Багаевтың деректі суреттері қалай сақталған?

"Объективте: Қазақстандағы ашаршылық" фотосуреттер көрмесіндегі Дмитрий Багаев түсірген суреттер. Долинка, Қарағанды облысы. 29 мамыр 2018 жыл

1958 жылы қайтыс болған павлодарлық өлкетанушы фотограф Дмитрий Багаев қазақ даласындағы Ашаршылық және қуғын-сүргін жылдары түсірген деректі фотосуреттердің кейбірі сақталмаған. Олардың бір бөлігі автордың көзі тірісінде жойылған деген болжам бар. Қалған фотосуреттер енді баға жетпес ерекше жәдігерлерге айналған.

САҚТАЛМАҒАН СУРЕТТЕР ЖАЙЛЫ ДЕРЕК ЖОҚ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Долинкада ұйымдастырылып, келушілер жоғары бағалаған "Объективте: Қазақстандағы ашаршылық" деген деректі фотосуреттер көрмесін енді Екібастұзда жалғасатын болады. Оны біртіндеп өзге аймақ тұрғындары да көре алады. Өйткені Дмитрий Багаевтың мұражай-үйі қызметкерлері сирек суреттерді бүкіл Қазақстанда көрсетуді жоспарлап отыр. Мұражай қызметкерлері көпшілік өлкетанушы фотограф Дмитрий Багаевтың шығармашылығымен және оның өткен ғасырдың 1920-1930 жылдары өмір сүрген қазақтар өмірінен түсірген суреттерімен осылай таныса алады деп санайды. Кадрларда өткен ғасырда қазақ жерінде болған Ашаршылық кезіндегі адамдар бейнеленген. Мұражай қызметкерлерінің пікірінше, бұл - ерекше маңызы бар көрме.

Өлкетанушы фотограф Дмитрий Багаевтың мұражайы. Павлодар

- Дәл сол кезеңде, яғни Ашаршылық, репрессия жылдары түсірілген фотосуреттердің едәуір бөлігін көзі тірісінде Дмитрий Багаевтің өзі жойған екен. Өйткені үйін тінтіп, оларды тартып алуы мүмкін еді. Ондай суреттерді сақтауға болмайтын заман еді ғой. Дәл бұлай болғанын растайтын мәліметтер жоқ, мұның бәрін қаланың байырғы тұрғындары айтып отыр. Ол бала-шағасына кесірі тие ме деп уайымдаған, сондықтан суреттердің көбін тіпті үйінде де сақтамаған. Әлгі суреттерді таппай жүрміз. Бірақ байырғы тұрғындар мен өлкетанушылардың сөзіне қарағанда, фотографтың ондай суреттері болған, бірақ оларды өзі жойып жіберген сияқты, - дейді Багаев мұражай-үйінің маманы Надежда Майба.

Кезінде Павлодарда Дмитрий Багаев тұрған және шығармашылығын бастаған үй - қазір өлкетанушы фотографтың мұражай-үйі. 2001 жылы музей ретінде қайта жасақталған ғимарат 1904 жылы салынған. Ғимараттың көп бөлігі ағаштан салынған, сондықтан мұражай қызметкерлерінің оны жыл сайын жөндеуіне тура келеді. Мұражай экспозициялары үлкен үш бөлме мен 20 ғасырдың басында Багаев жапсарлас етіп салған, ал 2001 жылы жаңартылған фотопавильонда қойылған. Мұражай қызметкерлері "Багаев туралы естеліктерді сақтап, мұражай мен оның экспонаттарын күтіп ұстап, фотограф және оның мұрасына қатысты туралы бұрын беймәлім болған деректерді іздеп тауып, оларды насихаттауға тырысамыз" дейді. Бұдан бөлек, мұражай Дмитрий Багаев шығармашылығының ізбасарлары - қазіргі заман фотографтарымен бірлесіп жұмыс істейді.

