Халықаралық құқық қорғаушылардың бұл жайлы ақпанның 9-ы "Жазба жарияламастан бұрын ойлан: Қазақстанда әлеуметтік желілердегі пікірін еркін білдіру кеңістігін жою" деп аталатын есебін жариялады. Баяндама авторлары биліктің Қазақстанды Орталық Азиядағы интернетке қолжетімділік деңгейі ең жоғары ел деп атап, елді "ақпараттық қоғам" ретінде көрсетуге тырысқанымен, ақпарат көздерінің қолжетімді болуын негізсіз шектеулер заң жүзінде бекітіліп, іске асырылып жатқанына назар аударған.
174 ЖӘНЕ 274 БАПТАР
Amnesty International есебінде қылмыстық баптар қолданылған оқиғалар жайлы баяндалған. Ондайларға қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздық тудыру") мен 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпаратты таратуды") бойынша жауапқа тартуды жатқызады.
Құқық қорғаушыларды билікті сынаған материалдарды таратқан немесе оларды талқылауға шақырған өзгеше ойлайтын жандарды үндемеуге мәжбүрлеу үшін 174-баптың жиі қолданылатыны алаңдатады. Оның айқын мысалы ретінде қазір түрмеде отырған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі аталған. Былтыр көктемде "жер мәселесіне" қатысты наразылықтар күшейген кезде екеуі Facebook желісінде ауыл шаруашылығы жерлерін жекешелендіру және оларды шетелдіктерге жалға беруге қатысты үкімет реформасындағы ұсыныстар жөнінде комментарий жазған. Даулы жер реформасына қарсы 2016 жылғы сәуірдің 24-сінде Атырауда өткен жаппай шеруге қатысқаннан кейін қоғам белсенділер Боқаев пен Аян мұндай митингілерге қатыса беретіндерін әлеуметтік желілерде мәлімдеген.
Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қарсы наразылық акцияларында әлеуметтік желілер үлкен рөл атқарды. Бейбіт акциялар ұйымдастыру үшін оларды белсенді пайдаланды. "Бұған жауап ретінде қазір билік Қазақстан тұрғындары сыни пікір білдіру және түрлі көздерден ақпарат алу құқығын пайдалана алатын кеңістік ретінде әлеуметтік желілерді "жабудың" амалдарына көшті" деп жазады Amnesty International баяндамасы авторлары.
2016 жылғы мамырдың ортасында "жер митингілеріне" қатысуға ниет білдірген 34 адамның қамалуын құқық қорғаушылар биліктің наразылық акциясына және жұрттың көшеге шығуына жол бермеу үшін мамырдың 21-іне жоспарланған шеру жайлы ақпаратты жасырып қалуды көздейтін амалы деп бағалайды. Сол күні Қазақстанның кей қалаларында митингілер өткізу талпынысына билік тосқауыл қойып, көшеге жиналғандарды күштеп таратып, адамдарды жаппай ұстаған еді.
Әлеуметтік желілерді "араздық қоздыру" үшін пайдаланды деген айыптау оқиғаларының ішінде қазақ халқын масқаралайды деп танылған кітаптан Facebook желісінде үзінді жариялағаны үшін 2016 жылдың басында белсенділер Ермек Нарымбав пен Серікжан Мәмбеталинге шыққан үкімді атайды. Бұдан бөлек, Facebook желісіндегі постары үшін "Антигептил" тобының (улы гептил отынын пайдаланатын ресейлік "Протон-М" зымыран тасығыштарын Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға қарсы шыққан) мүшесі Сәкен Байкеновтің екі жылға еркіндігі шектелген. Бұған қоса, Facebook желісінде Қазақстанды Ресей құрамына қосу идеясын қолдаған әрі билік "қазақтарды кемсітетін сөздер" деп таныған постар жариялағаны үшін Алматы тұрғыны Татьяна Шевцованың төрт жылға шартты жазамен сотталғаны да айтылады.
Есепте Қазақстандағы ұлттық превентивті механизм (ҰПМ) және Павлодар облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) мүшесі Елена Семенованың ісін де келтірген. Әлеуметтік желіде ол тұтқындарға қатігездік таныту оқиғалары жайлы ақпарат жариялағаннан кейін - 2015 жылдың аяғында оның үстінен 274-бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Елена Семенова қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ, бірақ құқық қорғаушылар мұны ҰПМ мен жергілікті ҚБК қалған мүшелеріне түрмелердегі азаптау және өзге қатігездік әрекеттер жайлы әлеуметке хабарласа, қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін екенін ескерту деп бағалаған.
ЗАРДАПТАРЫ
Қазақстандағы тәуелсіз журналистика үшін кеңістік ретінде әлеуметтік желілерді жабу ықтималдығы жергілікті құқық қорғаушыларды да алаңдатады. 2011 жылдың аяғында оппозициялық және тәуелсіз БАҚ-тар Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздіктер жайлы хабар таратқаннан кейін елде 2012 жылдан бастап ішінде веб сайттар да бар ондаған тәуелсіз БАҚ-ты жауып тастаған болатын.
Жұрт интернетте пікір айтуға қорқады, оның "араздық қоздыру" немесе "жалған ақпарат" тарату ретінде бағалануы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Тыйым салынған тақырыптар өте көп.
Қазақстандық медиа-сарапшы Диана Окремова үкіметтің саясатымен келіспейтінін әлеуметтік желілерде ашық мәлімдеген адамдарға қарсы әкімшілік қамау мен қылмыстық жазаны қолданудың жұрттың пікірін еркін білдіру құқығын шектейтін үлкен зардаптары болады деген қауіпті қостайды.
- Жұрт интернетте пікір айтуға қорқады, оның "араздық қоздыру" немесе "жалған ақпарат" тарату ретінде бағалануы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Тыйым салынған тақырыптар өте көп, - дейді "Құқықтық медиаорталық директоры Диана Окремова Азаттыққа.
174-ші және 274-ші баптарды әлеуметтік желілерде жарияланған постарға қатысты қолдануға байланысты медиа-сарапшы әр БАҚ-тың ерекшелігі ескеріліп, жауапкершілік әр түрлі болуы тиіс деп санайды. Бұған қоса, Диана Окремова бас прокуратураның өздігінен, сот рұқсатынсыз интернет провайдерлерді желілерде жарияланған "экстермистік" немесе қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін материалдарды бұғаттауға мәжбүрлей алатын құқығы барына назар аударады. 2014 жылы бұл өкілеттіктер "Байланыс туралы" заңда бекітілген.
Amnesty International есебі авторларының жазуынша, қазіргі кезде қылмыстық және әкімшілік санкциялар әлеуметтік желінің санаулы пайдаланушыларына ғана қолданылған, бірақ оларды қолдану фактісінің өзі жұртты "өз-өзін цензуралауға" мәжбүрлеп, Қазақтандағы пікір білдіру еркіндігіне мүлде жағымсыз әсер етеді. Сондықтан Қазақстан билігіне пікір еркін білдіру мен бейбіт жиын өткізу құқығын қорғауға қатысты халықаралық құқық пен ел конституциясына сәйкес міндеттемелер алғанын ескертеді. Билікті интернетте де, одан бөлек жерлерде де өз пікірін ашық айтқан сыншылардың үнін шығармау үшін әкімшілік және қылмыстық кодекстерді пайдалануды тоқтатуға шақырады.