Саясаткерлер парламентті таратудың әртүрлі себебі барын айтады

Парламент мәжілісінің отырысы. Астана, 26 қазан 2011 жыл.

Парламент мәжілісінің депутаттары «парламентті тарату жөнінде жоғарыдан астыртын нұсқау келді» деген болжамды жоққа шығарады. Ал оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин «бұл тапсырманы берген Нұрсұлтан Назарбаев екеніне еш күмәнім жоқ» дейді.

Кеше парламенттің төменгі палатасын мерзімінен бұрын тарату жөнінде 53 депутаттың президентке жасаған үндеуін мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов оқып бергеннен кейін Азаттық радиосы саясаткерлер мен депутаттарды сөзге тартып, осы оқиға туралы сұрады.

«ОЛАЙ БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС»

Мәжіліс депутаты Дарья Клебанова үндеуге қол қойған 53 депутаттың бірі болып шықты. Ол бұл парламенттің қалай болғанда да дәл осы кезде тарағаны қай жағынан алғанда да тиімді болатынын айта келе, үндеудегі себептермен толық қосылатынын жеткізді.

Жоғарыдан нұсқау немесе әлдебір тапсырма болды ма деген Азаттық тілшісінің сауалына:

- Баланың сұрағын қойғаныңыз не? Олай болуы мүмкін емес, - деп күлді депутат Дарья Клебанова.

«ҮНДЕУ ТІЗІМІНДЕ МӘЖІЛІС СПИКЕРІ ЖОҚ»

Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева өзінің ешбір хатқа қол қоймағанын, «мына хатқа қол қойыңыз» деп те ешкім сұрамағанын айтады.

- Олар мәжілісті таратуға бес себепті көрсетіп отыр ғой. Соның ішінде,

Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева. Алматы, 12 қараша 2010 жыл.

келер жылы экономикалық дағдарыс бола қалған жағдайда сайлаумен әлек болмай, осы бастан шаруаны бітіріп тастайық деген уәждерімен келісуге болады, - дейді Айгүл Соловьева.

Сондай-ақ ол «мәжіліспен қатар мәслихат сайлауын да өткізіп жіберейік» деген Нұртай Сабильяновтың бастамасын да теріс көрмейді.

Оның айтуына қарағанда, мәжілісті тарату жөнінде бастама көтерген депутаттар әуелі бұл мәселені мәжілістегі жалғыз партия - «Нұр Отанмен» келісіп алуы керек еді. Бірақ олар келіспеген. Депутаттардың бір бөлігі өз беттерімен бастама көтерген.

– Егер бұл жоғарыдан келген нұсқау болса бастаманы мәжіліс спикері көтерер еді. Бірақ үндеу тізімінде спикер де, оның орынбасары да жоқ. Ал келесі мәжіліске өтетін депутаттардың тізімі жасалып жатыр деген қауесет бекер, - дейді Айгүл Соловьева.

«№23 ДЕПУТАТ»

Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев өзін-өзі таратуды сұраған үндеуге жиырма үшінші болып қол қойғаны айтып берді. Бірақ ол да бұл идеяның қайдан шыққанын білмейтінін, көптен бері айтылып жүрген нәрсе болғандықтан қол қоя салғанын айтады.

Бірақ депутат қол қоюды сұраған адамның кім екенін айтқысы келмеді, тек ол адам президент апппаратынан болуы мүмкін деген болжамды теріске шығарды.

Сондай-ақ ол «бұл бастаманы «Нұр Отан» партиясы көтерген жоқ» деген оймен де келіспейді. Өйткені Нұртай Сабильянов «Нұр Отан» партиясының бюро мүшесі. Оның үстіне, үндеуге қол қойғандардың бәрі де партия мүшесі.

- Бұл бастама төменнен шықты. Жоғарыдан айтылса да дұрыс емес, төменнен айтылса да ұнатпаймыз, сонда қайтеміз? - дейді Владимир Нехорошев.

«АЛДЫН-АЛА КЕЛІСІЛГЕН ҮНДЕУ»

«Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев «дәл қазіргідей уақытта бір партиялы партиямен отыру – нонсенс, мұның қоғамға да, билікке де пайдасы жоқ» деп санайды.