Ашаршылық кезінде босыған адамдар. Дмитрий Багаев түсірген сурет

1884 жылы дүниеге келген Дмитрий Багаев жас кезінде Вятка губерниясынан Павлодар қаласына келіп, орнығып қалады. Мұнда ол жарты ғасыр бойы фотограф болып жұмыс істеген. Мұражай қызметкерлері "фотосуреттерді қандай тәсілмен шығарғанын көргенде қайран қалдық" дейді. Дмитрий Багаевтың жеке фотостудиясы болған. Ол суреттерді шынының үстіне қойып шығарған. Бұл фотосуреттердің сапалы болуына мүмкіндік берген. Қазір мұрағаттарда әлгі шыны пластиналар да сақтаулы тұр. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, өткен ғасырдың 1920-1930 жылдары Дмитрий Багаев көшелерді аралап, жолықтырған адамдарды, олардың тұрмыс-тіршілігін және тартқан азабын суретке түсіріп ала берген. Адамдардың ешқайсысы фотоға арнайы түспегенге ұқсайды. Кейбір адамдардың фотоаппарат алдында ұялып тұрғаны байқалады.

Мұражай үй ашу идеясы Багаевтың кіші ұлы Леонид қайтыс болғаннан кейін туған. Мұражай ғимаратының өзі - 19 ғасырдың аяғындағы мещандар тұрмысының тарихы мен архитектурасының ескерткіші саналады. Ресми дереккөздерде ол Павлодардағы жалғыз мемориалдық мұражай және өлкетанушы фотографтың құрметіне арналған Қазақстандағы бірден бір мұражай деп көрсетілген. Багаевтың мұражай-үйі 1942-1958 жылдары Дмитрий Багаев директоры болған Григорий Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы болып келеді. Өлкетанушылықпен ес білгелі айналысқан оның суреттерінің бір бөлігін үйінде - жеке мұрағатында сақтағалғаны айтылады. Дегенмен фотосуреттерінің көбі өзі директоры болған өлкетану мұражайында сақталған. Өлкетану мұражайы экспозициясының үлкен бөлігі - Багаев түсірген фотосуреттер.

"Объективте: Қазақстандағы ашаршылық"

- Біз мына ғимараттың өзіндік тарихын да анықтадық. Бұрын бұл Деров деген көпестің үйі болған екен. 1915 жылы Павлодарда алапат өрт басталыпты. Қалада көптеген үйлер түк қалмай өртеніп кеткен. Сондағы жалын мына ғимараттың шатырын да шарпыған. Көпес Деров (Артемий Иванович Деров – бірінші гильдия көпесі, меценат, 1856-1921 жылдары өмір сүрген – ред.) Павлодар тұрғындарынан өртті сөндіруге көмектесуін сұраған. Әуелде көмектесуден бас тартқан тұрғындар Деров қоймасынан спирт құйылған бірнеше күбіні домалатып шығарып, "мына өртті сөндіруге көмектескендерге қалағанынша спирт беремін" деген соң барып қана қайырылған. Киізді суға шылап, ғимараттың шатырына жапқан. Өртті сөндіргеннен кейін Деров тұрғындарды дастрхан жайып күткен, - дейді Қарағанды облысының Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының экскурсоводы Иван Кондрашов Азаттық тілшісіне.

БАГАЕВТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

Багаев мұражай-үйі өкілдерінің айтуынша, Дмитрий Поликарповичтің алты баласы – бес ұлы, бір қызы болған. Төрт ұлы майданда соғысқан. Қазір балаларының өзі бақилық болған. 2005 жылы қызы Валентина қайтыс болған. Мұражай қызметкерлері Дмитрий Багаевтың кейінгі ұрпақтарымен хабарласып тұрады. Багаевтың 70-ке тақап қалған екі жиені Екатеринбургте тұрады. Олар - қызы Валентинаның балалары. Шөбересі де сол жақта тұрады. Кенже ұлынан қалған немере қызы мен шөбересі Павлодарда тұрады. Ресейде тұратын немере қызы жуырда Павлодарға келуі тиіс. Дмитрий Багаевтың тағы бір немере қызы атасының еске алу кешіне Ресейден келіп кеткен. Азаттық тілшісіне Дмитрий Багаевтың Павлодарда тұратын 82 жастағы келінімен әңгімелесудің сәті түсті.

