Құқық қорғаушы түрмеге әлі кіре алмай жүр

Құқық қорғаушы Елена Семенова.

Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) жетекшісі Елена Семенова Павлодар облысындағы түрмеге тағы кіре алмады. Жуырда апелляциялық сот үміттендіретін шешім шығарған еді. Бірақ жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі өкілдері құқық қорғаушының түрмеге кіру құқығын қайта алатынына күмәнді.

Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы жетекшісі Елена Семенованың түрмелердің біріне кіріп, тұтқындармен жолығуға тырысқан кешегі әрекетінен ештеңе өнбеген. Қыркүйектің ортасында Павлодар облысының апелляциялық соты Семенова басқаратын ҚБК-ны заңсыз деп танудан бас тартқан сот шешімін күшінде қалдырған.

Құқық қорғаушы Елена Семенова енді өзі басқаратын ұйым мүшелерінің облыстағы түрмелерге кіруіне рұқсат беретін шығар деп үміттенеді. Оның айтуынша, түрмеге «қолыңызда апелляциялық сот қаулысы жоқ» деген уәжбен кіргізбеген, ал әлгі қаулыны ол соттан ала алмаған.

Қоғамдық бақылау комиссиясы құрамына жаңа мүшелерді енгізген Елена Семенованың әрекетін заңсыз деп тануды сұраған талап-арызды «Қылмыстық реформа және адам құқығы мониторингі комитеті» ұйымы төрайымы Светлана Ковлягина берген. Азаттықтың «Апелляциялық сот шешіміне қатысты кассациялық шағым түсіресіз бе?» деген сауалына ол әлі шешім қабылдамағанын айтты.

Павлодар түрмесінде отырған туыстарымен кездесуді талап етіп, абақты қақпасы алдында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің заң бөлімі бастығы Динара Иманғалиеваның Азаттыққа айтуынша, апелляциялық алқа шешімі Семенованы қолдағандықтан емес, талап-арызды тиісті талапкер бермегендіктен шығарылған. Талап-арызды Светлана Ковлягина емес, Павлодар облысында құрылған тағы бір ҚБК жетекшісі ретінде Наталья Ковлягина беруі тиіс екен. Иманғалиеваның айтуынша, облыстық прокуратура «заң бойынша, аймақта екі ҚБК қатар жұмыс істей алмайды» деп түсіндірген.

Елена Семенованың айтуынша, Наталья Ковлягина – Светлана Ковлягинаның қызы. Былтыр желтоқсанда облыста тағы бір ҚБК пайда болуына байланысты облыстағы түрмелер мен Павлодар қаласындағы тергеу абақтысына ҚБК-ның екеуі де кіре алмай жүр.

«Елена Семенова басқаратын ҚБК-ны заңсыз деп тану туралы арызды тиісті талапкер ретінде енді Наталья Ковлягина ғана бере алады әрі ол беруі әбден ықтимал. Ал егер Наталья Ковлягина мұндай талап-арыз берсе, азаматтық процестің қалай аяқталатынын болжай алмаймын» дейді Иманғалиева.

БАСҚА СОТ

Ал Елена Семенова қазір Павлодар қаласындағы тергеу абақтысына кіру құқығын қалпына келтіруді талап етіп жүр. Ол қыркүйектің 16-сындағы соттың Павлодардағы тергеу абақтысына қарсы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан сот шешіміне қатысты шағымданбақ. Семенова Павлодар қалалық сотынан тергеу абақтысы басшылығының өзі басқаратын ұйым мүшелерінің мекемеге кіруіне тыйым салуын заңсыз деп тануды сұраған. Павлодардағы тергеу абақтысына оларды 2015 жылдың аяғынан бері кіргізбейді.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару департаментіне екі ҚБК жұмыс істей бастағаны туралы хаттамалар жолданғанымен, Семенованың арызын қараған сотта әлгі мекеме өкілі тыйымның заңдылығын «аймақта бір ғана ҚБК болуы тиіс» деген уәжбен негіздеуге тырысты. Бұған қоса, тергеу абақтысы өкілі «СИЗО-ға кіріп және ол жерде отырған тергеуге іліккендермен жолығу тәртібі жазылған нормативті актілер жоқ» деп мәлімдеген.

Павлодар қаласындағы тергеу абақтысының сыртқы көрінісі. (Көрнекі сурет.)

Бұдан бұрын Павлодардағы тергеу абақтысына кіруге рұқсаты болғандықтан Елена Семенова бұл позицияның саяси астары бар деп санайды. Тергеу абақтысына кіргізбеу әрекетін ол тергеуге іліккен жандарға қатысты «азаптау және қатігез әрекеттерді» әлеуметтік желілерде әшкерелеген жазбаларымен байланыстырады.

Ол сотқа өзі де қатысқан Павлодар облыстық қылмыстық-атқару департаментінің заң бөлімі бастығы Динара Иманғалиева тергеу абақтысы басшылығының әрекетінде саяси астар бар деген айыпты жоққа шығарып, олардың Семенованы тергеу абақтысына кіруіне тыйым салуын заңды деп санайды. Иманғалиева «облыстық қылмыстық-атқару департаменті Елена Семенова мен ол басқаратын ҚБК-ға қатысты әлдебір сыңаржақ позиция ұстанбайды» деп мәлімдейді.

Павлодар облысы қоғамдық бақылау комиссиясы төрайымы Елена Семенова Қазақстанның демократиялық күштері саяси тұтқын деп атайтын диссидент ақын Арон Атабек сияқты тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған. Кей тұтқындар жұмбақ жағдайда қаза тапқаннан кейін әрі тұтқындардың қатігездікке қатысты шағымдарына байланысты Павлодар облысындағы түрмелер сынға іліккен.