Оралдағы «Уральская неделя» басылымы тағы да сотқа тартылды. Шағым иесі «Западводхоз» «су тасқынына адам факторы себеп болды» деген пікірді жариялаған газетке наразы.
Шілденің 1-і күні Орал қаласындағы №2 аудандық сотта «Западводхоз» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының шағымы негізінде сот басталды. Шағым иесі «Уральская неделя» басылымының журналисті Алла Злобинадан сәуір айында жарық көрген төрт мақаладағы ақпараттарды терістеуді талап етіп отыр. Бұл іс бойынша екі жауапкердің бірі – бұрынғы су шаруашылығының маманы, оралдық зейнеткер Геннадий Фадеев.
БҰРЫНҒЫ МАМАННЫҢ БОЛЖАМЫ
Журналист Алла Злобинаның айтуынша, «Уральская неделя» басылымында жарияланған мақалаларда Оралда көктем кезінде болған су тасқынының себептері баяндалған.
Батыс өңірге су жайыла бастаған кезде газет редакциясына хабарласып, апат себебіне байланысты пікір айтқан тұрғындардың бірі – бұрын
«Западводхоз» су бөгенінде бас механик боп қызмет атқарған зейнеткер Геннадий Фадеев болған екен.
Ол тасқынның мол жауын-шашыннан емес, су шаруашылығы қызметкерлерінің салғырттығынан болып жатқанын айтады. Фадеевтің айтуынша, өңірдің су қорын реттеп отыратын Шаған су бөгенінде жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен бөгеннің суды бөгейтін төменгі бөлігін топырақ басып қалған. Көктемде қар еріп, ернеуі толған өзен суын әрі қарай жібермек болған кезде шлюз ашылмай, соның салдарынан төңіректегі елді-мекендер су астында қалған.
Геннадий Фадеев осы пікірі арнайы мақалада айтылған соң «Западводхоз» бұрынғы маман мен газетке өштесе бастады дейді журналист Алла Злобина.
«БАСЫЛЫМНЫҢ ЕШ КІНӘСІ ЖОҚ»
Алла Злобинаның айтуынша, мақалаларда тек Фадеевтің ғана емес, қарсы тараптың да, мемлекеттік орындардың да пікірлері берілген. Сондықтан «басылымның еш кінәсі жоқ» дейді ол.
– Яғни онда барлық жақтың пікірлері болған. Төтенше жағдай министрінің орынбасары, Төтенше жағдай департаментінің бастығының сөзі болды. «Западводхоздың» де өкілдеріне өз пікірлерін айтуға мүмкіндік бердік, – дейді Алла Злобина.
Оның айтуынша, мақала жарық көргеннен кейін Геннадий Фадеевке әртүрлі қоқан-лоққы жасалып, өз пікірінен бас тартуға үгіттемек болған, екі рет сабап кеткен. Осы жайттарға байланысты полицияға шағымданған кезде «дәлел жеткіліксіз» деп, іс қозғалмаған. «Бірақ ол мұнан кейін де өз пікірін өзгерткен жоқ» дейді Алла Злобина.
Бұл оқиға туралы Геннадий Фадеевке хабарласуға тырысқанымызбен, пікір алудың сәті түспеді.
Сотқа шағымданған «Западводхоз» мемлекеттік коммуналды кәсіпорнына да телефон шалдық. Алайда телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.
«МҰНДАЙ СПЕКТАКЛЬ КІМГЕ КЕРЕК?»
Мемлекеттік мекеме мен журналист арасындағы дауды бақылап, сотқа қатысқан оралдық жазушы Алпамыс Бектұрғанов бұл мәселеге қатысты өз ойын айтты.
– Бұлар, жергілікті билік, халық ештеңе білмейді деп ойлайды ғой деймін. Кәсіпорынның қателігін айтқан Дороткин деген кісі сонда 27 жыл жұмыс
істеген. Оны өз қолымен құрған. Бұдан бөлек, қаладан үлкен кісілер келіп, өз көздерімен көргендерін айтып отыр. Сонда су шаруашылығы неге сүйеніп отыр? Дәл қазіргідей қиын жағдайда мұндай спектакль кімге керек? Мұны сотқа берудің қандай қажеттілігі бар еді? – дейді Алпамыс Бектұрғанов шілденің 1-і күні Азаттық тілшісіне.
Ол жергілікті билік өзін сынаған тәуелсіз газеттерді немесе азаматтарды «қуғынға ұшырататынын» да сынға алды.
Сәуір айының басында Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандары мен Орал қаласындағы тұрғын үйлерді тасқын су басып, тоғыз мыңнан аса адам қауіпті аймақтан басқа жерге көшірілген еді. Су басқан аумақта екі адамның – жасөспірім бала мен ер адамның мәйіттері табылғаны хабарланған. Төтенше жағдай министрлігі бұл өңірдің табиғи апаттан 10 миллиард теңге зардап шеккенін мәлімдеді.