"Объективте: Қазақстандағы ашаршылық" фотосуреттер көрмесі. Долинка, Қарағанды облысы. 29 мамыр 2018 жыл

Римма Багаева – фотографтың 1998 жылы бүйрек рагынан қайтыс болған кіші ұлы Леонид Багаевтің жесірі. Көзі тірісінде әкесімен бірге жұмыс істеген Леонид Павлодар облысын аралап, деректі фотосуреттер түсірген. Қазір сол суреттер мұражайда тұр. Дмитрий Багаевтың кіші ұлы 60 жасқа екі ай жетпей қайтыс болған. Келінінің айтуынша, Дмитрий Багаевтің өзі жүрек дертінен қайтыс болған.

- Дмитрий Поликарповичті көзі тірісінде көре алмадым. Мен ол кісі қайтыс болған жылы түстім. Сондықтан ол туралы әкесінің ізін жалғастырған жұбайым Леонидтен естігенмін. Жұбайым соғыс ардагерлерін фотоға көп түсірген, олар мұражайда бар. Ол маңызды деген оқиғаларды қалт жібермей түсіретін,- дейді Дмитрий Багаевтің келіні Римма Багаева Азаттық тілшісімен әңгімесінде.

Римма Багаева жұбайы екеуі қазір Дмитрий Багаевтың мұражай-үйіне айналған үйде 30 жылдан аса тұрған.

- Кейін сол жерде фотомектеп ашуды ұйғарып, бізге орнына ақша немесе өзге баспана алыңдар деді. Қысқасы, бұл ұзаққа созылған хикая болған... Күйеуім қайтыс болғаннан кейін жалғыз өзіме жер үйдің тірлігімен айналысу қиын болды, сондықтан пәтерді таңдадық. Үй төрт жылдай бос тұрды. Бірақ журналистер араласып, жұрт кіріскеннен кейін ол жерден Багаевтың мұражай-үйін ашайық деп ұсынды. Мұражайды ашуға көмектескен жандардың бәріне ризамын, бұл қайткенмен естелік қой, - дейді Римма Багаева.

БАГАЕВТЫҢ ОТБАСЫ ТУРАЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР

2017 жылы Дмитрий Багаев туралы кітап жарық көрді. Оған өзінің естеліктері, мақалалары, есептері, күнделік жазбалары да енген. Мұражай қызметкерлерінің Азаттыққа айтуынша, оны павлодарлық архивист әйелдер әзірлеген. Олар Дмитирй Багаевтің, оның отбасы өмірінен қызық фактілерді тапқан.

- Ол кісінің Максим деген туған бауыры бар екен. Революциядан кейін Дмитрий Багаев одан хабарсыз қалып, хат жазбай кеткен екен. Архивистер кейін Максим Багаевтың Америкаға эмиграцияға кетіп қалғанын, қазір ол жақта ұрпақтары тұратынын анықтады. Архивистерге Дмитрий Багаевтың анасының есімін анықтаудың да сәті түсті. Ол кісінің есімі жайлы ұзақ жылдар бойы мүлде дерек болмаған еді. Анасының есімін тіпті Дмитрий Багаевтың өзі де естеліктерінде ешқашан жазбапты. Есімі Афанасия екен. Бұған қоса, ол кісінің жеке өмірінен түсірілген, бұрын еш жерде жарияланбаған фотосурет те табылды, - дейді Багаев мұражайының маманы Надежда Майба Азаттық тілшісіне.

Қазір Дмитрий Багаевтың жеке басына, отбасылық өміріне және шығармашылығына қатысты фотосуреттер топтамасынан тұратын фотоальбом дайындалып жатыр. Жыл сайын Дмитрий Багаевтың туған күні – 5 қыркүйекте мұражай-үйінде оны еске алу кеші өтеді.