Азаттық тілшісі бюллетеньді топтап салғанға куә болды

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңа тұрмыс ауылындағы №374 сайлау учаскесіндегі дауыс беру. Қарасай ауданы, Алматы облысы. 15 қаңтар 2012 жыл.

Қаңтардың 15-інде Алматы маңындағы бір сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшісі бюллетеньдерді жәшікке топтап салып жатқан оқиғаның үстінен түсті. Оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру кезінде сайлау заңының өрескел бұзылғанын айтады. Прокуратура ондай арыз-шағымның ешқайсысы расталған жоқ деп мәлімдеді.

Жексенбі күні парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дауыс беру барысында сайлау заңының өрескел бұзылғаны туралы түрлі ақпараттар интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы тарап жатыр.

Сайлауға қатысқан шетелдік кейбір бақылаушылар бір сайлаушының бірнеше адамға дауыс беру үрдісін көптеп байқағандарын айтады. Ал бас прокуратура "қаңтардың 15-і күні сайлау заңнамасына қатысты түскен 18 арыз-өтініштің ешқайсысы расталған жоқ" деп хабарлады.

«ДАУЫСЫМДЫ НҰР ОТАНҒА БЕРДІМ! НАН ҰРСЫН!»

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы №374 сайлау учаскесінде бюллетеньді жәшікке топтап салып жатқан оқиғаның үстінен түскен Азаттық тілшісі болған жайтты видеоға түсіріп алды.

Мектептегі сайлау учаскесіндегі дауыс беретін жәшікке сайлау бюлеттеньдерін топтап салып жатқан қыз «Сіз не істеп жатырсыз?» деп сұраған Азаттық тілшісінің сұрағына «Қарт адамдардың орнына бюллетень салып жатырмын» деп жауап берді.

Сәлден соң осы жерге келген тағы бір ер адам да әлгі қыздың ісін қайталады. Журналисттің қойған сауалына бұл адам «отбасындағы тоғыз адам үшін» дауыс бергенін айтып, «дауысымды Нұр Отанға бердім, нан ұрсын!» деп ақталуға тырысты.

Азаттық радиосының тілшісі бейнетаспаға жазып алған сайлау заңына өрескел қайшы іс-әрекетті учаскедегі сайлау комиссиясы мүшелерінің арасында жүрген әйелдердің бірі «дауыс беруге келгендердің көбі сауатсыз, кейбірінің көзі нашар көреді» деген «уәж» айтқан болды.

Ал сол жерде отырған сайлау учаскесінің төрайымы (әрі осы сайлау учаскесі орналасқан орта мектептің директоры) бұл жайтты "байқамай, яғни көрмей қалғанын" айтты.

- Ол қыздарды дауыс беретін жәшік жанына тұрғызған ешкім де жоқ. Мүмкін біреулер көмектесіп жібер деп өтінген шығар, - деп жауап берді ол Азаттық тілшісіне.

ЕСКІ ДӘСТҮР

Қазақстандағы сайлауды бақылау үшін АҚШ-тан келген Сергей Грецкий сайлау учаскесінде бір сайлаушының бірнеше адам үшін дауыс берген оқиғалары көп екенін айтты деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

– Мен әлгі отбасылық дауыс беру дейтін көп жайттарды бақыладым, – деп мәлімдеген ол жексенбі күні баспасөз мәслихатында.

Бұны «советтік дәстүрден қалған ескі ән» деп атаған шетелдік бақылаушы «бір қызығы, сайлау комиссиясының мүшелері осы процесті тоқтатуды қажет деп таппады» дейді.

Кезектен тыс парламент және жергілікті мәслихат сайлауларының науқаны басталғаннан бері оның барысына мониторинг жүргізіп келген «Сайлау» қоғамдық бақылау коалициясы интернеттегі арнайы сайты жексенбі күні Астана уақытымен сағат 17-ден бастап ашылмай қалды деп хабарлады «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

– Әуелгіде сағат 11-ден бастап әлдекімдер осы сайттағы кез-келген деректерді жоққа шығарған жазулар жолдап, белсенді қимылдай бастады. Тіпті үдеп кеткен соң олардың жазғанын жарияламай қойдық. Сол-ақ екен, көп ұзамай сайтымыз ашылмай қалды, – дейді Бақытжан Төреғожжина.

Оның айтуынша, сайттағы ең соңғы деректер бойынша, сайлау учаскелеріне «әткеншек» әдісі бойынша дауыс беруді ұйымдастыру, сайлау бюллетеньдерін топтап салу, бақылаушылардың жұмысына кедергі жасау немесе оларды дауыс беріп жатқан жерге жолатпау сияқты 300-ге жуық дерек, сондай-ақ сайлау заңын бұзуға қатысты 2 мыңға жуық Twitter хабарламасы келіп түскен.

Жексенбі күнгі дауыс беру барысында сайлау заңнамасының бұзу әрекеттері көп жерлерде тіркелгені туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да хабарлама таратты.

ПРОКУРАТУРА ДӘЛЕЛ ТАППАДЫ

Қаңтардың 15-і парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауына дауыс беру барысында сайлау заңының өрескел бұзылғаны туралы түрлі ақпараттар интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы тарап жатыр.

- Сағат 15-тегі жағдай бойынша, прокуратура органдарына сайлау заңнамасының бұзылғаны 18 арыз-өтініш түскен. Заңдылықтың бұзылғаны туралы ақпарат расталған жоқ, - деп мәлімдеді Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков жексенбі күні Астанадағы брифингте.

Жексенбі күні Қазақстанда кезектен тыс парламент мәжілсі және мәслихат депутаттарының сайлауына дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7-де басталды. Дауыс беру кешкі сағат 8-де аяқталады.

Ресми дерек бойынша, 16 миллионнан аса тұрғыны бар Қазақстанда 9,3 миллион сайлаушы тіркелген.

Орталық сайлау комиссиясы Астана уақытымен сағат 18-ке дейін түскен мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда сайлаушылардың 66,9 пайызы, яғни 6 миллион 223 мың 525 адам дауыс бергенін хабарлады.