Атыраудағы митинг талай адамды белсендіге айналдырған

Азаматтық белсенді Талғат Аян митингіде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

2016 жылы Атырауда жерге байланысты өткен митингіге қатысушылардың кейбірі «сол оқиғадан соң билік пен халықтың арасындағы алшақтық ұлғайып, қысым күшейіп, жазалау көбейгенін» айтады.

Қазақстанда жер мәселесіне қатысты бұдан бір жыл бұрын өткен халық наразылығы 2016 жылдың 24 сәуірінде Атырау қаласында басталған еді. Ондағы Исатай-Махамбет алаңына шеруге шыққан мыңдаған адамның бірі – 41 жастағы Шаттық Тәжкенова сол оқиғадан кейін жұмыссыз қалып, кейін азаматтық белсендіге айналған. Теміржол пайдалану депосының бұрынғы операторы – қазір түрмедегілердің құқын бақылайтын ұлттық превентивтік механизмнің Атыраудағы өкілі.

«ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ҰШЫРАҒАНДАРҒА КӨМЕКТЕСІП ЖҮРМІЗ»

Шаттық Тәжкенова Атырауда митинг болатынын азық-түлік алуға базарға барғанда естігенін айтады. Оның сөзінше, үйіне келгенінде 6-сыныпта оқып жүрген баласы ғұндардың ханы Мөденің жерін қорғау үшін көрші елге әйелін де беріп жібергенін айтып, өзінен «Ертең болатын жерді қорғау митингісіне барасың ба?» деп сұраған.

– Балама «барамын» деп жауап бердім. Сағат 11-де келгенімде алаңда адам мүлде аз болды. Түске қарай адамдар өте жылдам жиналып, олардың легі Сәтпаев көшесіне дейін созылып кетті, – дейді жиналған жұртты көріп шабыттанып, «күрделі мәселені шешуді осылай талап ете алады екенбіз» деп ойлағанын еске алған Шаттық Тәжкенова.

Шаттық Тәжкенова сот ғимараты алдында тұр. Атырау, 27 қазан 2016 жыл.

Ол Атыраудағы митингіде көзге түскен азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның «заңсыз митингі ұйымдастырды», «алауыздық қоздырды» және «көпе көрнеу жалған ақпарат таратты» деген айыптармен бес жылға сотталуымен келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, бұндай жағдайда алаңға жиналған халықтың бәрі жазалануы тиіс еді. «Өзім де еркімен барып қатысып, адам санын көбейіп, Боқаев пен Аянның істі болуына себепкер болдым» деп санаған Шаттық Тәжкенова олардың сот процестеріне қалмай қатысқан.

– Кейін сот процестеріне арнайы барып қатыстым. Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдірушілер сол жерде бір-бірімізбен танысып, әлеуметтік желіде топ құрдық, – дейді ол.

Шаттық Тәжкенова Боқаев пен Аянға қатысты сот процессі кезінде «сот әділетсіз өтіп жатыр» деп наразылық білдіріп, плакат көтеріп жеке пикетке шыққаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған еді. Қазір ол өзі сияқты бірнеше адаммен бірге түрмелерді бақылаушылар куәлігін алып, сотталушылардың құқығын қорғауға қатысып жүргендерін айтады.

– Жер митингісі біріктірген азаматтық белсенділер қазір тек қамаудағы Боқаев пен Аянның бостанығы үшін ғана емес, айналамыздағы кез келген әділетсіздікке ұшырағандарға күйіміз келгенше көмектесіп жүрміз. Өзімнің қалай құқық қорғаушы-волонтер болып кеткенімізді тіпті білмей қалдым, – дейді Шаттық Тәжкенова.

Жепрге қатысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

«ҮШ АДАМ ЖИНАЛСА, «МИТИНГІГЕ КЕЛДІҢ» ДЕП АЙЫПТАЙДЫ»

34 жастағы Ринат Исағалиев те – жер митингісінен соң құқық қорғаушыға айналған азаматтардың бірі. Ол Атыраудағы былтырғы митингіден соң әлеуметтік желілерде кең тараған видеолардың бірінде «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген жазуы бар плакат ұстап, ортаға шығып сөйлеушілердің қасында тұрған.

– Атырауда митинг болатынын Facebook әлеуметтік желісінің байырғы қолданушысы болғандықтан сол арқылы білдім. «Мен де барамын митингіге, қандай қудалау болса да шыдаймын» деп шештім. Бір досым екеуміз бірнеше плакаттар дайындадық. Алаңға туды да көтеріп бардым, – дейді ол.

