіз сағаты жаттығумен өтеді. Таңертең жүгірістен бастаймыз, кейін залда жаттығамыз. Көбіне табиғат аясында жаттыққанды қалаймын. Демалыс аз, себебі әрқашан форма сақтап жүру керек".