Оралмандар Тимур Құлыбаевтың кешірім сұрауын талап етеді

Тимур Құлыбаевқа наразы оралмандар жиынындағы плакат. Алматы, 4 қазан 2011 жыл.

Оралман жастар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басшысына «кінәсін мойындап, кешірім сұрау үшін» бір апта мұрсат берді. Кейбір азаматтар елде «оралмандарға қарсы әрекеттер» басталғанын айтады.

Қазанның 4-і күні Алматыда оралмандар, «Рух пен тіл» клубы жиын өткізіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаевтың оралмандар туралы айтқан сөзіне қатысты кешірім сұрауын талап етті.

ЕРЕУІЛ МЕН ОРАЛМАН

Тимур Құлыбаев қыркүйектің 29-ы күні Астанада Expert пікірталас клубының отырысында Жаңаөзендегі ереуілшілерді «Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар» деген еді. Ол бұл ереуілге жергілікті қазақтардың еш қатысы жоқ екенін баса айтқан.

– Егер ереуілшілердің жетекшілері туралы айтатын болсақ, ол жақта Алматыдан барғандар жетекшілік етіп жүрген жоқ. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар. Ол жаққа келетін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді, – деген еді Тимур Құлыбаев.

Қазақты «жергілікті» және «оралман» деп
Мұратбек Ораз. Алматы, 4 қазан 2011 жыл.

екі топқа бөлуге қарсы шыққан оралман жастар Құлыбаевтың сөзі намыстарына тигенін айтады.

– Тимур Құлыбаев ағамыздың тиісті түсініктеме беріп, кешірім сұрауын талап етеміз. Егер ол кісі кешірім сұрамайтын болса, заңға жүгінуге тура келеді. «Әлеуметтік араздық тудырды» деген айыппен шағымдануымыз мүмкін, – деді Қытайдан көшіп келген Мұратбек Ораз қазанның 4-і күнгі жиында.

«Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талапбек Тынысбек оралмандар елдегі кез-келген азамат сияқты мемлекеттің дамуына үлес қосып отырғанын, «билік өкілдерінің ойланып сөйлеуі тиіс екенін» айтты.

– Сол шетелден келген азғана ағайынның соңынан еріп, солардың сөзін сөйлеп, бүкіл билікке наразылық тудыртып отыр деген – әрбірден кейін біреудің күлікісін келтіретін нәрсе. Ашығын айтуымыз керек, мұнайлы
«Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талапбек Тынысбек. Алматы, 4 қазан 2011 жыл.

өлкені артымыздан ерткенді қойып, осы Алматының өзінде бес журналистің басын қосып, зорға жинаймыз. Сол тұрғыдан алғанда мұндай мәселелердің барлығы – араздық тудыру үшін әлдебір күштердің істеп отырған саясаты, – деді Талапбек Тынысбек.

Жиынды өткізушілер «Рух пен тіл» клубы атынан жазылған талап-хатты «Самұрық-Қазына» қорына бүгін жөнелтетінін, сотқа түсіретін арыздың да дайын тұрғанын айтты.

«САЯСИ САУАТСЫЗДЫҚ» НЕМЕСЕ «БӨЛІП АЛ ДА БИЛЕЙ БЕР»

«Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақым Айыпұлы Тимур Құлыбаевтың «Қазақстанның стратегиялық байлығының 70 пайызына басшылық етіп отырған» жай адам емес екенін, оның сөзі «саяси сауатсыздық» екенін айтты.

– Тимур Құлыбаев ол жерге (Жаңаөзенге – Азаттық) барып, ол жерде тұрған адамдардың барлығының төлқұжаттарын түгел тексеріп шықпаған
«Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақым Айыпұлы. Алматы, 4 қазан 2011 жыл.

шығар. Демек, сол Құлыбаевтың айналасында да қолтығына су бүркіп, осындай әңгіме айтатын адамдардың біразы республиканың биік деңгейлерінде жүргендігінен хабар береді, – дейді Рақым Айыпұлы.

«Қазақтану» қоғамдық қорының президенті Ибраһим Қошқари «бір-екі жылдан бері оралмандарға қарсы әрекеттер» қылаң бере бастағанын айтады.

– Мысалы, «Көші-қон туралы» заңының өзгертілуі, көші-қон агенттігінің қысқартылып, ішкі істер министрлігіне қаратылуы, онан кейін Қабылсаят (Әбішев – Азаттық) мырзаның «оралмандар сауатсыз» деуі, онан кейін Талғат Мамашевтің оралмандарға тіл тигізуі. Тимур Құлыбаевтың сөзін осы қатарда қарауға болады, – дейді Ибраһим Қошқари.

Ол «халықты бөлшектеп басқаруды» авторитарлы режимге тән тәсілдердің бірі екенін айтты.

– Жалпы авторитарлық режимде, дара билеушілердің бір саясаты болады. Халықты бөлшектеп басқару. Мәселен, «орыстілді – қазақтілді», «орыс –
«Қазақтану» қоғамдық қорының президенті Ибраһим Қошқари. Алматы, 4 қазан 2011 жыл.

қазақ» деп бөлді. Енді қалғаны «оралман – жергілікті» деп бөлу болды. Мен өзім – оралманмын. Оралман болғандығыма намыстанбаймын. Оралмандардың жергілікті халықпен діні бір, тілі бір, ділі бір. Бізді ешкім бөлшектей алмайды. Оралмандардың айрылып қалу себебі – тағдыр. Бізге қосылу орайы туған екен, ол орайды қолдан бермейміз, – деді Ибраһим Қошқари.

Ал Тимур Құлыбаевтың оралмандардан кешірім сұрар-сұрамасы әзірше белгісіз.

Сейсенбі күні «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметіне хабарласқан кезде хатшы қыз арнайы сауал жолдауымызды өтінді.