"Сорпамдағы ет талшығын шаш деп ойладым"

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген.

Қазақстанның әр аймағында түрме жазасын өтеген белсенділер қамауда өздеріне тиесілі мөлшерде тамақ ішпегендерін, берілетін ас-судың сапасы нашар екенін айтады. Құқық қорғаушылар мұны қамау мекемелеріндегі "жемқорлықтан" көреді. Ішкі істер министрлігі белсенділер мен сарапшылар сөзін жоққа шығарады.

"ТҮРМЕДЕН САУ ШЫҚПАЙСЫҢ"

2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай – 2012 жылы қаңтарда қамауға алынған, Қазақстанда тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі ​Владимир Козлов "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыпталып, сол жылы қазанда жеті жарым жылға сотталған. 2016 жылы тамызда ол Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шығып, содан бері апробацияда жүр.

Қамауда отырған төрт жылдай уақыт ішінде сегіз түрме мен екі лагерьде жазасын өтеген бұрынғы оппозициялық саясаткер "тамақтандыру әр түрмеде әр түрлі, бірақ ешбірінде сотталушы өзіне тиісті ас-суын алмайды" дейді.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген

- Тамақтандыру лагерьдің қандай режимде екеніне байланысты. Лагерьде "қара режим" болса, яғни жазасын өтеушілер түрме әкімшілігімен ортақ келісімге келсе, іштегі тәртіпті өздері қамтамасыз етеді. Сол үшін сотталушыларға белгілі бір деңгейде еркіндік беріледі. Мұндай режимде шамамен мың адамның үш жүзі ғана тамақ ішеді. Қалған тамақ "басқа жаққа" кетеді. Бұл қалыпты саналады. Себебі режим солай, - дейді Козлов.

Оның сөзінше, "әкімшілік берген еркіндіктің өтеуі - тамақ".

Владимир Козлов

- Ал әскерилер жазасын өтеушілерді өзі бақыласа, яғни "қызыл режим" болса, түрме әкімшілігі тиісті тамақпен қамтамасыз етуі керек. Бірақ нормада көрсетілген ас берілмейді. Көкөніс жоқ. Балық берілсе де, оның қайдан әкелінгені түсініксіз. Лагерьдегілердің 70 пайызы балық сорпасы берілген күні тамақ жемейді - иісі де, дәмі де нашар, - дейді Владимир Козлов.

Тамақтың бәрінде калория аз - көбіне арпа жармасы, тары ботқасы. Күріш, қарақұмық пен ұнтақ ботқасы берілген күн - мереке.

Тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісінің айтуынша, барлық түрмеде сапасы нашар азық-түліктен ас дайындайды.

“Түрмеде өсімдік майының орнына пальма майынан ас пісіреді. Ал ол зиян, бірақ арзан тұрады. Нан да жаңа піспеген, етті де тиісті мөлшерде бермейді. Тамақтың бәрінде калория аз - көбіне арпа жармасы, тары ботқасы. Күріш, қарақұмық пен ұнтақ ботқасы берілген күн - мереке. Ет талшық сияқты. Түрмеде бірінші рет асханаға барғанымда сорпамда шаш жүр деп ойладым. "Шаш емес, етті солай бөліп тастаған" деп кейін түсіндірді. Бұл - барлық түрмеге ортақ құбылыс" дейді.

Қамауда отырған уақытта Козлов "тамақтың нашарлығын айтып” шағымданбаған, себебі "лагерьде шағымдану деген түсінік жоқ".

- "Қызыл режим" кезінде шағымдануға болар. Бірақ "қара режимде" түрме әкімшілігімен келісіп алған "беделді" жазасын өтеушілер басқарады дедік қой. "Тамақ нашар" деп шағымдана бастасаң, әлгілер сені ұялтып, "брынза" (түрмеде тамақты осылай айтады - ред.) үшін шағымдану дұрыс емес" деп, өзіңе қысым жасайды, - дейді ол.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген

Белсенді Facebook желісіндегі парақшасында "Петропавлдағы лагерьге 96 келі болып кіріп, бір айдан кейін салмағы 78 келі болғанын жазған. Азаттық тілшісінің "Бұлай салмақ тастауыңызға тамақтың нашарлығы әсер етті ме?" деп сұрағына "Жоқ, жүйкеге түскен салмақтан аздым" деп жауап берді.

- Бірақ тамақтың да үлесі бар. Ас-ауқаттың нашар болғаны иммунитетке әсер етеді. Лагерьде бойыңа қуат беретін құнарлы ас жоқ. Иммунитет әлсіреген соң аурулар да асқына бастайды, - дейді оппозициялық белсенді.

"Түрмеге сап-сау адам болып кіргенін" айтқан Козлов "екі рет грыжаға ота жасаттым, өтімде 9 сантиметрлік тас жатыр, асқазанымда полип бар, жамбас, тізе буындарыма операция жасау керек. Түрмеден адам сау болып шықпайды" дейді.