Жерге қатысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жеке меншік компаниялардың бірінде өрт сөндіру қауіпсіздігін бақылаушы болып жұмыс істеген Ринат Исағалиев былтырғы қазаннан бері ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Ол сол митингідегі белсенділігінен соң полицияның қатаң бақылауын іліккенін, туыстары да жұмыстан шығарылып, қудалауға түскенін айтады.

– Інімді, әпкемді жұмыстан шығарды. Мен «Сорос» қоры құқық қорғаушыларды оқытатын естіп, өз құқығымды терең білу үшін соған бардым. Қазір тренингтің бірінші кезеңінен өттім. Содан соң құқығы мен мүддесі тапталғандарға бұрнығыдан да белсенді көмек беремін, – дейді ол.

Ринат Исағалиев жер митингісі азаматтық белсенділігінің артуына себеп болғанын айтады. Оның пікірінше, Атыраудағы былтырғы митинг елдің белсенділігін оятты. Азаматтық белсенді оны конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізу мәселесі көтерілгенде қарсылық білдіріп, қол қойған атыраулықтардың әркетінен байқағанын айтады.

– Құқық қорғау орындарының да белсенділігі мен қорқынышы артты. Олар биылғы сәуірде қаланы ерекше бақылауға алды. Үш адам жиналса, «митингке келіп тұрсың» деп айыптайтын болды. Біз оны 16 сәуірде абақтыдағы Талғат Аянның туған күнін атап өтуге жиналғанда тағы бір сездік, – дейді Ринат Исағалиев.

«ХАЛЫҚ ДИАЛОГКЕ ДАЙЫН, АЛ БИЛІК ӨЗГЕРМЕГЕН»

2016 жылғы 24 сәуірдегі Атырау митингісінің ең қарт әрі белсенді қатысушысы – 76 жастағы Оқиза Махамбетова «ол митингтен еш нәтиже шықпады» деп, жерге қатысты жарияланған бес жылдық мораторийге де сенбейтінін айтты.

– Көп түкірсе, көл. Сол митингіні ұйымдастырды деп абақтыға жабылған Макс Боқаев пен Талғат Аянды шығаруды дәл сол жолғыдай талап етсе, қол жеткізуге болар еді. Бірақ қорқыныш сейілген жоқ, – дейді Оқиза Махамбетова.

ВИДЕО: Оқиза Махамбетова жерге қатысты митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны

Зейнеткердің бұл пікірін құқық қорғаушы, «Заман» қоғамдық ұйымының жетекшісі Әсел Нұрғазиева да қолдайды.

– Сол митингіден соң жыл өтті. Бірақ үлкен өзгеріс болды дей алмаймын. Керісінше, елдегі адам құқығы бұрынғыдан да шектеле бастады. «Елдегі азаматтық қоғамда өзгеріс болады, азаматтардың құқығы сақталады» деген елес үміттің болғаны рас еді, – дейді ол.

Әсел Нұрғазиева бұл сөзіне Макс Боқаев пен Талға Аянды, қамауға алынған журналист Жанболат Мамайды, Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясы кәсіподағының белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты, құқығын қорғап аштық жариялағандары үшін 3 миллион теңгеден астам ақша төлеуге міндеттелген мұнайшыларды мысал етті.

– Халық бұның бәрінің әділетсіздік екенін көріп отыр. Былтырғы жер митингісі халықтың конструктивті диалогқа дайын екенін көрсетті. Ал керісінше басқа қалалардағы қуғындау биліктің өзгермейтінін байқатты, – дейді Әсел Нұрғазиева.

Құқық қорғаушы, «Заман» қоғамдық ұйымының жетекшісі Әсел Нұрғазиева. Астана, 10 желтоқсан 2013 жыл.

2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен наразылық акциясына қатысушылар үкіметтің жер реформасына қарсылық білдірген еді. Атыраудан соң мұндай шаралар Қазақстанның басқа да қалаларында да өткен. Бұл оқиғадан соң бір айдан кейін, мамырдың 21-інде елдің бірнеше аймағында өтеді деп хабарланған шерулер болмай қалған. Наразылық жиындарына қатысушылар мен ұйымдастырушылар жаппай ұсталған. Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян «заңсыз митинг ұйымдастырды, «алауыздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» деген айыптармен бес жылға сотталған. Тағы алты адам «билікті күшпен басып алуға үгіттеу», «жаппай тәртіпсіздік», «қылмысқа дайындалу» баптарымен айыпталып, үйлері тінтіліп, бірнеше күн қамаудан соң босатылған.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев митингіде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Шерулерден кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі «шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату» туралы даулы баптарға бес жылға мораторий жариялаған.