Ғани Қалиев парламентте кем дегенде қос партия болуы керек деген заң нормасын президент айналасындағы кейбіреулердің парламентте екі партия болуы керек деп айтып жүргеніне наразылығын білдірді.
Олардың түсінігінше, парламентте «Нұр Отан» мен «Ақ жол» партиясы ғана отыруы керек екен. Бұл да ақымақтық

– Олардың түсінігінше, парламентте «Нұр Отан» мен «Ақ жол» партиясы ғана отыруы керек екен. Бұл да ақымақтық, – дейді Ғани Қалиев.

Кезінде бірнеше рет депутаттыққа сайланған Ғани Қалиев депутаттардың әрекеттерін айта келе:

– Бұл бір партиялы парламент. Сондықтан депуттардың қай-қайсысы да өз партиясымен қайшылыққа барғысы келмейді. Менің ойымша, алдын-ала келісілген үндеу, – дейді.

Оның айтуына қарағанда, келесі мәжіліс сайлауы өз мерзімінде өтсе де, өтпесе де – «Ауыл» партиясы сайлауға қатысады және әділ сайлау өтіп, қасақана тобықтан қақпаса, бұл партия келесі мәжілістен орын алатын болады».

«АЛДАРЫНАН ЖАРЫЛҚАСЫН!»

Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов та өзі басқаратын партияның келесі сайлаудан сүрінбей өтеріне сенімді.

Президентке жолданған үндеуге қол қоймаған Ғани Қасымов «қол қойған депутаттарды өздері жасаған әрекеттеріне лайықты адамдар» деп санайды.

Келер жылы дағдарыс болуы мүмкін деген уәжді де Ғани Қасымов сынады:

– Халық бұларға сеніп отырғанда бұлардың дағдарыстан тұра қашатыны

Депутат Ғани Қасымов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.

қалай? Қиындықтын зәресі ұшатын мұндай депутаттарды аяудың қажеті шамалы!

Ғани Қасымовтың ойынша, депутаттар президент Назарбаевқа жолданған үндеуде көрсетілген алты себептің ешбірінде билікке не үшін келгені, кім әкелгені - қысқасы халық туралы бір ауыз сөз жоқ.

Ғани Қасымов үндеуге қол қойғандарға ғана емес, бір партиядан құралған барша парламентке:

– Алдарынан жарылқасын! Мұнан кейін парламенттен де, биліктің басқа тармақтарынан аулақ жүрсін, – деген тілегін айтты.

Ғани Қасымовтың сөзіне қарағанда «Нұр Отан» партиясы осы үндеуі арқылы өзінің әлсіздігін және оған жедел жәрдем керек екенін көрсетті.

«БІЗДЕ БІР-АҚ ЗАҢ БАР, ОНЫҢ АТЫ – НАЗАРБАЕВ»

Қазақстанның оппозициялық коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин парламент мәжілісін тарату жөнінде жоғарыдан нұсқау берілгеніне еш күмәнданбайды.

– Әйтпесе ешбір депутат мерзімінен бұрын парламентттен кеткісі келмейді, – дейді ол.

Серікболсын Әбділдиннің сөзіне қарағанда «бұл әдіс – осыған дейін де талай рет сыннан өткен әдіс».

– Президент өз аппаратына тапсырма берсе болды, әрі қарайғы істі

Саясаткер Серікболсын Әбділдин. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.

аппарат өзі реттей салады. Керек адамдарды президент аппаратына шақырып алып, не істеу керектігін құлағына құйып жібереді.
Мұндай нәрсе Назарбаевтың рұқсатынсыз жасалмайды. «Нұр Отан» да Назарбаевтың партиясы. Депутаттарды тағайындайтын да Назарбаев. Бірде-бір депутатты халық сайлаған жоқ. Партиялық тізімді де Назарбаевтың өзі бекітеді. Бүгінде Назарбаев не істегісі келсе де оны қолынан қағатын ешкім жоқ, – дейді Серікболсын Әбділдин

Азаттық тілшісі мұның қаншалықты заңды екенін сұрап еді, Серікболсын Әбділдин аз ойланып тұрды да:

– Қайдағы заң? Бізде бір-ақ заң бар, оны аты – Назарбаев, – деді.