"ТАМАҚТАН ШЫБЫН ТАУЫП АЛАТЫНБЫЗ"

"Түрмеде дұрыс тамақтанбағаннан денсаулығым нашарлады" деген белсенділердің бірі – "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастыруға қатысты" деген айыппен 2017 жылы ақпанда қамалып, сол жылдың қыркүйегінде босап шыққан журналист Жанболат Мамай. Ол Алматыдағы ЛА-155/18 (СИ-18) түрмесінде отырған. Журналистің сөзінше, ауқаттың нашарлығынан панкреатитке (ұйқы безінің қабынуы - ред.) шалдыққан. Мамай түрмедегі тамақтан шаш, шыбын тауып алған кездер жиі болғанын айтады. Оның сөзінше, "билік бекіткен нормаға түрме әкімшілігі мән бермейді".

Жанболат Мамай сотта отыр. Алматы, 21 қазан 2017 жыл

- Төрт уақыт тамақтандырды. Таңертең сұлы, жүгері не ұнтақтан жасалған быламық ботқа береді. Түске таяу, 11.00 шамасында, шұжық, май, нан беріледі. Кейде айран таратады. Оның мерзімі өтіп кеткен болады. 13.00-де түскі ас таратылады – ішінде ет болмайды, бәрі жабысып-жабысып қалған, қалай болса солай дайындалған тамақ. Сасып кеткен ет беретін кез болды. Кешке таңертең жеген ботқаңды жылытып қайта береді, - дейді журналист.

Мамайдың сөзінше, тамақтың нашарлығына байланысты шағымдарға жауап болғанымен, нәтижесіз.

- Ішкі істер министрлігіне қарайтын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен тексеріс келеді. Тамақты аз уақыт нормаға сәйкестендіреді де, шу басылған соң баяғы қалпына оралады. Бостандықты көрген адамға түрменің тамағын жеу оңай соқпайды, - дейді Жанболат Мамай.

"МАЙШАБАҚ, ҮНДІ ШАЙЫ ЖӘНЕ АСКОРБИН ҚЫШҚЫЛЫ"

Қазақстанда жазасын өтеушілер қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов 2014 жылы премьер-министр кезінде бекіткен қаулыдағы нормаға сәйкес тамақтандырылады.

Нормада бекітілген ас алуан түрлі - "тәулігіне берілуі тиіс" деген тізімде бірінші сортты ұн, көкөністің барлық түрі, оның ішінде тұздалған қияр мен қызанақ, қызылша, жеміс-жидек шырыны, кептірілген алма, "басы жоқ жас балық", майшабақ, пастерленген сүт пен 50 мг аскорбин қышқылы бар.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген

Ішкі істер министрлігінің Азаттыққа берген ресми жауабында "2017 жылы жазасын өтеуші бір адамды керегімен қамтамасыз етуге 890 мың теңге (шамамен 2400 доллар - ред.) жұмсалғанын" жазған. Адвокат Айман Омарованың ойынша, "бөлінген қаржы сотталғандарға жетпейді".

- Сотталғандар комиссия келгенде ғана тойып тамақ ішеді. Жазасын өтеу мекемелерінде тамақ нашар екені, сотталғандардың тиісті мөлшерде тамақ ішпейтіні айдан анық. Бірақ астың қалай беріліп жатқанын анықтау қиын. Адам не жеп, не жемегенін қалай дәлелдейді? - дейді ол.

Омарова "тамақ дұрыс берілмейді" деп шағымданған сотталушыны "түрме әкімшілігінің өзі ұрмаса да, басқа біреулер арқылы қысым жасап, оны қорлап, қосымша жаза тағайындайтынын" айтады.

- Оның үстіне түрмеде азапталып жатқан адам "менің тамағым нашар" деп айта ма? - дейді адвокат.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық сөйлескен құқық қорғаушылар – Евгений Жовтис, Бақытжан Төреғожина, бұрынғы саясаткер Владимир Козлов, адвокат Айман Омарова "түрмедегі тамақтың нашарлығын", "сотталушыларға бөлінген қаражаттың жетпеуін" осы саладағы "жемқорлықпен" байланыстырады.

Бірақ сарапшылардық бұл сөзін Ішкі істер министрлігі жоққа шығарады. Министрліктің Азаттыққа берген ресми жауабында "Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатқа сай жұмсалуын Есеп комитеті, Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудиті, Ішкі істер министрлігінің ішкі аудит департаменті және Бас прокуратура тексереді" деп жазылған.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген

Министрліктің мәлімдеуінше, 2017-2018 жылдары жазасын өтеушілерді тамақтандыруға бюджеттен бөлінген қаржыны жұмсауда заң бұзушылық деректері анықталмаған.

Қылмыстық заңнама жетілдіріліп, сотталғандарға медициналық қызмет көрсету, тамақтандыру жайы жақсарды.
Ішкі істер министрлігі

Бұдан бөлек, ресми жауапта "дайындалған тамақтың калориясына санитарлық-эпидемологиялық станция күнделікті тексеру жүргізіп тұрады, бақылаушы органдар тарапынан тамақ нашарлығына қатысты факті анықталған жоқ" делінген.

- Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар аясында қылмыстық заңнама жетілдіріліп, сотталғандарға медициналық қызмет көрсету, тамақтандыру жайы жақсарды, - деп жазылған министрлік жауабында.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, "соңғы 3 жылда абақтыларда сапасыз тамақтан ауырғандар болмаған".

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген

"КҮНІ БОЙЫНА БІР ҮЗІМ НАН МЕН БІР КЕСІМ ЕТ"

Алайда жұмысын Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл үйлестіретін ұлттық алдын алу тетігінің заңгері Михаил Кудрявцев "тамақтың нашарлығы туралы бірнеше рет шағым түскенін" айтады.

- Шағым, әсіресе, қамауда отырған адамды сот залына әкелгенде берілетін тамаққа қатысты. Ұстау камерасына я соттың жертөлесіне уақытша қамалған адамға күні бойына бір үзім нан мен ет қана беріледі, - дейді ол.

Айыпталушыларды сот залына әкелгенде "түскі ас пен кешкі тамағы ретінде қара нан мен бір кесім ет берілетінін" бұған дейін адвокат Гүлнар Жуаспаева да жазған. "Терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" ісімен ұсталған Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұлов адвокат жариялаған видеода "Тамағымыз – осы. Ит сияқты тамақтандырады" дейді.

"Түрме мен колонияда отырғандардан да тамақтың нашарлығы жайлы шағым түседі" деген Кудрявцев берілетін астың сапасы мен мөлшері сақталмағаны, сорпаның етсіз, тым сұйық болуы сияқты фактілер анықталғанын айтты.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген.

"БИЛІК ДИАЛОГҚА КЕЛМЕЙДІ"

Адам құқықтары жөніндегі уәкілден бөлек түрмедегі тамақ ахуалын "Халықаралық түрме реформасы" ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі де тексереді. Бірақ оған жазалау мекемесіне ескертпестен бару құқығы берілмеген.

Астанадағы ЕЦ-166/1 түрмесінде отырғандар "мекеме қызметкерлері азық-түліктерімізді негізсіз тартып алады" деген.

Ұйымның былтырғы есебінде "түрме әкімшілігі тарапынан көрсетілетін қысым", "азаптау" мен "адам құқықтарын бұзатын жағдайлармен" қатар "тамақтану нормасының сақталмауы" да жазылған.

Мәселен, Ақмола облысындағы Заводской ауылындағы ЕЦ 166/18 мекемесінде жазасын өтеушілер "тамақ нормасының сақталмауы мен түрме әкімшілігімен ымыраласқан сотталғандар тарапынан қысымға" шағынған. Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінде – уақытша тергеу изоляторында отырғандар "мекеме қызметкерлері азық-түліктерімізді негізсіз тартып алады" деген. Қарағанды тергеу абақтысындағылар (СИ-16) "ет беріледі, бірақ тамақ жиіркенішті" деп шағынған.

Азамат Шамбилов.

Ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов қазір түрмеде тамақтандыру жағдайы "ас-судың дұрыс болмауынан туберкулез бен басқа да аурулар өршіп тұрған 1990 жылдармен салыстырғанда біраз жақсарғанын" айтады.

- Бұрынғы түрме қызметкерлері мен дәрігерлер 90-жылдары науқастар аштан өлмесі үшін үйінен тамақ әкелген кездер болғанын айтқан. 2000 жылдардың басында сотталғандар өлімі жоғары болды. Қазір бұл жағдай шешілді. Бірақ ресурсты ұтымды пайдалану жағы әлі қарастырылмаған. Мәселен, кейбір аймақта нан жетіспей жатса, басқа түрмелерде нан артылып, тастауға мәжбүр, - дейді Шамбилов.

Ұйым директоры өздері берген кеңестерге Ішкі істер министрлігіне қарайтын Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "құлақ аспайтынын" айтады.

Қазақстандағы жазасын өтеу мекемелерінің бірінен көрнекі сурет. Суретті "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы кезекті тексеріс кезінде түсірген.

- Комитет соңғы екі жылда азаматтық қоғамнан бөлініп, ешбір диалогқа келмейтін болды. Комитеттің мұншалықты жабықтығына Ішкі істер министрлігінің құрамында болуы себеп. Бұл министрлік – әскериленген полициялық ведомство. "Мен – полицеймін, менікі дұрыс" деген полициялық ұстаныммен жұмыс істейді, - дейді ол.

Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бері Қазақстанда түрмедегілер саны 57 782 адамнан 44 пайызға азайып, 2018 жылы 32 512 адамға жеткен. Ішкі істер министрлігі сотталғандар саны "едәуір қысқарды" деп бағалайды. Бірақ "Халықаралық түрме реформасы" ұйымы "Қазақстан 2018 жылы түрмедегі адам саны бойынша ең көп елдер тізіміндегі 220 ел арасында былтырғы 48-орнында қалды" деген. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Түркіменстан, Чили, Беларусь және Танзаниямен қатар тұр.